Ақсақалдар – ақылдың кеніші, өңірдегі жағдайдың барометрі. Қызылорда облысы соңғы жылдары республикамызда жетекші салалардың бәрінде дерлік алдыңғы орынға шыққан. Ел ағалары мұның мәнін бұрынғы облыс әкімі, бүгінде Президент Әкімшілігінің Басшысы Қырымбек Көшербаевпен байланыстырды. «Елге жан-тәнімен қызмет ететін осындай басшыларды басқаларға үлгі етіп, жұмысын тарқатып жазу керек» деп бізге де тапсырма беріп қойды.
Біз де өз тарапымыздан жұрт мақтаған Қырымбек Көшербаевтың 2013-2019 жылдардағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне талдау жасап көрдік.
Атап айтсақ, соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 71 жаңа өнеркәсіптік өндіріс іске қосылды. Өңдеу саласындағы өнім өндірісі 2013 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 31,6% артты. Тек соңғы 3 жылда өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестиция көлемі 2,7 есе өсті. Еңбек өнімділігі – 12%-дан астам, жұмыспен қамтылғандар саны – 21%, ал экспорт көлемі 2,4 есе артты.
Аймақтағы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы Қызылорда облысы «Бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік аймақ» номинациясы бойынша «Алтын сапа» марапатына ие болды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша облыс бүгінде республикада көш бастап тұр.
Тәуелсіздік жылдары алғаш рет 2017 жылы облыста 500 мың тоннадан астам күріштің рекордтық көлемі жиналды. Бүгінде Сыр маржаны Моңғолия, Түркия және Ауғанстанмен қоса, Азияның басқа елдеріне де экспортталуда.
2013 жылы облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің 3 түрін ғана экспорттаса, өткен жылы шетел асқан өнім саны 15-ке жетті. Ал 6 жылда балық аулау 2 есеге өсті. Қазіргі таңда облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның төртеуі 2013 жылдан кейін салынды. Нәтижесінде осы уақыт аралығында балық өнімдерінің экспорты 10 есеге өсті.
2013 жылдан бастап ел игілігі үшін 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығында 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды.
Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,6 есеге өсті. 2013 жыл 270 мың шаршы метр болса, 2018 жылы 700 мың шаршы метрге дейін жетті. 2019 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 22,4%-ға артты.
Өткен жылдан бастап апатты тұрғын үй мәселесі шешілді. Апатты үйлердің орнына 645 отбасы жаңа пәтер алды.
Халықтың жан басына шаққандағы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар бойынша өңір елімізде 1-орын алады. 2013 жылдан бүгінге дейін 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. 2013 жылдың басында болған 34 проблемалық әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. 57 апаттық жағдайдағы денсаулық сақтау нысандарының 49-ы салынды, қалғандары биыл салынатын болады.
Облыс мектептерінде 3 ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Аймақтағы апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілді, олардың орнына 37 жаңа мерзімінен бұрын мектеп салынды. 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы іске асырылды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100% қамтылды. Қызылорда мектептерінің 2017-2018 жылдардағы түлектерінің 97%-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Қызылорда облысы – РФ үкіметінің гранты бойынша Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 520 мектеп түлегін оқытуды ұйымдастыра алған республикадағы жалғыз аймақ.
«Серпін» бағдарламасы аясында Қызылорда мектептерінің 4 мыңға жуық түлегі еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында білім алуда. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
6 жыл ішінде 69100 жаңа жұмыс орны, оның ішінде 60098 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 4,8%-ға дейін төмендеді. Соңғы екі жыл ішінде бұл көрсеткіш орташа есеппен республикалық деңгеймен салыстырғанда төмен. Бұл – бұрыннан еңбекқор саналатын оңтүстік өңір үшін маңызды жетістік. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2013 жылы 6,7% болса, 2018 жылы 4,2%-ға дейін төмендеді.
Қызылорда қаласы және облыстың 7 аудан орталығының 4-еуі газдандырылды. 2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. Нәтижесінде халықтың 63%-ы табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы қалған 3 аудан орталығы – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отын тартылды. 2019 жылы ауданішілік газ желілері жүргізіледі. Осылайша, жыл соңына дейін халықтың 70%-ның табиғи газға қосылу мүмкіндігі туады.
Облыс халқы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша елдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнату да дамып жатыр. 4 жоба бойынша Еуропа Қайта Құру және даму банкімен бірлесе отырып, облыс орталығының жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ жолаушылар тасымалы жүйесін жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Ел ағаларының республикамыздағы басқа әкімдерге үлгі болсын деген ойының астарын ұқтық. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерінің алдына халықтың жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу мәселесін қойып отыр.
Қырымбек Елеуұлы облыстағы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың толық ақпаратын алып, аудан, ауыл бойынша жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен күш жұмсады. Шағын және орта бизнеске республикалық және жергілікті бюджеттен қыруар қаржы бөлінді.
Осы қаржының көлденең көк аттының қанжығасында кетпей әр тиыны жаңа кәсіп бастаған кәсіпкерге жетуін қадағалауына алды. Республикамызда материалдық-техникалық базасы жоқ мамандықтар үшін жастарды Ресейдің жетекші институттарына грантпен оқытты.
«Бақтың барар жері – ынтымақ». Осындай толағай табыстарға ол Сыр елін ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы жетті. Бүгінде облыс тізгіні – күні кеше ғана командасында болған, осы жұмыстарды межелеуге бірлесе еңбек еткен Қуанышбек Ысқақовта. Қуанышбек Досмайылұлына осы жетістіктерді алға қарай еселеуге тілектестік білдіреміз.
Қызылорда облысы