• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2019

Табысқа жетуге талпындырды

251 рет
көрсетілді

«KAZBRANDS» ҚҚ Қазақстандағы тәлімгерлік институтын дамытудың маңыздылығы туралы жобалық бағдарламаны ұсынған. Осыған орай еліміздің бірнеше өңірінен келген ең белсенді 80 жас көшбасшы мен тәлімгер Нұр-Сұлтанда бас қосты.

Жастар жылының аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік грант шеңберінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен «Өңірлерде жастарды ынталандыру жұмысын жүргізу үшін менторлардың 4 тобын барып оқытуды ұйымдастыру» атты  жоба жүзеге асуда.

«Елордаға еліміздің 4 аймағынан келген белсенді жастар, тәлімгерлік тұжырымдамасын үйреніп, Қазақстандағы тәлімгерлік институтының дамуын талқылау үшін бас қосты. Жастар лагері 4 күн жұмыс істеді. Мұнда дебаттар, семинарлар, тренингтер және жетекшілермен кездесулер өтті. Жобаның мақсаты жастарға өмірлік өз жолдарын табуға, кәсібилігін арттыруға, тұлғалық дамуы мен өзін-өзі тануларына менторинг әдісі (тәлімгер) арқылы қолдау көрсету, ментор қызметін атқара алатын ғалымдар, кәсіпкерлер, сарапшылар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары, кәсіпорын жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлермен өзара әрекет ету және тәжірибе алмасу әдісі арқылы қоғамдағы тәлімгерлікті дамыту. Сонымен қатар жоба жастарды табысқа жетелеуге, ынталандыруға, кәсіпқой болуға, құқықтық кеңес беруге және тәлімгерлердің көмегімен жеке басының дамуына ықпал етеді», дейді ұйымдастырушылар. 

Оқыту жұмыстарын тәжірибелі қазақ­стандық және халықаралық жаттықтырушылар мен жастар көшбасшылары өткізеді. Олардың қатарында Ғалия Нұрбекова, Мадина Белялова, Ғани Абадан, Илья Шмелев (Мәскеу), Жанна Ибраева, «Астана ТВ» телеарнасының тележүргізушісі Санди Сұлтан және де Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары бар. 

Іс-шара барысында өмірдің табысты траек­ториясын құруда, менторинг құрал­дары арқылы жеке даму мен өзін-өзі айқын­дауда жастарға қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктері қарастырылды, үздік менторлық тәжірибелерді пайдалану және құру мәселесі талқыланды. Жобаны іске асыру шеңберінде «KAZBRANDS» ҚҚ өңірлік кураторлар мен тәлімгерлер басшылығымен 4 өңірде 2 күндік жастар кемптері ұйымдастырылатын болады. Биылғы қараша айына дейін жастардың түрлі әлеуметтік санаттары үшін диалог алаңдары, семинарлар, тренингтер, кездесулер жұмысы жүзеге асады.  

Бұдан бөлек, өңірлерде жастар бойынша бірыңғай ақпарат жинауға және жастар ҮЕҰ арасында кері байланыс беруге мүмкіндік беретін интерактивті карта/платформа құру бойынша алда ауқымды жұмыстар тұр.

Рауан ҚАЙДАР, «Egemen Qazaqstan»