«Жазған құлда жазық бар ма?» дегендей оның орнын ауыстырған әкімге де хат апарып берген болатынмын. Өзі іссапарда Көкшетау жақта жүрсе керек. Сол әкімдікте қызмет ететін бір інімізге «дұғай сәлемдеп» әлгі хатты аманаттап кеттім. Содан не керек, не әкімнен, не жаңағы інімізден бір хабар болсайшы. Әкімге не жосық, өзі келер-келместен Көкшетау жаққа елеңдеп тұрса... Жаңағы Қорғалжынның азаматы ептеп жанашырлық танытуы керек еді. Олай болмады. Қоңырауыма әр нәрсені сылтау етіп, сырғыта жауап қайтарды. Кейін телефоны да таскерең болып қалды.
Біреу білер, біреу білмес, қазақтың бір ардақтысы, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы туралы оқығаным бар. «Қазаққа Қошке кадірсіз, Омбыға Қошке қадірлі» деп келеді ұзын-ырғасы.
«Түркі әлеміне, бүкіл қазаққа Хайретдин Болғанбаев қадірлі де, өзі бір кезде қазығын қағып, ел қылған Қорғалжынына қадірі болмай тұр-ау» деп қапаланасың кейде қараптан қарап.
Парламент мінберінен анау бір жылдары аруағыңнан айналайын, өзі де «Бір кем дүние» ғұмыр кешкен қайран Шерағаңның үні саңқ ете қалып еді-ау.
«Қорғалжынның Хайретдині неге үнсіз жатыр? Еңбегіне лайықты бағасын алатын уақыты болған жоқ па?!» деп сауал тастаған еді жарықтық.Алаш қайраткері Х.Болғанбаевтың мұрасын архивтің шаң басқан сөрелерінен тауып алып, алғаш көпшілік назарына ұсынған, кейін ғылыми айналымға түсуіне себепкер болған академик Дихан Қамзабекұлы болатын. «Тұла бойлары қан сасиды» деген мақаласы «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Кейін осы мақаланы Дихан Қамзабекұлы құрастырып шығарған кітаптан оқып, жағамды ұстағанмын! Мақала 1918 жылы жазылған. Неткен жанкештілік! Батылдық пен батырлық деп осыны айт! Осыдан кейін жиырма жылдай Алаш қайраткері қалай тірі қалған? Коммунистердің айуандығын, Қоқан көшелерінде еңкейген кәріден, еңбектеген балаға шейін қырып салған большевиктердің қанішер жауыздығын бет-ауыздарын айғыздап тұрып, қорықпай қалай ашық жазған? Қоқандықтардың бар жазығы – бостандық пен азаттық үшін бас көтергендері.
Осы жерде қайраткердің перзенті Гүлнар Хайретдинқызының жоғарыдағы кітаптағы сөзін еске түсіре кетейік: «Тарихқа ақиқаттылық, тазалық керек. Тарихта елді, ұлтты, тіпті адамды да сынайды», деген болатын.
Кезінде «Бір кемі жоқ, Бір теңі жоқ Болғанбай» деп жырына арқау еткен Мағжан ақын өлеңінің сырына қорғалжындықтар үңілді ме екен? Үңілсе, неге әрекетсіз жатыр?Манадан бері сөз болып отырған хаттың өзегі аудан орталығындағы №1 бұрынғы Ленин атындағы орта мектепке Алаш қайраткері, Қорғалжын тумасы Х. Болғанбаев есімін беру туралы менің өз ұсынысым еді.
Кезінде Ақмола облысы халық ағарту саласы басшыларының бірі болған, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытовтармен қазақ мектептері үшін бағдарлама, оқулықтар жазған, осылардың бастауында тұрған мемлекеттік деңгейдегі тұлғаға қорғалжындықтардың мектеп атын әлі қимай тұрған жайлары бар. Бұл аз десеңіз жергілікті деңгейде ғана басшылықта болған бір адамды Хайретдин ағаның аруағымен жарыстырып қойғандарын қалай түсіндірер едіңіз. Өкінішке қарай, солай болып тұр. Ауданда Алаш қайраткері, бүкіл түркі әлеміне танымал биік тұлғаға арнап ғылыми конференция өткізіп, оған елордадан алаштанушы ғалымдарды құрметті қонақтар ретінде шақырса да болар еді ғой. Аудан мектептерінде Хайретдин Болғанбаев оқуларын ұйымдастырса дұрыс болмас па еді.
Осындайда А.Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмасы неге еске түспейді екен деп те ойлаймын. Декабристердің әйелдері ерлерінің ауыр тағдырын бөлісу үшін Читадағы «Нерчинский заводқа» бармап па еді.
Ал Рахима анамыз ше? Ерінің соңынан шиеттей балаларын ертіп, сонау қиян шеттегі Архангельскіге жол тартты ғой. Көрген азаптарын сұрамаңыз.
«1937 жыл. 21 сәуір. Түн ортасы. Дауыстардан оянып кеттім. Үйде бөтен адамдар жүр. Екеуі үй ішін тінтуде. Шашылып жатқан қағаз» деп жазды кейінірек сол кездегі тоғыз жасар Гүлнар Болғанбаева өз естелігінде. Ал 1938 жылы қазақтың қамын жеген Х. Болғанбаев атылып кетті. Отбасының одан кейінгі өмірлері үнемі қуғын-сүргінде, ашық қорлық көру жағдайында өтті.Аш-жалаңаш жүрді. Осы ащы шындықты қорғалжындық жас ұрпаққа кімдер жеткізуі керек. Қызмет басында жүрген азаматтар осы уақытқа дейін неге назар салмаған деп ренжисің.
Мен де Қорғалжынның тумасымын. Бір жақсылық хабар естісек қуанамыз. Сырттай тілеулестерміз ғой. Хайретдин ағаның қазақ ұлтының алдындағы атқарған ұланғайыр еңбегі әлі күнге өз дәрежесінде еленбей жатуы жүрек ауыртады.
Қорғалжын! Кешегі қылышынан қан тамып тұрған тоталитарлық жүйе кезінде қазақи бет-бейнесін сақтап қалған Ақмола өңіріндегі жалғыз аудан. Әбден «бітеу жараға» айналған тіл мәселесі Қорғалжынды айналып өтті. Қорғалжынның орысы да, немісі де, басқасы да қазақшаға судай еді ғой!
Табиғаты мейлінше әсем де бай өлке! Жерінің қойнауы шежірелі тарихқа толы. Ықылым замандарда Асан қайғы бабамыз желмаясын желдіріп өткен жер. Әлемдегі сирек жаратылыс – қоқиқаздың отаны. Бір кездегі Мәриям Жагорқызы келін болып түсіп, кимешек киген жер.
Әлқисса! Хош делік. Қорғалжынға 28 жылда тоғызыншы әкім келіпті. Жасымыз жетпісті орталап қалған біздер бұл азаматқа сәтті қадам тілейміз. Алаш ардақтысы Хайретдин Болғанбаевты есте қалдыру мәселесінің оң шешімін табуына білімі, жинаған тәжірибесі және парасаты жетеді деп ойлаймыз. Тілеубек Ысқақов, зейнеткер-ұстаз, ҚР Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері Ақмола облысы