Ойынның бірінші кезеңі қарсылас команданың басымдығымен аяқталған болатын.
Екінші кезеңнің алғашқы минутынан румын ойыншылары біздің команданы тықсыра бастады. Кездесудің 50-минутына дейін олардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Десе де оны алаң иелері тиімді пайдалана алған жоқ.
Ал 73-минутта Билель Омрани тағы бір соғып кетті. Таблода ЧФР командасының пайдасына 3:1 есебі жанып тұрды. Ойынның соңында «Астана» шабуылшысы Рангело Янга гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
Кездесуде ЧФР командасы «Астананы» 3:1 есебімен жеңіп кетті. Нәтижесінде жарыстың келесі сатысына румын командасы жолдама алды. Енді олар 23 және 30 шілде күндері Израильдің «Маккаби» (Тель-Авив) командасымен кездеседі.
Енді «Астана» UEFA Еуропа лигасында сынға түседі. Елордалық клуб аталмыш турнирдің екінші іріктеу кезеңінде Андорраның «Санта-Колома» командасымен ойнайды. Ойындар 23 шілде және 1 тамыз күндері болады.
Естеріңізге сала кетелік, екі команда арасындағы алғашқы кездесу елордада өткізілді. Бұл ойында «Астана» 1:0 есебімен басым түскен болатын.
«Астана» айтулы аламанға биыл бесінші жыл қатарынан қатысты. Бұдан бұрынғы жылдарда бір мәрте УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде С тобында сынға түсті. Қалған жылдарда аталмыш турнирдің үшінші және плей-офф кезеңдерінде сүрініп, нәтижесінде УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінде бақ сынады.
Алғашқы үш жылда болгар маманы Станимир Стоилов командаға бапкерлік жасаса, былтыр оны жергілікті бапкер Григорий Бабаян атқарды.
Сондай-ақ, 18 шілдеде қазақстандық үш клуб UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесу ойындарын өткізеді. Өз алаңында Нұр-Сұлтан уақытымен 18.00-де Қостанайдың «Тобылы» Люксембургтің «Женесс Эш», 20.30-да Алматының «Қайраты» Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубын қабылдаса, сырт алаңда 23.00-де Шымкенттің «Ордабасы» клубы Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен шеберлік байқасады.