Әдетте, өмірде жолы оңғарыла қоймаған, жалқаулығы желкесінен басып істеген ісі кері кеткендер өз кемшілігін басқадан іздеуге бейім тұрады. «Мен қанша мықты болсам да табысқа жете алмаймын. Өйткені менде жоғарыда сүйемелдейтін таныс жоқ. Үлкен орындармен байланыс жоқ болғандықтан қаржым да жоқ» деп өзін-өзі ақтап алып жатады.
Ал «100 жаңа есім» жеңімпаздары Айдос Сайлығараев, Сымбат Әбдірахманова және Халықаралық «Парасатты поэзия» фестиваліне келген Мақпал Мыса бүгінгі табыстарына ешкімнің қолдауынсыз-ақ өздері жеткен жастар өкілі. Сондықтан «TedTalks» форматында өткен кездесу қызықты болды.
Жиында Мақпал Мыса поэзия әлеміндегі ойларымен бөлісіп, өлендерін оқыды. Шын талантқа тұсау жоқ. Шығармашыл жан ниеттенсе алар асуларының биік боларына сендірді. Әрине, үлкен мақсатқа жету жолында жүйелі білім керек.
– Мен үнемі жастармен кездесуге асығып тұрамын. Сөз – адам жанының емі. Сөздің құдіреті болса керек, елге өлең арқылы танылдым. Өлең – менің тағдырым, жетістікке жеткізді. Сондықтан да сіздерге айтарым, табиғат берген талантты барынша баптап, оны дамыта білу керек. Сонда ғана сіз табысты боласыз. Үш жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бар мақсатым ата-анама салмақ салмай, журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атану болды. Өкінішке қарай, журналистика факультетіне түсе алмай, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевизия мамандығын тәмамдадым. Оқуға түсем дегенше, менің өлеңдерім бірнеше жыр жинаққа еніп, бірнеше рет мүшәйрада жеңімпаз атандым. Қазір аудармамен де айналысамын. Мен бұл арманыма тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында қол жеткіздім. Журналистика саласында еңбек етіп келемін. Сондықтан сіздерге де осындай табандылықты тілеймін, – деді ол.
Қызылорда облысындағы алғашқы кондитер өнімдерін дайындайтын дүкендер желісінің негізін қалаған, орда бұзар отыздағы оғлан Айдос Сайлығараевтың да жастарға айтары көп болды.
Әкесінен ерте айырылған Айдос тағдыр тезіне түсіп, шарболаттай ширығып шығыпты. Бүгінде республикаға атағы кеткен «Браунис» кондитер дүкендер желісінің жұмысын жолға қойған жалындаған жас жігіт осынау жетістігіне білім мен еңбекқорлығы жеткізгендігін айтады.
Жетістікке жету тек еңбекқорлықпен ғана өлшенбейді. Айдос Сайлығараев кондитер өнімдерін даярлауда Түркия кәсіпкерлерімен тығыз байланыста болып, аспаздарының біліктілігін арттыру үшін әріптестік қатынас жасағандығын жеткізді. Түркия – курортты аймақ. Шетел саяхатшылары жылдың төрт маусымында үзілмейді.
Сондықтан да, Түркия аспаздары өз салалары бойынша әлемде үздіктер қатарынан көрінуге тырысады. Енді олардың бай тәжірибесі Қазақстан пайдасына жарап жатыр. Кездесуде Айдос өз кәсібін ашқысы, кәсіби шеберлігін арттырғысы келетін жастардың сұрақтарына жауап беріп, жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Ал Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді.
Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» мультфильмін дайындады. Бұдан бөлек, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық, республикалық «Balapan» телеарнасынан беріліп келеді.
– Адамның арманы нақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені мен үнемі нақты нәрселерді армандап, оны мақсатыма айналдырдым. Өмірімде парсы тілінде қай елдің сөйлейтінін білмейтін жасымда осы тілдің маманы болу үшін мемлекеттік грант иегері атандым. Қазіргі таңда парсы тілі бойынша еліміздегі санаулы аудармашылардың қатарындамын. Жастарға айтарым, сіздер ешқашан өз армандарыңызға жету үшін жалықпай еңбек етуден шаршамаңыздар. Мақсатқа жету жолында түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Қыдырудан бас тартып, тойларға бармай қалуыңыз мүмкін. Есесіне қоғамға пайдалы іс жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Осы жоба жеңімпаздарының ішінде 18-19 жасар жігіттер бар. Олардың жетістіктерін көргенде, өзімнің осы уақытқа дейін бос кеткен уақытымды ойлап өкіндім. Сондықтан адам өмірінің көктемі саналатын жастық шағыңызды өкінбестей өткізіңіздер, – деді Сымбат.
Қазақстан – үлкен мүмкіндіктердің бастауында тұрған мемлекет. Біліміңді жетілдіріп, өз кәсібіңді ашам десең қолбайлаулар жоққа тән. Тек, мақсат жолында аздаған қиындықтардан қорқып, орта жолдан тастап кетуге болмайды. Елімізде қай кәсіппен айналысқың келсе де жігеріңді жанып, күшіңе күш, ынтаңа қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек, діттеген биігіңе жетпей тоқырап қалма.
«TedTalks» форматында өткен кездесу алдағы өмірім қалай болады деп толғанып жүрген жастар үшін темірқазық болғаны анық. Көз алдында сұхбат беріп отырған аға-әкпелері кеше ғана өздеріндей жас болған. Олар республикада мойындалған жетістіктеріне өз білімі, еңбекқорлығымен жетті.
Кездесуге келген жастар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап тауып, қанаттанып қайтты.
Қызылорда облысы