• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 16 Шілде, 2019

Жемқорлықпен күрес жүйелі жүргізіледі

1828 рет
көрсетілді

Ашықтық пен әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру – қазіргі күннің басты талабы. Осыған бастайтын бір жол – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында бұл бағытқа ерекше мән беріп, кейін Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде нақтылаған 10 маңызды бағыттың бірін «Сыбайлас жемқорлықты жою» деп белгіледі. Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қаншалықты нәтиже көрсетті, алдағы жұмыстар қалай жүйеленбек? Осы туралы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Әбеннің пікірін сұрап білдік.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рә­­сі­­­мінде «Жем­қорлық – мем­­­­ле­­кет­тің дамуын те­жей­­тін ке­сел. Бұл қоғам­да­ғы өзара сенім­ге, жалпы мем­­ле­­кеті­­міз­дің қауіп­сіз­ді­гі­не қатер төн­діретін құ­бы­­лыс. Сы­бай­­лас жем­қор­­лық­қа қар­сы жү­йелі жұ­мыс жүргі­зе­­міз» деп осы ба­ғыт­қа баса мән бе­ріп отыр. Даму­дың жа­ңа ке­зеңіне қадам бас­қан мем­­ле­ке­тімізде жемқор­лыққа қарсы жұмыс қалай ұйымдастырылу керек деп ойлайсыз?

– Қазақстанның қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­саты Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған страте­гия­сымен жүзеге асырылады. Бұл стратегия Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаһандық стратегиясын іске асырудың мақсаттары мен міндеттеріне және Елбасы бас­тамашы болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы ст­ратегияны одан әрі инсти­ту­ционалдық нығайтуға басым­дық беріп отыр. Президент бірін­ші қыркүйекке дейін жем­қор­лықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын айтты.

Жемқорлықтың елдің іл­гері дамуына кері ықпалын ти­гі­зетіні – бұрыннан белгілі жайт. Біздің елде қоғамның бұл дерті­мен күреске айтарлықтай мән беріліп келеді. Бұл бағытта жем­қор­лыққа алып келетін себептерді зерт­теу маңызды. Осыдан шыққан қоры­тынды арқылы ғана алдын алу іс-шара­ларын әзірлеуге болады. Жалпы жемқорлыққа қар­сы күрес барлық салада жү­йелі жүр­гізілуі тиіс. Мы­са­лы, шенеуніктің еңбек­ақы­­сын көтеру – мәсе­ленің шешімі емес. Мем­лекеттік бас­қару жүйе­сін барынша ашық етіп, қыз­мет­керлердің таңдау бос­тан­­ды­ғын шектеу керек. Екін­­шіден, қоғамда жем­қор­­лыққа қарсы мәдениетті қалып­тас­тыру – алдын алу шара­лары­ның негізгі бөлігі. Егер біреу заңсыз ұсыныс жасаса, ол адамдар пара беруден бұрын полицияға хабарлайды деп қауіптену қажет. Бізде сыбай­лас жемқорлық жаппай қоғам­дық санада қалыпты жағдай деп саналатындықтан, бұл проб­лема әлі де өткір болып тұр. Үшіншіден, лауазымы­на немесе тағы басқа дәреже­лері­не қарамастан, барлық аза­мат­тарға қатысты мүлтіксіз сақ­та­латын қатаң, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы тиімді заң­дар­ды күшейту керек.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі бұ­дан бұрын ұсыныл­ған баға­лауы бойынша сыбайлас жемқор­лықтың салдарынан Қазақстан экономикасының жыл сайынғы ысырабы шамамен 3,8 млрд долларды құрады. Ал бұл – елдің жылдық бюд­жеті­нің шамамен 10%-ы. Агенттік квази­­мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың жиілеп кеткен фактілерін атап өтті. Квазимемлекеттік секторда тір­келген сыбайлас жемқор­лық қылмыстарының 55%-ы сатып алу шеңберінде жасалады.

– Президент азаматтық қоғамды дамыту үшін билік­тің жауапкер­шілігін арттыру қажеттігін айтып, мем­­ле­кет­ті басқару жүйесіне ерек­ше мән берді. Осы салада жа­са­латын реформалар мемле­кет­тік қызмет­шілердің пара­дан бойын аулақ ұстауға қан­ша­лықты ықпал етеді?

– Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы күресті күшейту ба­ғы­­­тын­­­дағы ал­ғашқы қадам­дар­дың бірі Прези­дент Қасым-Жомарт То­қаевтың Мем­лекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­­­­­қор­­­лық­қа қар­сы іс-қи­мыл агент­­­тігін екі жеке ведом­ст­во­­­­ға: Мем­лекет­тік қыз­мет іс­те­рі агенттігі және Сыбай­лас жем­­­қор­лыққа қар­сы іс-қи­мыл агент­тігі етіп қай­та құру ту­ралы шешімі болды. Мем­ле­кет бас­шысының тіке­лей ба­қы­лауын­дағы және есеп беретін мемлекеттік орган Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігін құрғаны халық ал­д­ын­дағы уәдесі – сайлауал­ды бағ­дарламасының бар­лық тармақтарын орындау­ға кіріс­кенін білдіреді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тарын жасағаны үшін мемле­кет­тік қызметшілердің дер­бес жауапкершілігін заң­на­малық тұрғыдан бекіту ма­ңызды әрі салмақты қадам бол­мақ. Бұл Заң сайлауалды бағ­­дар­­­ламаны жүзеге асыру жө­нін­дегі іс-қимыл жос­парына сәйкес осы жылдың со­ңына дейін бе­кі­тілуі және қабыл­дануы тиіс.

Халықаралық тәжірибе мемлекеттік қызмет жү­йе­сіндегі ашықтық пен әділ­дік сыбайлас жемқорлықты шек­тейтін тиімді құрал болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мем­ле­кеттік қызметшілер халық­тың әлеуетін көтеруге бағыт­талған бағдарламаларды жүзеге асыруда, әлеуметтік және эко­­но­­микалық процестерді шешу­де маңызды рөл атқа­ра­ды. Мәртебесі биік, жоғары мо­раль­­­дық-этикалық, тәртіптік нор­­ма­ларына берік, басты­сы ұлт мүддесіне, елге қыз­мет ет­е­­тін ерекше элита қалып­тас­­тыру қажет. Мемлекеттік қыз­мет­ші­лерді әлеуметтік қолдау жө­нін­дегі іс-шаралар ке­шенін әзір­леу жоспарланып жа­тыр. Осы бағыттағы жұ­мыс­­тың бірінші кезеңі биыл­ғы қыр­күйек айында аяқ­талады. Бұл – сыбайлас жемқорлықсыз қоғам орнатудың тағы бір қадамы.

– Ашықтықты, әділдікті қам­­тамасыз ету үшін елі­міз­де цифрлан­дыруға басым­дық беріліп отыр. Осы ретте жем­қор­лыққа қарсы күресті кү­шейту үшін блокчейн тех­но­ло­гиясын енгізудің бола­шағы қандай деп ойлайсыз?

– Қазақстан 2018 жылы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 180 елдің ішінде 124-орында тұр. 2017 жылмен салыстырғанда өз орнын үш сатыға жақсартты. Келтірілген деректен көрініп тұрғандай, баяу болса да жағдай біртін­деп жақсарып келеді. Оң өзгеріс­тердің қарқын алуы үшін ха­лық пен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматтарын енгізудің маңызы арта түседі. Сондай бастаманың бірі ретінде электронды үкі­мет тұжырымдамасын іске асы­ру­ды атар едім. Бүгінде бар­лық рұқсат беру құжаттары элек­тронды үкімет порталы ар­қылы беріледі. Бала­ларды бала­бақ­шаларға, мектептерге ор­на­ластыру, жоғары оқу орын­дары­на құжат тапсыру, элект­ронды кезек сияқты бір­қатар қызмет осы жүйе арқылы оң­тайландырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­ресте қазіргі зама­науи технология­лар­ды қолдану – маңызды құрал. Жү­йе­де ашық­тық болмаған кезде, әр­түрлі мәлі­меттер базасын­да айла-шарғы жа­­сау­ға мүмкін­дік туады. Блокчейн тех­­но­­ло­гиясын жымысқы әрекет­терге жол бермейтін айтар­лықтай қорғаныс деу­ге болады. Яғни, шенеуніктің, мем­­ле­кет­тік қызметшінің ақ­па­рат­ты өзі­нің ың­ғайына қарай бұрмалауына, база­­дағы мәліметтерді өзгертуіне блок­чейн тосқауыл қояды. Мысалы, құжат­тар­­дың күнін бұрынғы датамен белгі­леу келмеске кетеді. Бұл – бір. Екін­шіден, кез келген азамат үшін, мей­лі ол бақылаушы орган болсын, мейлі ол қарапайым халық болсын – бә­ріне ақпаратқа қол­­жетімділік қамтам­асыз еті­леді. Сон­дықтан блокчейн – жем­қор­лықпен күрестің тиімді тәсілдерінің бірі.

– Жан-жақты ақпарат бер­геніңізге рақмет.

 

Әңгімелескен Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»