Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелердің барлығы да еліміздің экономикасын дамытып, халық тұрмысын көтерудегі өзектілігімен ерекшеленеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытудың аяғына тұсау болып отырған көптеген мәселелерді ашық айтты. Расында, осы саладағы санынан жаңылысатын мемлекеттік бағдарламалар арқылы қазынадан шыққан шығын шаш етектен, бірақ көзге көрінетін іс мардымсыз екені рас. Жоспарлы экономикадан нарыққа өткелі гербицидтер мен тұқым қорының жаңартылуы, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңғыртылуы, агротехникалар мен тұқымды жаңалау істерінің проблемалары мәңгілік сияқты аса серпілмей келеді. Президент оған бөлінетін субсидиялардың тиімділігіне де күмәні барлығын жасырмады. Мысалы, көптеген шаруашылықтар әлі ескі техникамен жұмыс істейді. Бәріміз де патриотпыз, отандық техниканы немесе жақыннан дорбалап, Ресейдің шығарған тракторлары мен комбайндарын алғымыз-ақ келеді. Бірақ америкалық, канадалық, германиялық ауыл шаруашылығы техникалары сапасының жоғары екенін жасыра алмаймыз. Соған сәйкес олардың бағасы да арзан емес. Біздің шаруашылықтағы техникалардың басым көпшілігі осы елдердің өнімі. Ресейден алынатын техникалар субсидия берілуіне сәйкес қымбаттай береді. Сондықтан шаруа қожалықтары секілді шағын шаруашылықтарға да техника жаңарту арзанға түспейді, оңай да емес.
Аз болсын, көп болсын мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар шаруаға да, диқанға да көп көмек екені рас. Барлығын да пайдаланып отырмыз. Бұл үшін Үкіметке ризашылығымызды айтуға тиіспіз. Бірақ көпшіліктің көңіліндегі бір күдік сейілмейді. Ол күдік несие мен субсидияның берілу мерзіміне байланысты. Көктемгі дала жұмыстарына арнап шаруашылықтар алған несие де, субсидия да кеш беріледі де, ал күзде, қараша айында несиені қайтара бастауымыз қажет. Ал ол кезде нарықта бидайдың бағасы әлі қалыптаспайды. Осындай сәйкессіздіктен шаруашылықтар маусымға дұрыс дайындала алмайды немесе шығынға ұшырайды. Маусымдық жұмыстар күтпейді ғой. Несиені ақпан айында берсе, қарашада емес, одан кешірек қайтарса диқан еңсесін көтеріп алар еді. Осы мәселе шешімін таппай келеді.
Біздің облыста алқаптарды әртараптандыру жыл сайын қарқын алып келеді. Дегенмен, бұл саладағы экспорттың әлеуетін арттыру үшін өндірген шикізатты сыртқа қайта өңдеп барып артқанға не жетсін. Соңғы жылдары Орталық Азия республикалары ұн тартатын диірмендер қойып алып, біздің ұнды тасиды. Мұның өзі ұн экспортына көлденең кедергі болып отыр. Май сығатын зауыттар қатары көбейеді деген үміт бар. Дәл қазір майлы дақылдар сыртқа шикізаттай сатылуда.
Бала кезден ауылда тұрамын. Ауыл шаруашылығында жекелей алып шешетін мәселе жоқ, олардың барлығын кешенді қарау керек. Қазір мал бағатын шопан, тракторға отырғызатын механизатор, ветеринар, агроном табу кәдімгідей өзекті, басшының басын қатыратын іске айналды. Жас маман ауылды өгейсиді. Тәжірибеден өтуге келген жастар білімінің төмендігі байқалып қалады, олардың қай іске де батыл кірісіп кетпейтіні, уақытша келгендігі жүрек сыздатады. Ауылға агроном, зоотехник, ветеринар болып қуанышпен оралған жастық шағымыз еске түседі. Неге бұлай? Ауылға арналған кешенді бағдарлама қажет. Олай болмаған жағдайда ауыл шаруашылығындағы мәселелердің өзектілігі жеңілдемейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына қатысты проблемаларды өте орынды көтерді. Оның шешімі де нақты болады деген үміт алға жетелейді.
Марат АХМЕТОВ, «Азат и Д» ЖШС директоры, Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы