• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Шілде, 2019

Солтүстікқазақстандық әнші «Славян базары» фестивалінің жеңімпазы атанды

389 рет
көрсетілді

Жерлесіміз, Қазақстан Ұлттық арнасында өткен «Қазақстан дауысы» жобасының 1-ші және 2-ші маусымының, «Евразия» телеарнасында өткен Х фактор Қазақстан тележобасының 7-ші маусымының қатысушысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» фестивалінде гран-приді жеңіп алды.

«Славян базары» XXVIII Халықаралық  өнер фестивалі Витебскіде шілденің 11-15-і аралығында өтті. Осыдан төрт жыл бұрын «Славян базары-2015» халықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет гран-приді жеңіп алса, 2018 жылы Ернар Садырбай бірінші жүлдеге ие болған еді.

Болгария, Израиль, Қытай сынды 15-ке жуық мемлекеттен жиылған өнерпаздардың арасынан алға суырылып шыққан жерлесіміз Әділхан Макин 2 турда 178 ұпай жинап, үздік атанды. Өзінің кең диапазонды дауысымен, актерлік шеберлігімен дүйім жұрттың және қазылар алқасының жүрегін жаулап алған Әділхан «Витебск» телерадиокомпаниясының тілшілеріне берген сұхбатында жеңісін Қазақстандықтарға, жастарға арнайтынын айтты.  Ал, Ресей Федерациясының және Грузияның халық әртісі және «Славян базары-2019» фестивалінің қазылар алқасының мүшесі Тамара Гвердцители жерлесіміздің бойындағы талантына  сүйсініп, дұрыс таңдау жасалғанын атап өтті.

Әділхан Петропавл қаласында туған, осында мектеп бітірген.