• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2013

Ауыл дегенде несиенің жолы ауыр

308 рет
көрсетілді

Ауыл дегенде несиенің жолы ауыр

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 2:01

Бүгінде: «Осы жұрт несиенің несіне қызығады?» деп ешкімді жазғыра алмайсың. Тірліктің көзін тапқандар осы несиенің арқасында шаруасын дөңгелетіп, жұмыс орнын ашып, табысын еселеп жүр. «Күнім тез өтсін десең, несие ал» деген екен біреу. Шынында, несие төлейтін күннің демде, зу етіп келіп қалғанын білмей де қаласың. Сондықтан бұл қаржыға қол жеткізгендер қарап жатпайды. Ақшаны ақша табады. Әрине, Үкімет тарапынан шаруаларға, кәсіпкерлерге бұл мәселеде көптеген жеңілдіктер жасалған. Әйтсе де, ауылдағы кетпен шапқан диқан қауым әлі де осы несиеден несібесін айыра алмай отырған жағдайы бар. Не сиқыры бар екенін қайдам, әйтеуір, несиенің ауыл дегенде жолы ауыр. 

 

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 2:01

Бүгінде: «Осы жұрт несиенің несіне қызығады?» деп ешкімді жазғыра алмайсың. Тірліктің көзін тапқандар осы несиенің арқасында шаруасын дөңгелетіп, жұмыс орнын ашып, табысын еселеп жүр. «Күнім тез өтсін десең, несие ал» деген екен біреу. Шынында, несие төлейтін күннің демде, зу етіп келіп қалғанын білмей де қаласың. Сондықтан бұл қаржыға қол жеткізгендер қарап жатпайды. Ақшаны ақша табады. Әрине, Үкімет тарапынан шаруаларға, кәсіпкерлерге бұл мәселеде көптеген жеңілдіктер жасалған. Әйтсе де, ауылдағы кетпен шапқан диқан қауым әлі де осы несиеден несібесін айыра алмай отырған жағдайы бар. Не сиқыры бар екенін қайдам, әйтеуір, несиенің ауыл дегенде жолы ауыр. 

Оңтүстік Қазақстан облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтің айтуына қарағанда, 2009 жылдан бері қаржы институттары арқылы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 60 млрд. теңгеден астам несие қаржылары беріліп, 12,0 мыңға жуық ірі, орта және шағын жобалар қар­жыландырылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Нәти­жесінде, өткен жылы жалпы өнім көлемі 246,0 млрд. теңгені құрап, облыс республикада бірінші орынға шықты. Тамшылатып суару әдісі енгізілген алқап 21,0 мың гектарға жетіп, республикалық көрсеткіштің – 72, жылыжайлар көлемі 570 гектарға жетіп, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрады.

Бүгінде Оңтүстікте бас-ая­ғы­­ 18 несие серіктестігі жұмыс жасауда. Соңғы 7-8 жылда бірде-бір қосымша несие се­рік­тес­тіктері ашылмады. Тағы бір айтары, облыс­та 70 мың шаруа қожалықтары бар екендігін ескерсек, соның 3-ақ пайызы несие серіктестіктеріне мүше екен. Әрине, өткен жылы осы мекемелер 3,1 млрд. теңге несие беріп, 2011 жылмен салыстырғанда, несие көлемі 3,5 есеге артқан. Бірақ, бұл несиелер негізінен мал шаруашылығына берілуде, ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізу, ауылшаруашылық техникаларын алу, жылыжайлар салу, тамшылатып суару әдісін енгізу секілді басымды бағыттарға бар-жоғы 390 млн. теңге берілген. Бұл жалпы несиенің 12 пайызын ғана құрайды.

Ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мақсатында Оңтүстіктегі «Максимум» АИО»­ ЖШС («Ырыс» ШНҰ» ЖШС)­ соңғы екі-үш жылда­ мақта шаруашылықтарын «Қаз­Агро» ҰБХ» АҚ қаржысы есебінен несиелендіруде оң тәжірибе жи­нақтады. Нәтижесінде, өткен жылы 360,0 млн. теңге берілсе, би­ылғы жылы 1,0 млрд. теңге бөлу келісілді. Бірақ былтырғы жылы қаржы жылдық 2 пайызбен берілсе, биылғы жылы 4 пайызға көтерілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік келісім-шарт корпорация­сы» ҰК» АҚ несиелендіру бағ­дарламаларында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді жылдық 5 пайызбен несиелендіру қа­растырылған. Алайда, бұл қаржы тек екінші деңгейдегі банктердің кепілдігін ұсынған жағдайда ғана берілетіндіктен, бұл бағ­дарламалар ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге тиімсіз болып отыр. Содан болар, соңғы екі жылда бұл бағдарлама бойынша бірде-бір шаруашылық жеңілдетілген несие алмапты.

Оңтүстіктегі жайылымдық жерлер республикадағы жайы­лым­дық жерлердің 5 пайызын алып жатыр. Ал ірі қара мал басы – 15, ұсақ мал 21 пайызды құрайды. Бірақ мәдени жайылымдарды пайдаланатын және суармалы жерлері бар «Ірі қара мал экспортының әлеуетін дамыту» жобасына қатысушыларға репродуктор шаруашылықтар, бордақылау алаңдары бойынша 7 гектар, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 гектар жері болуын талап етеді. Шынын айту керек, осы талап шаруаларға қиын соғып тұр. Оңтүстікте қыс қаһары әрі кетсе, үш айға созылады. Күннің көзі жылт еткеннен мал жайылымға шығып кетеді. Одан бөлек жазы ұзақ болғандықтан, облыстағы мал азығын өндіруге пайдаланатын суармалы жерлерден маусымына 4-5 рет өнім алуға болады. Міне, табиғаттың осы кеңшілігіне байланысты бұл жақтың шаруалары жер мәселесінде жеңілдік жасалып, 7 гектар деген талапты мүлдем алып тастап, ал, екінші бағдарлама бойынша 3 гектарды 1,5 гектарға түсіру керек деп есептейді. Сондай-ақ, бордақылау алаңдарын ашу бойынша кемінде 500 бас ірі қара мал талабын 150-200 басқа түсіру қажет.

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың еншілес мекемелері жобаларды кепіл мүліктердің бағалау құнының тек 50 пайызы көлемінде ғана қаржыландырады. Яғни несие алушыға кепілге қойылған дүниенің жарты бағасы ғана беріледі деген сөз. Және мүліктерді тәуелсіз бағалаушылардың қо­рытындысынан кейін екінші мәрте тағы бағалау жүргізеді. «Осыған байланысты ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мақсатында, жобаларды кепіл мүліктің бағалау құнының 70-75 пайыз көлемінде қаржы­лан­дыру және мүліктерге қайта бағалау жүргізу қажетсіз деп са­наймыз. Сондай-ақ, «Ырыс» ШНҰ» ЖШС-ге несие қаржыны жылдық 2 пайызбен қалдыруды, көктемгі дала жұмыстарын жүр­гізу үшін екінші деңгейдегі банк­тердің кепілдігін сұрау шартын алып тастау қажет», дейді Қанат­бек Жолдасбекұлы.

Қалай айтсақ та, ауыл ша­руашылығы саласын несиелен­ді­руде бір серпілістің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, несиенің ауылға алаңсыз жол тартуын әлі де жетілдіре түсетін тұстары көп. Жоғарыдағы әңгіме бір басқарма бастығының емес, бүкіл оңтүстікқазақстандық еңбекқор шаруалардың айта алмай жүрген арманы, тілегі, мұңы екені сөзсіз.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.