Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен үстіміздегі жылғы 14-16 мамырда Алматыда өтетін “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламенттік жиынын әзірлеу және оны өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің отырысы болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында өтетін бұл шара осы Ұйымның жәрдемімен жүзеге асады деп күтілуде.
Жиынды әзірлеу және оны өткізу жөніндегі шаралар жоспарының орындалу барысы туралы Ұйымдастыру комитеті жұмыс тобының жетекшісі, Сенат Аппаратының басшысы Мұрат Нұртілеуов баяндады.
Жиын бағдарламасында үш: “Өңірлік қауіпсіздік (Ауғанстан, терроризм және есірткі тасымалымен күрес, қарусыздану)”, “Еуразия: жаңа рыноктар және қатерлердің арта түсуі (экономикалық даму, сауда, ресурстарды басқару, еңбек көші-қоны, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелер)” және “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдері (діни толеранттылық, саяси даму, адамдар саудасымен күрес, гендерлік теңдік)” сессияларын өткізу қарастырылған.
Трансазиялық парламенттік жиынға әлемдік қоғамдастықтағы елдердің ұлттық парламенттері мен халықаралық ұйымдардан 350-ге жуық делегат келеді деп күтіліп отыр.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясындағы Трансазиялық парламенттік жиынның Қазақстанда өтуінің саяси зор маңызына отырысқа қатысушылар назарын аударды. “Бұл жиын парламентаралық үнқатысу мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, ЕҚЫҰ-ның басты міндеттерін шешуде парламентшілердің іс-қимылын белсенділендіру мен рөлін арттыруға бағытталады”, – деді Қ.Тоқаев, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.