• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
100 20 Шілде, 2019

Педагог қазақ қыздары ауылға аттанды

479 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік әйелдер педагогика институтын жақында 71 қазақ қызы бітіріп шықты. Олардың көпшілігі алыстағы қазақ аудандарындағы орта мектептерге оқытушылық қызметіне аттанды. Бүгін газетімізде институтты тұңғыш рет бітіріп шыққан жас педагог қыздарға арналған материалдар және оқуды отлично бағамен аяқтағандардың пікірлерін беріп отырмыз.

Жарқын өмірге жолдама

Қазақтың мемлекеттік әйелдер институтын тұңғыш рет бітіріп, үлкен өмірге маңызды жолдама алған 71 қыздың бірі – мен. Бақытты өмірдің шұғылалы нұрына қол созып, білім шыңына ұмтылған кешегі арман бүгін орындалды.

Жоғары білім алған осы біздер, өзіміздің аналарымыздың кешегі қорлық өмірін көрмей өстік. Оларды мұңды зарын, қайғылы өмірін әдебиеттен, тарихтан оқыдық, домбыра ішегінен, қобыздың қылынан, арман деген ащы әннен тыңдап, іштей ұғып, жүректен тербендік. Күй қанатын күйік шалып, көкейкесті тілек, ойға, ең болмаса сүйгеніне қолы жетпеген қыз сырын алыстан тыңдап, жандай ұқтық.

Солар көксеген арманға совет елінің бақытты қыздары, біздер еркін жеттік. Жоғары дәрежелі білім алдық. Бүгінгі қуанышты күнде бізді осы дәрежеге жеткізген кім еді? деген сұрауға тоқталмай болмайтын сияқты. Ең алдымен кімнің аты табыс пен жеңістің, бақыт пен өмірдің бейнесі болса, асқан таудан биік ақылды, теңіздей шалқыған жүректі, ай нұрлы, күн сәулелі көсем әкеміз, бақытты балалық өмірімізге алтын дәурен орнатқан Сталин есімі аталады.

Мен институттың тарих факультетін бітіріп шықтым. Менің ендігі жердегі саналы өмірім отанымыздың тарихын зерттеу, марксизм-ленинизм ғылымын үйрене беру ісіне, осы алған білімге білім қосу үстінде болашақ ұрпақтарды тәрбиелеу ісіне арналады. Совет мұғалімі деген атақты бәрінен де жоғары ұстап, салтанатты өмірде бақыт шыңына, коммунизм асқарына өрлей береміз.

Б.ИСҚАҚОВА,

институтты бітіруші