• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Шілде, 2019

Халықаралық автошеру Атырауға келді

245 рет
көрсетілді

Бұл жай ғана автокөлікпен ел аралап қайту емес, – дейді «Зов предков-2019» экспедициясының жетекшісі Эрнест Ким. – Еуразия құрлығындағы жеті мемлекетті біріктірген гуманитарлық жобаның басты мақсаты – достықты дәріптеу. Мәдени-ағарту, білім, таным бағыттарында қолға алынып жатқан жақсы жетістіктерді жария ету.

9 шілдеде Мәскеудегі «Зарядье» саябағынан басталған халықаралық автокөлік экспедициясына қатысушы­лар Қазақстан шекарасынан өтіп, Атырау аймағына келді. Облыс орталы­ғындағы Достық үйінде қонақтарды шашу шашып қарсы алған шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ас­самб­леясы, «Қоғамдық келісім» меке­месінің ұжы­мы, Атырау қалалық әкім­дігінің, бұқара­лық ақпарат құрал­дарының өкілдері, этномәдени бірлестік мүшелері қатысты. 

– Қазақ елінің мұнайлы астанасы атанған Атырауда 80-нен астам этнос өкілдері тұрады, 19 этно­мә­дени бірлес­тік бар, – деді Атырау қала­сы әкімі­нің орынбасары Ұлықбек Тінә­лиев. – Бұл автошерудің мақсаты да елдер­дің арасын жақындатып, халық­ара­лық байланысты нығайту. Осы мақсат­­тары­ңыздың орындалуын, қайда барса­ңыз­дар да жолдарыңыз ашық болуын тілейміз.

Экспедицияға қатысушылар аты­нан сөз алған «Единство» журналының бас редакторы Александр Шин: «Екін­ші дүниежүзілік соғыс уақытында, депортация кезінде корей халқын бауырына басып, жақсылығын аямаған, төрінен орын берген қазақ елінің дархан пейілін ешқашан ұмытпаймыз. Сол қазақы қонақжайлылықты бүгін де көріп, сезініп отырғанымызға қуаныштымыз. Сіздердің ақ көңілдеріңіз жолымызға тілекші болады деген ойдамыз. Ұзақ сапарға бет алған бізге деген құр­мет­теріңізге алғысымыз шексіз», – деп риза­шылығын жеткізді. Автожорыққа 10 көлік қатысады. 

«Ресей халықтарының Ассамб­леясы», жалпыресейлік қоғамдық ұйымдардың бастамасымен жолға шыққан автошеру Мәскеу – Нұр-Сұлтан – Ташкент – Ұлан-Батыр – Пхеньян – Бейжің – Сеул – Мәскеу бағыты бойынша жүреді. Құрамында ресейлік және корейлік қоғамдық ұйымдардың басшылары, сая­хатшылар мен блогерлер, журналис­тер, фотографтар бар экспедиция жеті мемлекеттің 41 қаласында болады. Жетпіс күн бойы жолда жүріп, 15 қыркүйекте Мәскеуде аяқталатын сапардың сәтті болуын тілеген атыраулықтар жолаушыларды ақ батамен шығарып салды. Алда оларды 30 000 шақырымға жуық жол күтіп тұр. 

АТЫРАУ