Қала әкімі тау өзендері мен көлдердегі жағдайларға ерекше назар аударды. Сондай-ақ Ақсай және Аюсай шатқалдарында селден қорғау бөгеттерінің құрылыс жоспарымен және қолданыстағы бөгеттерді жөндеу жобаларымен танысты.
Мегаполис басшысы Б.Сағынтаев Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин, Алматы қалалық ТЖД бастығы С.Әубәкіров және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары М.Қасеновпен бірге мұздақ көлдерді аралап шықты. Жұмыс сапары кезінде селден қорғау шаралары мен мұздақ көлдерді босату бойынша бірқатар жұмыстар тексерілді.
Алматы қалалық ТЖД мамандары Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы мен Ақсай өзендері бассейндеріндегі сел қаупінің автоматтандырылған мониторингтік бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында баяндап берді. Биыл сел ошақтарын, өзен арналары мен мореналық көлдерді, бөгеттер мен су қоймаларын бағдарламалық жүйемен қамтамасыз ететін 10 станса бой көтереді. Келесі жылы 21 станса салынады.