• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Шілде, 2019

Халық сенімін ақтау – басты борыш

405 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан іс-шаралар мен реформалар ішкі істер саласындағы өзгерістерге оң әсерін тигізіп жатқанымен де, кейбір тұстағы кездесіп қалатын кемшіліктер азаматтардың полицияға деген сеніміне аз да болса селкеу түсіріп қалатыны байқалып жатады.

Сарапшылардың айтуы бойын­ша, Қазақстан халқының басым көпші­лігінің ішкі істер органына деген сені­міне кейбір мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желідегі пікірлер кері ық­палын тигізуде. Міне, осы жағдай қоғам мен полиция қызметкерлері ара­­сын­дағы түсіністікке ши жүгіртіп отыр. Бұл – қоғам мен Қазақстан поли­циясы арасындағы байланысты жақ­сартуға және күшейтуге бірден-бір себеп. Ішкі істер органдарының атына айтылып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі кейбір ой-пікірлердің шектен шығып жатқан жайлары барын ешкімнен де жасыруға болмайды. Қазіргі жақсылық пен кемшіліктің қатар өріліп жүрген кезде Қазақстан қоғамының көзқарасы біржақты болуы тиіс емес. Әйтпесе, ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің барлық қал-қадерінше еңбек етіп жатқаны бесенеден белгілі жағдай. Сондықтан кей кезде кездесіп қалатын кемшілікпен бірге жетістікті де көре білу екі жаққа бірдей қажет қасиет. 

Қазір жұртшылықтың көкейінде «Енді полиция қызметкерлері қалай өзгереді? Олардың бүгінгі келбеті қан­дай болуы керек?» деген сауалдар тұр. Иә, елі­міздегі әлеуметтік-эко­­но­­ми­­ка­лық және саяси жағдай құ­қық қор­ғау органдарының алдына жаңа талап­тар қойып отырғаны белгілі. Терро­ризм және экстремизм қаупі, сыбайлас жем­қор­лық, ұсақ-түйек ұрлық­тар бүгінде елдің алаңдау­шы­лығын туын­датып отыр­ғаны жасырын емес. Сондық­тан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында полицияның жұмысын жаңа дең­гейге көтеріп, саланың ашық­тығы мен қолжетімдігіне баса назар аударған болатын. Президент барлық қылмыс атаулымен аяусыз күрес жүр­гізу керектігін айта келіп, есірткі биз­несіне қарсы күресті де жандандыру керектігін атап көрсетті. 

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­баев  ішкі істер органдарындағы жаңарту жұмыстарын 2019-2021 жылға дейін аяқтау жөнінде арнайы Жол картасын қабылдаған болатын. Бұл маңызды құжат 54 іс-шараны қамтитын тоғыз бағыттан тұрады. Оның 39-ын биыл іске асыру жоспарланып отыр. Біз осы жұмыстарды іске асыру үшін полиция қызметкерлері мен қоғамның ара­сындағы өзара байланысты жандан­дыру жолында жұмыс істеудеміз. Бүгінде облыстық, қалалық және аудан­дық ішкі істер бөлімдерінде ашылып жатқан фронт-кеңселер – жаңа өзгерістердің бірі. Қазірдің өзінде бұл жүйе халықтан өзінің лайықты бағасын алып үлгерді. Жаңа сервистік модель тұрғындармен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Азаматтар барлық сауалдар бойынша өзіне керекті жауапты дер кезінде алады. Мұнда сондай-ақ азаматтар өзіне керекті кеңес­терді алу құқығына ие.  

Жасыратыны жоқ, ішкі істер органдары қызметкерлерін былайғы жұрт жемқорлар қатарына жатқызуға әуес. Ал ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасында жемқорлыққа жол беретін жағ­дайлар мен себептерді жоюға ай­ры­қша назар аударылды. Біздің ендігі мін­детіміз – тәртіп сақшысы де­ген құр­­метті атаққа кір келтірмеу. Сақ­шы­­лар­ дың өзі бұл мәселеге өте сақ болуы керек. Бүгінде біз полиция қыз­мет­кер­лері арасында осы мәселеге орай күн­делікті насихат жұмыстарын жүргізудеміз. 

Ішкі істер саласында қызмет істей­тіндер қауіпті қылмыскерлермен күн сайын бетпе-бет келеді. Қоғамдық тәр­тіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қадаға­лау сияқты толып жатқан міндет­тері бар. Олар уақытпен санаспай ең­­бек етеді. Сондықтан Жол картасы ар­қы­лы олардың әлеуметтік жағ­­да­йын жақ­сарту, еңбекақыларын көтеру, тұрөмыс жағдайларына мән беру бі­рін­ші кезектегі міндет болып отыр. Үкі­мет штатты оңтайландыру ар­қылы 16 млрд теңге үнемдеді. Осы қар­жы Үкіметтің бөлген 20 млрд тең­гес­­імен бірге қызметкерлеріміздің еңбек­­ақы­сын көтеруге бағытталмақ. Ай­та­лық, қызметін жаңа бастаған патруль­дік полиция инспекторы бұрын 103 мың теңге алып келсе, енді 146 мың теңге айлық жалақы алады. Бұл тізімге учас­ке­лік полиция инспекторлары, кәме­лет­ке толмағандар ісі жөніндегі инс­пек­­торлар, патрульдік полиция қыз­мет­­кер­лері және олардың басшы­лары енгізіл­ді. Қазір тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төлеудің қолданыстағы меха­низмін арнайы органдар мен әскери қыз­меткерлерге қарастырылған төлемге ба­лама ретінде ауыс­тыру мәселесі қара­лып жатқаны бізге үлкен үміт сыйлайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министр­лі­гі­­нің алқа отырысында сала қызмет­кер­леріне бірқатар  тапсырмалар берді. Енді қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда болмақ. Соның ішінде Мемлекет басшысы ұрлықпен күресті күшейтуді қатаң тапсырғаны белгілі. Өйткені бүгінге дейін тіркелген қылмыстардың 60 пайызы ұрлықтан тұрады. Сондықтан ұрлыққа қарсы күрестің арнайы бағдар­ламасын қабылдап, іске асыру керек. ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бірқатар заң актілерін әзірлеп жатқанынан да хабар­дармыз. Мәселен, қазір мал ұрлығы өр­шіп тұр. Сол үшін де мал ұрлығына қа­тыс­ты Қыл­­мыстық кодекске арнайы бап ен­гізу жөніндегі бастаманы қолдаймыз. 

Жалпы, азаматтардың конституция­лық құқы сақталған тұстан ішкі істер ор­гандары мен қоғам арасындағы түсі­нік арта түседі. Соңғы жылдардағы көр­­­сет­­кіштерге қарасақ, азаматтардың құ­қы­­ғын қорғау жақсы жолға қойылып, оның бұзылуы азайып келеді. 

Қайрат АЙТБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі