• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2019

Ауызбірлікке бастайтын алуан пікірлер алаңы

716 рет
көрсетілді

Көп – көреген. Көпке түскен іс анығына барады. Сол үшін де бұлтқа қарамай, жұртқа қарап, бірмен сырласпай, мыңмен кеңеспек ләзім. Қазақ айтады: «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол». Батыс қоғамы бұл реткі құндылықтарды азаматтық қоғам деп дәріптесе, ұлтымызда дала демократиясы ретінде ертеден қалыптасқан, дәстүрге кірігіп кеткен дүние. Яғни, қазақ халқы кез келген қуаныш пен қиындықты көппен бірге өткергенді жөн санайды.

Көп дегеніміз – бүгінгі тілмен айтқанда, көпшілік, қоғам. Социализм ноқтасын сыпырып тастаған соң Қазақстан қоғамы азаматтық секторды дамытуда елеулі жолдан өтті. Бүгінде елімізде әр салада үні бар үкіметтік емес ұйымдар қалыптасты һәм тұрақты қызмет етеді. Оның қатарын­да түрлі қоғамдық бірлестіктер, қауым­дас­тықтар, қорлар барша әлеуметтік мәселелерді қозғап, атқарушы билікке сындарлы жолды нұсқап келеді. Сол сияқ­ты саяси партиялар мен әрқилы бастамалар негізінде еңбек ететін қозғалыстар жұ­мысы да түрлі деңгейдегі белсенділікке ие. Енді осы қоғамдық ұйымдардың өкіл­дерін бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ алаң ретінде Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмыс істемек. Бұл – қазақстандық азаматтық қоғамның жаңа кезеңінің бас­тауы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында өңір-өңірді аралап, халықтың жай-күйімен етене танысқанын, қоғамдағы толғандырған проблемаларға толық қаныққанын мәлімдеді. Азаматтардың барлық жерде әділдік орнауын қалайтынын қаперге алған Мемлекет басшысы түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды өз жұмысында міндетті түрде ескеретінін айтты. Бұл сөзіне іс жүзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дәлел болмақ. Аталған кеңес «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» деген идеяға негізделеді. Яғни, пікірлер алуандығы алауыздық тудырмай, керісінше ауызбірлікке бастап, әр азаматтың көзқарасы мен ұстанымын бір мақсат, бір мүдде төңірегінде тоқайластырады.

Мемлекет басшысының 17 шілдедегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі мен құрамын бекіту туралы Жарлығында осы Кеңестің бағыты айқындалып, жұмысы біршама жүйеленді. Ең алдымен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатынын айту керек. Кеңестің бұл мәртебесі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмысында саяси реформалар, әлеуметтік, экономикалық шешімдер жасауда айтарлықтай маңызды екенін айғақтайды. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың тақырыптық жоспарын дайындауға септігін тигізетінін атап өткен еді. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам­ның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясат­тың өзекті мәселелері бойынша ұсы­ныс­тар мен ұсынымдар тұжырымдау. Кеңес қызметінде Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы, заңда­ры, Қазақстан Республикасы Прези­дентінің актілері, өзге де нормативтік-құқықтық актілер, сондай-ақ осы ереже басшылыққа алынады. Сонымен қатар тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұрт­шы­лықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды страте­гиялық проблемаларды қарау, тарап­тар арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету Кеңестің негізгі міндеттеріне кіреді.

Ұлттық кеңестің құрамы Төрағадан, Төраға орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Кеңеске Президенттің өзі төрағалық етеді. Кеңестің құрамы жалпы 42 адамнан жасақталды. Олардың қатарында көпшілікке аттары мәлім саяси партиялардың, оппозициялық ұйымдардың, жаңа қалыптасып келе жатқан азаматтық қозғалыстардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және құқық қорғау өкілдері бар. Кеңес отырысына қатысатын алқалы топтың қатары мұнымен шектелмей, Төрағаның шешімі бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін. Бұған қоса Төрағаның ұйғарымымен Кеңестің отырыстарына Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

Қоғамның түрлі саласында ха­лықты толғандыратын жүрген мәсе­лелерді ұдайы көтеріп жүрген, өзіндік ой-пікірлері қалыптасқан, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтар елді дамытуға бағытталған жұмыстарды жаңғыртуға қарқын қосатын Кеңеске мүше болды. Олардың бір тобы әлеуметтік бағыттағы мәселелерді қаузап, білім беру, денсаулық сақтау сала­ларындағы олқылықтарды ойып тұрып көрсетіп жүрсе, енді бірқа­тары ауылдардың әлеуетін арттырып, қарапайым халықтың әл-ауқа­тын көтеруді, жастарды серпінді қолдауды сұрайды. Сондай-ақ Ке­ңес құрамынан экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жақсарту тұрғысында тиімді ұсыныстарын білдіріп жүрген белгілі сарапшылар мен құқық қорғау саласын қатты сынға алып, ойын ашық жеткізетін заңгерлер де табылады. Жалпы, Кеңес құрамында қоғамның барлық саласының өкілдері қамтылды. Олар­дың көбі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы өздерінің қандай мәселелерді көтеріп, қай тақырыптарда сөз қозғайтынын жария түрде мәлімдеді. Сондықтан Ұлттық кеңестің шешімдерімен қоғам дамуының жекелеген салалары бойынша жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Бұл Кеңес жұмысындағы айтылатын проблемалар мен ұсыныстарды жүйе-жүйесімен реттеуге, содан соң ортақ шешім шығаруға мүмкіндік береді.

Жарлықта көрсетілген ережеге сәйкес Ұлттық кеңестің мүшелері Кеңестің жұмыс жоспары, отырыстарының күн тәртібі мен мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге, Кеңес басқосуларының материалдарын, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге құқылы. Сондай-ақ Ұлттық кеңестің мүшелері өздерінің өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқығы жоқ. Ұлттық кеңестің мүшелерінде Мемлекет басшысы қол қойған арнайы куәлік болады.

Кеңестің жұмыс жоспары жобасының әзірленуі Ұлттық кеңес хатшысының жауапкершілігінде болады. Бұл қызметті Президент кеңесшісі Ерлан Қарин атқарады. Ол Ұлттық кеңес отырыстарының күн тәртібі жобасын жасайды, жиын материалдарының, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларының дайындалуын ұйымдастырады, Кеңес мүшелеріне кезекті отырыстың өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді, жекелеген жұмыс түрлерін орындау үшін сарапшыларды, ғалымдарды және мамандарды белгіленген тәртіпте тартады, өңірлерде көшпелі консультативтік кеңестер өткізеді, Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Аталған Жарлықтың жай-жапсары баяндалған Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы кеңестің алғашқы отырысы шамамен тамыз айының 20-сына қарай өтеді деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Кеңес құрамының осы басқосуында мемлекет пен қоғам арасындағы көпір болатын алаңның алдағы жұмыс бағыттары мен күн тәртібі белгілі болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлықта «Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді» деп көрсетілген. Кеңестің отырыстары жалпы пленарлық және тақырыптық болып бөлінеді. Ұлттық кеңестің отырысында мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі. Басқосуға қатысып отырған мүшелерінің дауыс беруі арқылы жалпы санының көпшілік дауысымен Кеңестің шешімдері қабылданады. Отырысқа қатысушылардың дауыстары тең болған жағдайда Төрағаның даусы шешуші болып табылады. Төраға жекелеген мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың өзге тәртібін өзінің қалауынша белгілеуге құқылы. Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Ұлттық кеңестің ұсынымдарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шешімдер туралы Ұлттық кеңеске Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлайды. Ұлттық кеңесте талқыланатын мем­ле­кеттік саясаттың өзекті мәселе­лері мен қабылданған шешімдер жұрт­шылықтың назарына бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы жеткізіледі, сон­дай-ақ әлеуметтік желілерде көрі­ніс табады.

Ашықтық пен әділдік – азаматтық қоғам құрудың алғышарты. Қо­ғам­дағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырғанын айтқан Президенттің өзі төрағалық ететін Кеңестің құрамы ойы азат, танымы терең, елдік мәселелерден бейтарап қалмайтын азаматтармен толықты. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық кеңес билік пен халықтың арасында сенім орнатып, бір мақсатқа біріккен берік байланысты нығайта түседі деп үміттенеміз.

Сарапшылар пікірі

 

Жәнібек ҚОЖЫҚ, қоғам қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болады деп сенемін. Оған үлкен үміт артып отырмыз. Сол Кеңестің құрамына кіргеннен кейін мемлекетке де, халыққа да тиімді, маңызды мәселелерді, жобаларды ұсынып әрі талқылап, көптеген бастамалардың қолға алынуына қажетті ұсыныстарды беруге шамамыз келгенше атсалысамыз. Басталғалы жатқан ісіміз сәтті болады деген сенімім бар.

Рахым ОШАҚБАЕВ,  «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Президент құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мемлекет пен қоғам үлкен сенім артып отыр. Ұлттық кеңес­ке еліміздің алдағы саяси-­экономикалық жаң­ғы­руының негізі ретінде үміт жүктелді. Оның жұмысы барлығымыз үйренгендей саяси, әлеуметтік және эко­номикалық деп жүйеленуі мүмкін. Біз Қазақ­станның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты пайдалы бастамалар енгіземіз деп үміттенеміз. Қазір бірқатар нақты ұсыным әзірлеп жатырмыз, оны қоғамдық талқылауға шығарып, сараптамалық топтарды іске қосқымыз келеді. Кейін халықтың қолдауына ие болған бастамаларды Ұлттық кеңес қарауына шығарамыз. Сондықтан өте белсенді жұмысқа дайындалып жатырмыз.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық кеңес мемлекет пен қоғам арасында дәнекер болатын қоғамдық ұйым ретінде құрылғандықтан, Кеңес құрамындағы барлық әріптестерім үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Алдымен қоғам мен осы Кеңес құрамында болуға лайық көрген орта алдындағы жауапкершілік екенін ескерген жөн. Сол себепті қоғамдағы түрлі топтардың мүддесі, солардың көкейкесті мәселесі мен көңілдері толмаған жағдайларды билікке жеткізіп қана қоймай, оның орнын толтырудың дұрыс амалдарын қарастыруға бұл Кеңестің толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Кеңес мүшелерінің көбісі істің жөнін білетін азаматтар. Жай ғана не істеу керегін айтып қоймай, ретін көрсете алатын адамдар. Маман ретінде түрлі бастамаларда бой көрсетіп, нақты нәтижеге жетіп жүргендер көп. Әлеуметтік жобалар мен қоғамдық бастамаларды көтеріп жүрген, соңынан жастар ерген, интеллектуал, пікіріне құлақ асатын мамандар Кеңес мүшелерінің арасында баршылық. Нақты экономикалық, әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Бұл топтың нақты нәтиже беру мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Уақыт өте Ұлттық кеңес те азаматтық қоғамның маңызды бөлшегіне айналатынына сенімім мол. Қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог құрып, түйткілді мәселелерді дер кезінде біліп, тіпті алдын ала болжай алып, оған қажетті нақты шараларға уақтылы кіріссе, экономикалық макро көрсеткіштерді қарапайым халықтың өмір сапасына айналдырса жақсы болар еді. Құрылып отырған Ұлттық кеңес келешекте қоғам мен мемлекет арасындағы пікір алмасудың тиімді әрі тұрақты жұмыс істейтін алаңына айналса деген тілегім бар. Тек қоғамдық мәселелермен тоқтап қалмай, еліміздің дамуына жол ашатын жүйелі өзгерістерге бастамашы болса деп ойлаймын. Өзім білім беру саласында қызмет еткендіктен, бұл жүйеге де кейбір бастамаларды енгізу керек деп есептеймін. Себебі қоғамдағы кейбір мәселелердің өзегі мен шешу тетіктері білім жүйесінен бастау алады. Сондықтан бұл Кеңестің жұмысы жемісті болады деп сенемін.

Данияр ӘШІМБАЕВ, қоғам қайраткері, саясаттанушы,  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Өзіңе де қатысы бар Президент шешімі туралы ойыңды айту қиын екен. Менің білуімше, бұл Кеңеске жүздеген адамның есімі ұсынылып, талқыға түскен. Бірақ олардың бәрін Ұлттық кеңес құрамына қосса, жұмыс жүйесіз болар еді. Еліміздің қоғамдық-саяси даму мәселелерін талқылайтын кәсіби диалог алаңына айналатын Кеңес құрамының шағын болуы анағұрлым тиімді. Ұлттық кеңес құрамы мен жұмысын, атқаратын қызметін сынаушылар аз болмасы анық.  Бұл да орынды.

Қазіргі уақытта мінсіз құрылымды жасау мүмкін емес, бірақ таңдалған тұлғалар алуан түрлі пікірді ортаға сала алады. Жарлықтағы тізімде бейтаныс адам жоқ. Билікке берілген адамдар да аз. Пікірталастан ақиқат тумаса да соған жақын болуы мүмкін.

Билік қоғамды тыңдауға дайын, ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру саяси реформа жасауға, билік-қоғам диалогын дамытуға және қабылданатын шешім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Азаматхан ӘМІРТАЕВ, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесін құру бүгінгі таң­да ең қажетті шешім еді. Өйт­кені билік пен халық ара­сында диалог болатындай алаң жоқ болатын. Өзім эко­логиялық мәселелерді көтеріп жүргендіктен, осы бағыт­ты жалғастырамын деген ойдамын. Сонымен бірге қо­ғамдық ұйымдарды мемлекетті басқару ісіне  ара­ластыру да жолға қойылады деген үмітім бар. 30 маусымда өткізілген рұқсат етілген шеру нәти­же­сінде қабылданған резолюцияны Президент Әкім­шілігіне тапсырған болатынбыз. Ұлттық кеңес мүшесі ретінде көрсетілген мәселелерге қатысты тиісті шаралардың қолға алынуын қадағалаймыз.