Бұған дейін де ауыл шаруашылығын ғалымдармен тізе қоса отырып дамыту мәселесі айтылған. Бір ғана мысал – құрылғанына көп бола қоймаған, аумағы 1,5 мың гектарды алып жатқан біздің «Оңтүстік агропаркі» инновациялық технологияларға, ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, өнімділікті үш есе арттырды. Яғни, ғылым мен ауыл шаруашылығын біріктіру нақты нәтиже берді. Бұл табысқа біз Егіншілік және өсімдік, Өсімдіктерді қорғау және карантин, су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп қол жеткіздік. Осындай интеграциялану арқылы агропаркте жерді тиімді пайдалануға болатынына көз жеткіздік.
Сондықтан еліміздің әрбір ауданында осындай агропарктер қажет. Жергілікті шаруалар ғалымдардың тәжірибесіне, жаңа технологияларға сүйене отырып, егістіктер мен бақшалардың өнімділігін арттырып, жерді тиімді пайдалануға қол жеткізеді. Керек кезінде кеңес алып тұрады. Сол кезде ғана ауыл шаруашылығы алға жылжиды. Құр бейнеттен тұратын ескі әдістерден бас тарту керек. Қазіргі таңда агробизнестің өзіндік құпиялары көп. Агробизнеспен айналысуды қолға алған еті тірі азаматтар осының бәрін білгені жөн.
Тұқымның, жердің сапасын жақсарту керек. Себілетін ұрықтарды сауықтырып барып қолданбаса, онда төгілген тер далаға кетеді. Қазір дүние жүзі органикалық өнім алу үшін барын салып жатыр. Ал бұл мәселеде біздің мүмкіндігіміз, әлеуетіміз өте жоғары. Тек соны пайдалана білу қажет. Егіс алқаптарында улы химикаттардың орнына биологиялық тәсілдер арқылы зиянкестермен, арамшөптер арқылы өте тиімді күресуге болады.
Ауыл шаруашылығын дамытудың 90%-ы техникаға тәуелді. Заманға сай технологияларды пайдаланып астықтың түсімін, көкөністердің өнімділігін әлдеқайда арттыруға болатынын көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы – басшылығының арасында сабақтастық жоқ жалғыз сала. Біз осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама қабылдап, қаншама уәде тыңдадық! Әрбір министр сол қабылданған бағдарламасының дұрыс екенін дәлелдеп бақты. Ал қазір қолымызда не бар? Құрғақ уәделер ме?» деп мәселені төтесінен қойды. Яғни, Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мемлекеттік қолдау талаптарының жиі өзгеруіне байланысты шағымдарының да орынды екенін айтты. Мысалы, Егістік күнінде 28 жылда 18 ауыл шаруашылығын қолдау тетігі өзгергенін, оның кері салдары туралы аграрлық бизнеспен айналысып жүргендер атап көрсеткен болатын. Мұндай өзгерістер субсидия алуда, дұрыс инновациялық шешім қабылдауда қиындықтар тудырып, агробизнестің тартымдылығы мен табысын төмендетеді, кәсіпкерлердің ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтатыны да рас.
Ең бастысы, аграрлық ғылыммен айналысуға ден қойған жастардың құлшынысы мен қызығушылығын жоғалтып алмауымыз керек. Ауыл шаруашылығындағы талантты жастарды қалайда осы салада ұстап қалу керек.
Абай САҒИТОВ, ҰҒА академигі, «Оңтүстік агропаркінің» директоры АЛМАТЫ