• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Шілде, 2019

Кәсіпкерлік белсенділік неге төмен?

701 рет
көрсетілді

Бүгінде кәсібінің нәсібін көруге ниеттенгендердің біразы шағын және орта бизнеспен айналысқанды хош көреді. Өйткені соңғы жылдары бұл бағытқа мемлекет тарапынан жете көңіл бөлініп келеді. Қарастырылған жеңілдіктіктер де қыруар.

Солтүстік Қазақстан өңірінде 30 мың­­нан астам кәсіпкерлік нысан тір­кел­ген. Былтыр олар өндірген жалпы өнім мөлшері 600 миллиард теңгеге ж­етіп, өсім 3,6 пайызды құра­ған. Бар­лық салық түрлерінің 56 па­йызы осы саладан түскен. Алайда, тал­дау көр­сетіп отырғандай, шағын және орта биз­нес өкілдерінің 40 пайыз­дан ас­тамы сауда-саттықпен ғана шек­те­ліп жүр. Былайша айтқанда, сон­ша­­лық­ты маңдай терді, ерік-жі­гер­ді, ұйым­дас­тырушылық қарым-қабі­летті қажет ете қоймайтын алып-сату секіл­ді тірлікке байланып қалған тә­різді. Жеңілдетілген не­сие беретін биз­­нес­тің жүзден аса нұс­қасы бола тұра, көбіне сауда нүк­те­ле­рін ашуға ұмты­­лыстары түсінік­сіз. Кері­сін­ше, өнді­рісте еңбек ететін­дері – 4-5, ауыл шаруашы­лығында жүр­­ген­дері 20 пайыз ғана. Демек, бұдан күн­делікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік түрлерін өндіруге деген құлшыныс, талпыныс ширата түсуді қажет етеді деген қорытынды шығаруға болады.

– Елімізде жеңілдетілген несие бағдар­ламасына 600 миллиард теңге бөлінді. Ал облыста бар болғаны жар­­ты миллиард теңгенің төрт жобасы ғана мақұлданған. Бұл – мүлдем ма­р­­дым­сыз көрсеткіш. Мемлекеттік қол­­дау тетіктері жетерлік, мәселен, өт­­кен жылы тексерістер саны 30, биыл 10 пайызға қысқарды. Қызмет көр­сету үдерістері автоматтандырылып, жаңа технологиялар енгізілді. Со­ған қарамастан кәсіпкерлердің бел­­сен­ділігі әлі төмен. Қолдағы мүм­­кін­­­дік­тер жете пай­даланылып отыр­ған жоқ, – деген ай­мақ басшысы Құ­мар Ақсақалов биз­нестің дамуын те­жей­тін бірқатар ке­дер­гілерді атап көр­сетті. Солардың бірі көлеңкелі эконо­микамен ымырасыз күрес болып та­былады. Ақшалай тө­лем­дердің қыс­қаруы көлеңкелі бизнес пен жем­қор­лықтың азаюына біршама әсер ет­кені­мен, 5600 сауда орнының тек 1,5 мың­ында ғана посттерминал ор­на­­тыл­ған. Ай сайын 27 миллирд тең­ге мөл­шерінде еңбекақы түссе, 22 мил­­лиар­ды ақшалай өтеледі. Қол­ма-қол емес төлемдердің үлесі 16 па­йыз төңі­ре­гінде ғана. Жеке сектор иелері тап­қан табысты өндіріске ба­ғыт­тап, еңбек­ақыны өсірудің орнына қара­жат­ты да шығындарға қосып қояды. Барлық табыстың 83 пайызы, шамамен 403 миллиард теңге капиталды, басқа да залалдарды өтеуге жұм­салады. Ал салық пен жалақыға тек 10 па­йыз ғана бағытталады. Айыр­машылық 8 есе. Бұдан кейін табысты жасыру, салықтан жалтару сияқты келеңсіз жайттар белең алмағанда қайтеді?

Жиында Швецияда кәсіпкерлердің тек екі пайызы ғана қолма-қол ақшаны қолданатыны мысалға келтірілді. Да­мы­ған елдер Q-код арқылы да сау­да жасайды.

Мемлекеттік қолдаудың үлкен сұранысқа ие екенін мына цифрлар да айғақтайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жү­зеге асыру мақсатымен 2017-2019 жыл­дар аралығында 6,4 миллиард теңге бөлінген. Субсидиялауға, кепіл­ден­діру­ге, гранттық қаржыландыруға қарас­тырылғаны – 4,6 миллирд теңге. Осылай бола тұра, банктер бөлген қаржының 27 пайызы ғана шағын және орта бизнеске арналған. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын азаматтардан келіп түсетін бизнес-жоспарлар жоқтың қасы. Аққайың, Жамбыл, Тимирязев, Ақжар аудандары 3-4 жоба ұсынумен ғана шектелген. Уәлиханов ауданы соңғы он жылдың ішінде субсидиялау құралдары бойынша мүлдем іске кіріспеген. Өткен жылы 83 сол­түс­тікқазақстандық шаруаға тиісті суб­с­идия берілмесе, осындай оғаш жайт биыл да орын алған. Шал ақын ауда­нындағы іскер жан 23 миллион теңге қаржыны рәсімдей алмай біраз сергелдеңге түскен. Өкінішке қарай, мұндай бюрократтық кедергілер аз кездеспейді.

Келер жылдан бастап жүзеге асыры­­лат­ын үшінші индустриялан­дыру бағ­дарламасының басты ерек­ше­лігі сол, ендігі басымдық шикізат­тан мүмкіндігінше дайын өнім шыға­рып, сыртқы нарыққа жол аша­тын өндірушілерге көрсетіледі. Кәсіпкер­лер келісімде көрсетілген шарт-талап­тарды орындамаса, қаражат кері қайтарылатын болады. Жасыратыны жоқ, сөрелерде көздің жауын алатын азық-түлік, киім-кешек, жиһаз, электроника, тағы басқа заттар мен тауарлар облысқа сырттан жеткізіледі. Жылына 4,5 миллион доллардың құрғақ сүт әкелінеді. Аграрлық өңір екенімізге қарамастан, шұжық пен ет өнімдері де шеттен тасымалданады. Оның басты бір себебі өңдеуші кәсіпорындардың аздығына келіп тіреледі. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында білімдерін жетілдіріп шыққан ауылдықтардың төрттен бірі ғана өз кәсібін ашқан. Оның өзінде көбіне сауда-саттық сияқты жеңіл түрлерін таңдап алғаны байқалады.

Бескөл кентінің тұрғыны Жанат Ғаббасов үй құстарын сатып алуға қа­ра­жаты жеткіліксіз болып, мемле­кет көмегіне сүйенген. Қазір асыл тұқымды үйрек пен қазды өсіруді бір кісідей меңгеріп алған. Бастапқыда Башұртстаннан жеті түрлі құстың 2400 балапанын әкелсе, кейін тағы 2 мы­ңына тапсырыс берген. Мұндай жаңа­шылдықты қолдаушылардың қатары әзірге селдір.

Жасыратыны жоқ, сөрелерде көздің жауын алатын азық-түлік, киім-кешек, жиһаз, электроника, тағы басқа заттар мен тауарлар облысқа сырттан жеткізіледі. Жылына 4,5 миллион доллардың құрғақ сүт әкелінеді. Аграрлық өңір екенімізге қарамастан, шұжық пен ет өнімдері де шеттен тасымалданады. Оның басты бір себебі өңдеуші кәсіпорындардың аздығына келіп тіреледі. 

Тұрғындардың күнкөріс деңгейіне тікелей әсер ететін жалақының орташа мөлшері көңіл көншітпейтініне бірнеше мысал келтірілді. Былтыр бұл көрсеткіш 110 мың теңге болса, қазір 113 мың теңгенің маңайында ғана. Соңғы бірнеше жыл бойы елі­міз­де көш соңында келеді. Өнді­ріс са­ла­­сын­дағылар екі есе төмен ең­бек­ақы­ны қанағат тұтуға мәжбүр. Өңір құрылысшыларының орташа жал­ақысы – 125 мың теңгені құра­са, республикада 214 мың теңге. Жер­гілікті құрылыс көлемі артқаны­мен, нәтиже байқалмайды. Себебі, жеке компания басшылары тарапынан ешқандай нақты шаралар қабылданбайды. Дәл осындай көрініс ауыл шаруашылығында да қалып­тасқан. Қостанай, Ақмола облыстарына қарағанда өнімділік көбірек, ал жалақы деңгейлес. Бұл ретте ай­мақ басшысы мемлекет тарапынан көр­сетілетін қолдауды, атап айтқанда, шағын және орта бизнес өкілдері үшін салық амнистиясын ұтымды пайдалануды ұсынды. Салық амнистиясы бойынша 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Рақымшылыққа 733 заңды тұлға іліккен. Олардың жалпы сомасы 105 миллион теңге болатын өсімпұлы кешірілген. Соған қарамастан кәсіп­орындар жалақы жөнінен жарты мыңға жуық адамға 95 миллион теңге берешек. 2662 тұлғаның шотына 467 миллион теңге аударылмаған. 1900 жеке ұйым міндетті әлеуметтік сақтандыруға төлем жасамаған.

– Құрылыс саласына бөлінетін қаражаттың 70 пайызы облыс қазы­насына тиесілі. Құрылыс материал­дары мен еңбекақыға берілген қар­жы­ны өз пайдасына үнемдейтін басшылардың әрекетіне еш төзуге болмайды, – деген Құмар Іргебайұлы төмен еңбекақы тауар айналымына кері әсерін тигізіп отырғанын, сондық­тан оның өсімін жүйелі түрде қада­ға­лап отыратын ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Егістік алқаптары бірдей, ал еңбекақысы мен өнімділігі әртүрлі шаруашылықтарды мысалға келтірді. 3,9 мың гектар жері бар «Прометей-Агро» 4 мың гектар алқапқа астық өсіріп жүрген «Ключевоеге» қарағанда жалақыны 2,5 есе көп төлеген, өнімді 2 есе ар­тық алған. «Дайындық-Агро» мен «Черкасское-Агрода» 7 мың гектардан жер бар. Алғашқысының жұ­мыс­шыларына лайықты жалақы белгіленген. Соңғысында керісінше.

Шетін мәселенің бірі азық-түлік өнімдері мен азық-түлік емес тауар­лардың сапасына қатысты. Көр­сеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігіне бақылау департаменті жыл басынан бері сынамасы алынған 2 мыңнан астам тауарлардың бестен бірі халықаралық стандарттарға сай емес деген қорытынды берген. Бір айда ғана 400-ге жуық азық-түлік өніміне зерттеу жүргізіліп, 17 пайы­зы техникалық жарамсыз болып шыққан.

Қ.Ақсақалов кәсіпкерлердің әлеу­меттік жауапкершілігін, қоғамдық бел­сен­ділігін арттыру маңызды мін­дет болып қала беретінін, жаңа жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы төлеу, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға атсалысу олардың басты борышы екенін тағы бір еске салды.