Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жартыжылдық көлемінде ел экономикасының өсімі 4,1 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялардың мөлшері 11,7 пайызға өскенін айта келіп, халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді шараларды одан әрі дамыту қажеттігін алға тартқан болатын. Бүкіл әлем экономикасын, Еуроодақтағы жағдайларды саралар болсақ, Қазақстанның қазіргі жағдайы жаман емес. Тіпті бір пайыздық өсімнің өзі жақсы көрсеткіш.
Біз макроэкономикалық көрсеткіштерді көбірек негізге алып жатамыз. Бұл ретте микроэкономикалық жағдайларға да аса мән беру қажет. Өйткені мұның артында адам капиталы, халықтың әлеуметтік жағдайы жатыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, халықтың экономикалық иммунитетін қуаттандыратын басты күш – салық. Меніңше, біздегі салықтың түсімі өз деңгейінде емес секілді.
Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлер. Иә, кәсіпкерлікті қолдауға үлкен басымдық беріп отырмыз. Алайда, олардың салық төлеу мәселесі әлі де толық жолға қойылмаған. Табыс табу бар да, соған салық төлеу жағы кемшін. Осы мәселе айрықша мән беруді қажет ететін жағдайлардың бірі.
Кәсіпкерлердің халық алдындағы жауапкершілігі қай деңгейде екеніне көбірек мән беретін кез келді. Біріншіден, жоғарыда айтқан салық төлеу мәселесі. Екіншіден, өзі шығарған өнімдерінің сапалы болуын қадағалауға, халық тұтынатын барлық тауарлардың жоғары сапа үдесінен шыға білуіне кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар жете мән беруге тиіс. Көптеген өндіруші компаниялар тексеріс тиісті дәрежеде болмаған соң тауар сапасына сылбыр қарайтынды шығарды. Айналып келгенде мұның астарында ұлт денсаулығы деген үлкен мәселе жатыр.
Қазір фермерлік шаруашылықтан келетін тауарлардың басым бөлігі түрлі қоспаларға толы. Тіпті алып мегаполис саналатын Алматының айналасынан тәуір сүт немесе ет өнімдерін сатып алудың өзі қиын. Мұндай проблема әрбір өңірде бар. Осыны басты назарда ұстап, қойылатын талапты барынша күшейтсек, экономикамыз өрістейді әрі халық тұтынатын тауарлар сапасы арта түседі.
Дамыған индустриясыз, ғылыми жетістіктерсіз инновациялық экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондықтан индустрияны өрістету үшін үлкен зауыт-фабрикалар салғанда оның инновациялық қырына мән беру керек. Сонымен қатар олардың өндіретін тауарлары әлемдік стандартқа сай, бәсекеге қабілетті өнім болуы шарт. Бұл тұрғыда тек экспорт мәселесін алға оздырып қоймай, өз халқымызды киім-кешекпен, азық-түлікпен және басқа да қажетті тауарлармен қамтамасыз ету жайын ретке келтірсек, нағыз жетістік осы. Президентіміз де осы жағдайға баса назар аудару керектігін алға тартып отыр.
Атамұрат ШАМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ