• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Шілде, 2019

Мәрмәр етін өндіретін кешен

552 рет
көрсетілді

Щучье қаласында америкалық технология бойынша сиырдың мәрмәр етін өндіретін кешен іске қосылды. Ет өңдеуші кәсіпорын қайта құрылғалы бері өндірілетін өнім көлемі жылына 2 мың тоннадан 6 мыңға дейін ұлғайтылды.

Мұнда етті сүйектен айыру және қаптау желісіне жаңадан жабдық орнатылып, маусым айында бөлшектелген стейк (Skin Pack) өндірісі ашылды. Сонымен қатар еттің мәрмәрлік бірізділігін анықтауға мүмкіндік беретін қондырғы сатып алынып, етті сүйектен айыратын тағы бір желінің жұмысы жолға қойылды. Тағы бір айта кетерлігі, бір уақытта 1000 тоннаға дейін өнімді сақтауға қауқарлы Metro Cash & Carry дистрибьюторлық орта­лығы салыныпты. 

– Мал шаруашылығы – ата кәсіп болғандықтан одан түсетін кірістің мөлшері де соған сәйкес болуы құба-құп. Ал бүгінде аталған саланың ел экономикасы үшін ауқымы және маңыздылығы мұнай-газ секторынан кем емес, сондай-ақ оның дең­гейіне жетуге толық мүмкіндігі мен қау­қары бар деп есептеймін. Еліміздің құнарлы жері және бай дәстүрі, ет өндірушілердің әлемдік көшіне ілесе алатындығын айғақтаса керек, – деді Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев. 

Кәсіпорынның бас директоры Бейбіт Ерубаев, жаңа кешеннің ашылуы компания тарихындағы айтулы кезең екендігін әрі ол отандық ет индустриясына тыңнан түрен салатынына сенім білдірді.

– Қазір ішкі нарықтағы еттің 70%-ы қосалқы шаруашылықтардың үлесіне тиесілі. Осы ретте сапасы жоғары өнімді лайықты бағада сатып, жағдайды оң бағытта өзгерткіміз келеді. Басты мақ­сат – азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беру. Тұтынушы еш қоспасыз сапалы табиғи өніммен қамтылуы тиіс, – деп нақтылады KazBeef Group компания­сының бас директоры Б.Ерубаев.

Арқаның жазирасында кәсіпорынға тиесілі 120 мың гектар жайылымдық жер бар екенін айта кеткен орынды. Мұнда асыл тұқымды ангус және герефорд төлінің 5 мыңнан аса ірі қарасы жайылып жүр. Бұған қоса компания Зеренді ауданында қосымша 5 мың мал басты бордақылауға арналған орынды қолға алды. Оның үстіне биыл осы үлгідегі тағы бір алаңды іске қосу көзделіп, осы арқылы ірі қар­а­ның санын 15 мыңға жеткізу межесі тұр. Осылайша, ішкі нарықта өндіріл­ген мәрмәр етінің көлемі 6 мың тоннаға дейін жет­кізілмек, дейді ет өңдеуші кешеннің өкілдері. Аталған кәсіпорынның бас­ты артықшылығы – өндірілетін өнім FSSC 22000 халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі менеджементіне сәйкес келуінде жатса керек. 

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»