Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, елдегі «қарапайым заттар экономикасының» әлеуеті әлі де дұрыс пайдаланылмай келе жатқанын айтқан-ды. Мемлекет басшысы әсіресе жиһаз, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өндірісіне айрықша мән беру керектігіне тоқталып, Үкіметтегі мүшелеріне осыны тездетіп қолға алуды тапсырды. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдаланып кәсібін өрге домалатқан қазақстандықтар аз емес. Олардың арасында өнімдерін Қазақстаннан бөлек Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіне тасымалдауды межелеген кәсіпорындар да бар. Елордалық Азамат Жағыпаров жиһаз өнімдерін шығаруды жолға қойған кәсіпкердің бірі. Ол өндірістік цехты 2012 жылы ашқан. Алғашқыда жұмысты 10 адаммен бастаған іскер жанның уақыт өте келе тапсырыстары ұлғайып, кәсіпорын құрамы қосымша 40 қызметкермен толықты. Мұнда жұмсақ, корпусты, металды және тағы басқа үлгідегі жиһаз шығарылады. Астаналық компания өнімдерін Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақтау және Петропавлдан бөлек елдің түкпір-түкпіріне жеткізіп келеді. Десек те кәсіпкер өнімге арналған шикізат бөлшектерін өзге мемлекеттен тасып жүр. Себебі мемлекетте жиһазды құрастыруға арналған шикізатты шығаратын бірде-бір кәсіпорын жоқ деген уәжі бар.
– Жылдық табысымыз 300 млн теңгеден асып түседі. Кірісіміз соңғы үш жылда артып кетті. Жұмыссыз отырған емеспіз. 50 адам еңбек етіп жүр. Әйтсе де жұмыс қолы жетіспейді. Сондықтан демалыссыз қызмет етуімізге тура келеді. Бұл жөнінде оқу орындарымен әңгімелескен едік. Алайда жастардың бұл салаға келгісі жоқ. Жалақы 200 мың теңгеден төмен емес. Соған қарамастан, кадр тапшылығы байқалуда. Өкінішке қарай, елімізде МДФ материалын өндіретін кәсіпорындар жоқ. Сол себепті шикізатты сырттан алдыртуға мәжбүрміз. Бұл қазақстандық жиһаз өндірушілердің бас ауруына айналған ортақ мәселе.
Өндірістік фурнитураның өзі көршілес мемлекеттердің өнімдері. Бізде дайындалатын жиһазға германиялық материал қолданылады, дейді А.Жағыпаров.
Ал Абылай Баянтаев жылқы төлін тасымалдауға арналған тіркеменің өндірісіне тыңнан түрен салғандардың бірі. Ол отандық ат спортының қарқын алуымен жылқы малын тасымалдайтын тіркемеге де соншалықты сұраныс көбейе түсті дейді. Әйтсе де жоғарыдағы пікірді ол да қуаттап, өнімге қажетті материалдарды басқа елден алдырып жүргенін атап өтті.
– Құрамдас бөлшектерді Ресейден және Германиядан сатып аламыз. Осылайша жұмыс істейміз. Бұдан бөлек жүк көлігі тіркемелерін де құрастырамыз. Көктемде үлкен тапсырыс алдық. Төтенше жағдайлар комитеті су сорғыш қондырғысына арналған 56 тіркемені сатып алуға келісті. Жуырда мемлекеттік бағдарлама бойынша байқауға қатысып, 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алдық. Ол соманы өндіріс жұмысын ілгерілетуге жұмсайтын боламыз. Өзбекстан және Ресейден хабарласып, біздің өнімге қызығушылық білдіргендер бар. Алайда, тапсырысты қабылдамай отырмыз. Неге десеңіз, ол үшін өндіріс көлемін ұлғайту керек. Мұны алдағы уақытта реттеу жоспарлануда, – дейді А.Баянтаев.
22 жасар Әлібек Назарбаев – ірімшік өндіру ісін қолға алған жас кәсіпкер. Оның шағын кәсіпорнында италиялық, франциялық және испаниялық үлгідегі 35 түрлі ірімшік әзірленеді екен. Мұнда жылына
9 мың тонна дайын өнім шығарылып келеді. Дәмі тіл үйіретін ірімшік ел астанасындағы мейрамханалар мен сауда нүктелеріне жеткізіліп тұрады. Дей тұрғанымен жас азамат өндірісті өрістету үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор деп есептейді.
– Тағы бір бөлімшемізді Алматыда ашуды көздеп отырмыз. Сол секілді бұл тізімде Шымкент қаласы да бар. Бизнесімді кеңейту үшін мемлекеттің қолдауы әсте қажет. Осы мақсатта субсидия алудың амалын ойластырудамыз. Өйткені өнім көлемін еселеу үшін маған қосымша қондырғылар алуға тура келеді. Ал оның құны арзан емес, – деген Ә.Назарбаев, айлық кірісі 3 млн теңгенің айналасын құрайтынын атап өтті.
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?Сандарды сөйлетсек, биылғы жартыжылдықта жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 16,7%-ға артыпты. Оның ішінде тоқыма бұйымдарының нақты көлемі 120,5%-ды, киім 108,4%-ды, былғары және оған қатысты өнімдер 97,2%-ды құраған. Мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сондай-ақ сыртқы киім өндірісін ұлғайту есебінен тоқыма және киім өндіру ісінде өсім байқалған. Десе де былғарыны өңдеу индустриясында аяқ киім өнімдері көлемінің төмендеуінен теріс динамика тіркелді. Айта кету керек, отандық өндірушілер нарықтағы орнын әдетінше мемлекеттік тапсырыс арқылы сақтап қалуға тырысуда. Дей тұрғанымен сарапшылар тұтынушылардың талабын ескеріп, заманауи үрдіске ілесе білу керек деп топшылайды.
– Неліктен Франция, Италия бұл бағытта айтарлықтай табысқа жетті? Себебі аталған индустрияның тынысын зерттеп, салаға білгір мамандарды жинақтай білді. Олардағы жеңіл өнеркәсіптегі үрдісті сән әлемінің саңлақтары, яғни стилистер қалыптастырады. Сәйкесінше түсетін табыстың көлемі қомақты. Міне, біз осыған дұрыстап мән бергеніміз абзал, – дейді Жас кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Айнұр Әмірхан.
1 трлн теңгеден асатын 1500-ге жуық жоба
Жуырда өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту Жобалау кеңсесінің жұмысы және Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы туралы баяндаған еді. Вице-премьер Жобалау кеңсесінің жұмысында 1 трлн теңгеден асатын сомаға 1500-ге жуық жоба бар екенін, бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30%-ын құрайтынын жеткізді. Оның ішінде 41 млрд теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданғанын және 280 млрд теңге болатын 166 жобаны банктер қарап жатқанын баяндады. Ж.Қасымбек соңғы айда мақұлданған жобалар саны 2 есеге артып, олардың дені тамақ, қызметтер, агроөнеркәсіп кешені және жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты екенін айтты. 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды,
63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. «Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін6,6 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек
Осы орайда Мемлекет басшысы айтқандай, «қарапайым заттар экономикасының» мүмкіндіктерін кәсіпкерлік қауымдастықпен бірге жіті зерттеп, талдаудың уақыты туғанын, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құруға да жол ашылатынын айтқымыз келеді.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»