Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 7:07
Төрт түлік иесін күтеді
Амангелді ауданы Қостанай облысының оңтүстігінде, шалғайда жатыр. Торғайдың кең даласы кешегі Кеңес заманында мыңғырған төрт түлік мал болатын. Алдымен ауылды тықсыра нарық келгенде жоспарлы экономикаға негізделген ауыл шаруашылығының тұралағаны жұрттың барлығына белгілі. Еліміздің экономикасы көтерілген бүгінгі күні ауыл шаруашылығына соны леп келді деуге болады.
Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 7:07
Төрт түлік иесін күтеді
Амангелді ауданы Қостанай облысының оңтүстігінде, шалғайда жатыр. Торғайдың кең даласы кешегі Кеңес заманында мыңғырған төрт түлік мал болатын. Алдымен ауылды тықсыра нарық келгенде жоспарлы экономикаға негізделген ауыл шаруашылығының тұралағаны жұрттың барлығына белгілі. Еліміздің экономикасы көтерілген бүгінгі күні ауыл шаруашылығына соны леп келді деуге болады.
Ол дамудың кепіліне айналған инновациялық-инвестициялық бағдарламаның ауыл шаруашылығына бұрылғандығынан көрінеді. Мемлекет бұл салаға ерекше назар аударып, шаруа жағдайын білетін адамдарға жеңілдікпен берілетін қаржы-көмекті пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, Амангелді ауданында зор мүмкіндіктер бар. Бұл жөнінде аудан әкімі Жансұлтан Таукеновпен біздің тілшіміз тілдескен еді.
– Жансұлтан Қоңыртайұлы, Амангелді ауданы экономикасының бүгінгі даму екпіні қалай?
– Ауданымыз облыс орталығынан шалғайда жатқанымен, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы көштен қалып отырған жоқ. Әңгімемізге дерек пен дәйекті тұздық ете сөйлер болсам, өткен жылы аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында өндірілген өнім 4 миллиардтан астам тенге құрады. Ауыл шаруашылығында 1778 адам еңбек етті, олардың орташа айлық еңбекақысы 45000 теңгені құрады. Шаруашылықтың барлық түрлерінде және жеке секторды қосып есептегенде ауданда 18500 бас ірі қара, 54545 бас қой-ешкі, 9393 бас жылқы, 74115 бас құс бар. Өткен жылы ғана ауданда 4240,5 тонна ет, 14184,3 тонна сүт, 4323,1 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Бұл мал шаруашылығында жеткен табыс. Ал егін шаруашылығында да қарап отырғанымыз жоқ. Былтыр 85987 гектар алқапқа түрлі дақылдар егілді. Әрине, оның басым бөлігі дәнді дақыл да, 805 гектары майлы дақылға тиесілі. 63,5 гектар жерге көкөніс егілді. Өткен жылғы қуаңшылықтан облыстың оңтүстік аудандарында астық шығымдылығы өте нашар болды, аудан бойынша 21000 гектардың егіні күйіп кетті. Негізі Амангелді ауданының топырағы облыстың солтүстік аудандарындағыдай егін үшін аса құнарлы емес. Сондықтан, жыл жаңбырлы болған жылдардың өзінде шығымдылық қара топырақты аудандармен салыстыруға келмейді, жерді көп өңдеуге, зиянкестермен күресуге шығын көп кетеді. Сондықтан, мал шаруашылығына басымдық береміз.
– Елбасы мал шаруашылығын дамытуға басымдық беру, көрші елге ет экспорттау керектігін айтты. Амангелді ауданы осы тапсырма үдесінен шыға ала ма? Кеңес Одағы жылдары облыс бойынша 1 миллион 468 мың ірі қара болды, бүгінде оның саны 398 мыңды ғана құрайды. Ал өзіңіз айтқандай, Амангелді ауданы малға қолайлы болғанымен, түлік басының көбеюі көңілге қона ма?
– Нарықтың алдындағы 90-шы жылдары Амангелді ауданында жиырма шақты кеңшар болды, соның әр бөлімшесінен басқа түлікті айтпағанда, 15 мыңдай ұсақ мал өретін. Бұл салыстыру өткенді аңсау емес, мал басын көбейтуге аудандағы мүмкіндіктің мол екенін еске салу ғана. Батпаққара өңірінде әзір өркенін жаяр өндіріс кәсіпорындарын көріп отырғанымыз жоқ. Жерасты байлығы болғанымен, ол әлі зерттеліп, белгілі экономикалық шешімдер жасалуға уақыт керек. Бұл жерді қашаннан мал тұяғы таптаған. Қазір аудандағы елді мекендерден сыртқа көші-қон тоқтаған. Мал ұстап отырған ағайынның жағдайы жаман емес. Жақында, аудандағы 12 ауылдық округтің барлығында тұрғындар жиыны болып өтті. Әр ауылға барған сайын тұрғындар сұранысын, қажетін сұрастырып отырдым. Сонда ауылдағы ағайын ұн жоқ, май жоқ демейді, ұялы телефон желісінің келуін, қолжетімді несиелер алуды сұрайды. Осының өзінен олардың әлеуметтік жағдайының жақсы екенін байқауға болады. Малының арқасында балаларына мамандық игертіп, оқытып жатыр. Қалалықтар мініп жүрген шетелдік жеңіл жүрдек көліктер де ауылдағылардан табылады. Мысалы, екі мыңға тарта адам тұратын Үрпек ауылдық округінде жүзден аса жеңіл көлік бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұның жартысы да болмайтын. Бәрі де қорадағы малының арқасы. Жалпы, ауданның әлеуметтік әлеуетін осал демес едім. Мектептер, фельдшерлік пункттер жөнделген, байланыс бар.
Қазір ауданда 2 миллион 250 мың гектар жер бар. Оның 1 миллион 800 мың гектары жайылым және шабындық жерлер. Осында келіп, мал өсіремін деген адамға бұл зор мүмкіндік. Мал өсіру үшін ең қажеті жер, яғни жайылым мен шабындық емес пе? Облыстың солтүстік аудандарында мал өсіруге жайылымның тарлық ететіні айтылып жүр. Өйткені, көп жерді егін алқабы алып жатыр. Малға ұзап жайылатын жайылым керек. Сонымен қатар, облыстың солтүстік аудандарында қыс маусымында мал қорада ұзақ тұрады. Ал, Торғай өңірі ықтасын, күнгей болғандықтан, мұнда мал қораға қараша айынсыз кірмейді, тіпті, кейбір жылдары шаруа желтоқсанда ғана ақырға шөп салады. Оған дейін мал сыртта жайылады. Жылқы қыс бойы тебіндейді. Көктемде наурыз айы аяқталмай-ақ мал өріске шығып кетеді. Даланың көгі малдың жалауына жарап қалады. Мұның өзі мал өсіремін дегеннің бейнетін де, шығынын да жеңілдетеді.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2015-2020 жылдар аралығында мал басын көбейтіп, Қостанай облысы жыл сайын Ресейге 4400 тонна ет экспорттауы тиіс. Сыртқа артатын еттің сапасы талапқа сай болуы керек. Осы іске Амангелді ауданы қандай үлес қосар еді?
– «Сыбаға» бағдарламасы мал басын көбейтудің жақсы жолының бірі дер едім. Амангелді ауданында бағдарлама жұмыс істей бастағаннан бері шаруалар 100 миллион теңгеден аса несие алып, оған 490 бас сиыр, 19 бас асыл тұқымды әулиекөл, қазақтың ақ бас бұқаларын сатып алды. Амангелді ауданының елді мекендерінде көшпей отырған ағайынның табыс көзі – қолындағы малы. Сондықтан, олар «Сыбаға» бағдарламасының жеңілдіктерін пайдаланып, қолдағы малды асылдандыруға және оның басын барынша көбейтуге тырысуда. Алдағы уақытта осы бағдарлама бойынша шаруалар тағы да 283 миллион теңгеден аса несие қаржы алып, оған биыл 214, келесі жылы 341, арғы жылы 341 бас ірі қара алып, өсіруді межелеп отыр.
Дегенмен, мал шаруашылығын дамытуға ірі инвесторлар келмей, жалғыз «Сыбағамен» бұл саланы сыбағалы ете алмасымыз анық. Сондықтан, мен тек облыстағы ғана емес, жалпы, еліміздің әр шалғайындағы қалталы, мүмкіндігі бар азаматтарды біздің ауданға инвестиция әкелуге шақырғым келеді. Торғай өңірі табиғатының мал шаруашылығына қолайлылығы туралы айтып өттім. Бұл салаға мемлекет тарапынан да зор қолдау болып отыр. Оның үстіне ауданға келіп, мал шаруашылығын дамытуға инвестиция құю тыңнан түрен салу емес. Оның ауданда жарқын мысалдары да бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпкер Руслан Сәрсенов Амангелді ауданындағы Үрпек ауылдық округіне қарасты Күлік елді мекенінде «Ұлы дала» шаруа қожалығын құрды. Оның инвестициялық жобасы 2016 жылға дейін толық қуатында пайда беретін болады. Руслан әзірге 150 жылқы, 100 ірі қара, 300 бас ұсақ мал алды, оларға қора-қопсы салды, алты пәтерлік үй тұрғызды. Осының барлығына 96 миллион теңге инвестиция құйды. Машина-тракторларын алып жатыр, қанша адамға жұмыс беріп отыр, адамдарға жағдай жасау үшін инфрақұрылым құрылысын да тоқтатпайды. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды.
Аталарымыз «мал баққанға бітеді» деген ғой. Инвестиция салған мал шаруашылығынан ешкім егін сияқты сол жылы пайдасын көрмейді. Қандай түліктің де толық қайтарымын үш-төрт жыл күтуі тиіс. Ал қазір малдың тірілей салмақтағы бағасы да жаман емес. Жылқы орта есеппен 350-360 мың теңге, ірі қара 250 мың теңгеге өтеді.
– Малдың өнімін өңдеуді ойластырмаса, тірідей сатып немесе етке өткізумен құрық ұстаған малшының маңдай тері құрғай қояр ма екен? Көрші Ресейдің Челябі облысында мың жылқы, екі жарым мың ірі қара, осынша қой өсіріп отырған қандасымыз Айдархан Қарсақбаев бір килограмм да ет сатпайды. Малдан түскен етті де, сүтті де дүкен сөресіне тегіс ұқсатып, жартылай өңдеп шығарады. Ай сайын Мәскеуге 15 тонна қымыз жөнелтеді. Торғай өңірінің шалғынына жайылған малдың сүті мен етін ұқсата алса, содан кем түсер ме еді?
– Дұрыс айтасыз. Торғайдың қымызын бренд жасауға болар еді. Соның барлығын ұқсатуға инвестиция қажет. Бие байлайтын кісілер жаз айларында қымызды судан босаған полиэтилен шөлмектерге құйып, Арқалыққа, Қостанайға, Астанаға қатынаған көліктерден беріп жіберіп жатады. Аудан орталығына әкеліп сатады. Оңтүстік облыстардан келіп, етке соятын малды тірілей артып әкетеді. Мұның барлығын өндірістік жолға қою үшін қалталы азаматтар, іс тетігін білетін кәсіпкерлер инвестиция салуы тиіс. Жер, жайылым, шабындық жетеді. Жылда облыстың өзге аймақтарының шаруашылықтары біздің ауданнан келіп, шөп шауып әкетеді. Мұның өзі байлықтың көзі емес пе? Мал шаруашылығына қажеттің бірі ауыз су мәселесі болса, оның жағдайы да біздің ауданда жаман емес. Өңірдегі Торғай, Қабырға, Сынтасты, Жалдама өзендері мал шаруашылығын дамытуға қолайлылық туғызады. Тіпті, осы өзендердің бойын жайлап отырған ауылдар көкөніс, бақша шаруашылығымен де айналысады. Оның көлемін өсіруге де болады. Қаржы тапсақ бұрынғы құдықтарды да қалпына келтіруге толық мүмкіндік болар еді.
Шаруашылықтың қай саласы да адам еңбегімен дамиды. Бір айта кетерім, біздің Амангелді ауданы шаруаның қолынан құрығы түспеген өңір. Ауылда өндіріс, кәсіпорын жоқ, күнкөріс көзі негізінен мал болғандықтан, ауылда тұрған ағайынның барлығы да шетінен шаруа. Малдың жағдайын жақсы біледі. Сондықтан, мал шаруашылығына инвестиция салған кәсіпкерге малшы табу да қиындыққа соқпайды. Ауылдарда 90-шы жылдары нашарлап кеткен ветеринарлық жұмыстар қайта жанданды. Қазір елді мекендерде мал ауруларына жол бермейміз. Тұрғындардың өздері де түсінген, бұрынғыдай ауру малды ұстап отыра бермейді.
– Кеңес Одағы кезінде айтылған бір анекдот еске түседі. Комсомолдық жолдамамен Ленинградтан бір жұмысшы Қазақстанға мал бағуға келіпті. Алдына бір отар қой салып береді. Әлгі ленинградтық малды өріске таңертең сағат 8-де шығарып, түсте екі сағат қамап қойып, кешке сағат 6-да өрістен айдап әкелген екен. Халқымыздың қанына сіңген шаруақорлықпен бақса, осыдан не бәрі жиырма жылдай ғана бұрын Торғай даласында қаптап өрген малды қалай қалпына келтірмеске? Бұл қазақ үшін алынбайтын қамал емес сияқты.
– Әрине, атадан келе жатқан құрығы әлі шаруаның қолында екенін шүкіршілікпен айтқым келеді. Сонау шалғайдағы өндірісі, кәсіпорындары жоқ ұлан далада ағайын қорадағы малына сенбесе неге отыр? Дегенмен, жекенің қорасындағы мал мен мал шаруашылығын өндірістік жолға қою екі басқа ұғым. Бұл үшін өзіңіз айтып отырған шаруақорлықтың үстіне ветеринарлық, зоотехникалық жұмыстарды да қалпына келтіру қажет. Шөпті техникасы дайын болған кезде емес, құнары кетпей тұрып, бабындағы кезінде орып, кептіріп, жинап алса, жемді булап берсе, оның құрамында минералдық тұздар мен витаминдерді түгендеп қадағаласа, сүрлем жасауды қалпына келтірсе неге болмасын. Мұның барлығын біз үйретпей-ақ, қаржы салған инвесторлар мамандардың арқасында өздері-ақ орнына келтіреді деп сенемін. Инвесторлар келсе, елді мекендердің инфрақұрылымы да жаңғыртылар еді. Мал тұқымын асылдандыруға алыстан арбаламай-ақ, облыстағы, республикадағы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардан ірі қараның солтүстіктің аязына, суығына төзімді, мәрмәр етті тонналап аударатын әулиекөл, қазақтың ақ бас сиыры тұқымдарын алуға болады. Торғайда жылқының Бірәлі жабысы деген тұқымы болған екен. Оны неге қалпына келтірмеске? Істің көзін тапқан кісіге дала түлегелі тұр.
– Ұлан-байтақ даланы шашырай жайлағанмен, құлындай шұрқырасып, тілімізде диалект, салтымызда ерекшелігіміз білінбеген қатықтай ұйыған халықпыз. Торғай даласы желдің өті, елдің шеті емес, шаруамызда да аса өзгешелік бола қоймайды. Оның үстіне бүгін озық технологиялар заманында өмір сүріп отырғанымызды ізденіс үстінде жүретін инвесторлар біз айтпай-ақ біледі. Ендеше, еліміздің қай шалғайынан болсын Торғай даласына мал өсіремін деп қаржы салған кәсіпкердің құрығы майланарына сіз кепіл, біз тілектес болып, әңгімені бітірейік.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы.