Ал осы сәттерде әлем елдерінде қалалық қоғамдық көліктермен тегін тасымалдау үдерісі қанат жайып келеді. Ең қызығы, бұл бастаманы алғаш болып жүзеге асырған мемлекеттердің бірі – кеше ғана бізбен бірге Кеңес жүйесінің қанаты астынан қатар шыққан Эстония. Ал биылғы жаздан бастап Люксембургтің қоғамдық көліктері жолаушылардан мүлдем ақша алмайтын болды.
Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жобасын қатаң сынға алды. Президенттің пайымдауынша, бұл жобаның өзін өзі ақтап, пайда келтіруі – екіталай дүние.
Әрине миллиардтаған долларға, одан сорақысы – шетелден қарызға алынған қаражатқа салына бастаған бұл жобаның таяу болашақта қаржылық пайда әкелмесін түйсіну үшін асқан бір математик немесе экономист болудың қажеті шамалы.
Біз осылайша, ғасыр жобасына пара-пар көлік жобасын талқылап жатқан кезде Люксембург билігі трамвай, автобустар мен пойыздарда барлық жолаушыларды тегін тасымалдауға кірісті. Былтырдан бері бұл көліктерге ақы төлеуден 20 жасқа дейінгілер босатылған еді.
The Guardian басылымының деректеріне қарағанда, мұндай төңкерісті жоба Еуропа елдерінің бір де бірінде жоқ. Люксембург билігінің пайымдауынша, жолаушыларды тегін тасымалдау экологиялық жағдайды жақсартып, ел астанасындағы көлік кептелісін азайтуы тиіс.
Әрине бұл қалаға күнделікті келім-кетімді адам көп. Әсіресе Франция, Германия мен Бельгияның жұмыс іздеген 200 мыңдай тұрғыны күн сайын сабылып Люксембургке келеді. Аталған елде шамамен 600 мыңдай адам тұратын болса, олардың 110 мыңдайы – астаналықтар.
Енді әлем елдеріндегі осындай жеңілдіктерді сүзгіден өткізіп қарар болсақ, Польшаның 50 қаласында қоғамдық көлікте тегін жүру толық және ішінара ұйымдастырылған екен. Олардың бірқатарында қоғамдық көлік тасымалы мүлдем тегін болса, енді бірінде бұл игілікті тек жұмысы жоқтар ғана пайдалана алады. Ал келесілерінде мүгедектерге, оқушыларға 100 пайыздық жеңілдік жасалған.
Сонымен қатар Бельгияның Хассельт қаласында 1997-2014 жылдар аралығында барлық қалалық көліктерде жүру тегін болды. Бірақ қаржы тапшылығынан бұл жоба алынып тасталғанымен, қалалықтар ауа қатты ластанған уақытта қоғамдық көліктермен тегін жүре алады. Ауаның ластануын олар мобильді қосымшалар арқылы байқап отырады.
Көлік саласы қарыштап дамыған Германия да таяу болашақта осындай қадамға баруы мүмкін. Қазір билік Бонн, Эссен және Мангейм тәрізді бес қалада қанатқақты жоба ретінде қоғамдық көлік жолаушыларын тегін тасымалдауды бастаған. Әрине Германияда ауаның ластануынан қорғану үшін тегін тасымалды ұйымдастыруға байланысты әлі де түпкілікті шешім қабылданып болған жоқ.
Көріп отырғандарыңыздай, қоғамдық көлікпен тегін тасымалдау жүйесі Еуропаны енді жайлай бастады. Бірақ бұл аса бір жаңалық емес. Алайда автокөлік жолдарындағы кептелістер мен ауаның ластануы күшейген қалаларда бұл мәселе талқылаулардан аспай келді. Қазір 2024 жылы жазғы Олимпиада ойындары өтетін Париж билігі де дизельді автокөліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. Францияның кейбір ықшам қалаларында қоғамдық көліктерде жүру қазірдің өзінде тегін.
Жалпы, сарапшылар аталған жүйені енгізудің тек экономикалық астарына үңіле бермей, әлеуметтік маңызына да көңіл бөлуді ұсынуда. Мәселен, 2008 жылы Қытайдың Хунань провинциясының Ченнин қаласында тұрғындарды тегін тасымалдайтын автобустар шығарылып, жағдайы нашар азаматтардың қалаға емін-еркін барып жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген.
Ал жоғарыда аталған Эстонияның бас қаласы Таллинге қатынап жұмыс істейтіндер қалада тегін жүру үшін астанада көптеп тіркеліп, осының арқасында жергілікті бюджет салықтың есебінен молая түскен. Бүгінде бюджетке салмақ болғанымен, өзге салалардан қайтарымы мол бұл жүйе Эстония қалаларының барлығында дерлік енгізілді.
Ал біздің елордамыздың ауасының ластануынан әзірге Сарыарқаның самалы қорғап тұр. Қала көшелерінде жүйткіген автокөліктер саны жыл сайын еселеніп көбейіп келеді. Бірақ қалалық автобус паркі тоза бастады, ал төлем жүйесін қалыпқа келтіру енді ғана бірыңғайлана бастаған сияқты. Дегенмен, әлі де болса бұл жаңашылдықтардан қаланың экологиясына әсер етерлік бастамалар байқалар емес. Өйткені қоғамдық көлік саласы әлі де болса жолаушылардан түсетін аз-мұз пайдаға иек артып отыр. Тіпті басқаны айтпағанда, біздегі жолаушылар тасымалына жауапты мекемелер төлем карталарына ақша салу жүйесін дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанда, олардан озық технологияны талап етудің өзі артықтау көрінеді.
Өз кезегінде Президент сынына іліккен жеңіл рельсті көлік торабының қазіргі экономикалық және көркемдік сиқы қарын аштырады. Оның үстіне бюджетке түсетін салмақ аз болмайды және ұзақ жылдарға созылатын түрі бар.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әкімдіктің деректері бойынша, аталған көлік дәлізінде жобаланған жолаушылар ағыны тәулігіне 146 мың жолаушыға жетуі тиіс. Бірақ қазіргі жағдайда әуежайдан жаңа темір жол вокзалына дейін қоғамдық көліктермен күніне бар-жоғы 2 мыңдай ғана адам қатынайды. Сонда жолаушылар ағыны 70 есеге қалай көтерілмек? Бұл – Президенттің сауалы. Оның үстіне, Президент көлік торабын жобалау кезінде архитекторлар қауымдастығының, жалпы қоғамның пікірі ескерілмегенін атап өтті. Ал қазір сол қоғам өкілдері жобаны орасан шығынға батырмай тұрғанда, дәл осы жерден тоқтату қажет деген пікір білдіруде.