– Марат Қонысбайұлы, сананы сілкитін рухани жаңғырулар мен баға жетпес құндылықтардың барлығы да халқымыздың тарихымен тікелей байланысты. Осы орайда, «тарихтың қойып кеткен арбасындай», Қостанай-Торғай өңірінің ел мен жер тарихына қосар үлесі де қомақты ғой?
– Қостанай – экономикалық жағынан еліміздегі қуатты өңірдің бірі. Ауыл шаруашылығында астықтың, қайта өңдеуде ұнның төрттен бірін өндіреміз. Өндірісте Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің аты сыртқа да жақсы таныс, соңғы жылдары машина жасаудан да көшбасшылық Қостанайдың еншісіне тиеді. Ал рухани дүниедегі байлығымыз бұл айтқанымызды он орап кеткендей, халқымыздың қазынасы дер едім. Арысы атақты батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібектің, берісін айтқанда халқымыздың рухани үш бәйтерегінің екеуі – Шоқан мен Ыбырайдың, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың, Елдес Омаровтың, халық батырлары Аманкелді мен Кейкінің, қазақ драма театрының саңлақтары Серке, Елубай, Қапанның, қазақ ақын қыздарының көшін бастаған Мәриям апаның, министр тұлғасының үлгісіндей Ілияс Омаровтың кіндік қаны тамған. Атақты ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаев секілді ғалымдар мен Ғафу мен Сырбай бастаған тұтас ақындар легі де Қостанай-Торғай өңірінде туып, өскен. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Оның сыртында Тобыл-Торғай өңірі «мың өліп, мың тірілген» халқымыз көрген талай құқайдың, қан төгіскен шайқастар мен аштықтың, қорлықтың куәсі. Бұл – бергі тарихымыз. Ғасырлар қойнауына бір сәт ойша үңілсек, біздің өңірдің бағзы замандар тарихы да өте қызықты. Археологтарымыз мен ғалымдарымыз оны зерттеуді тоқтатқан емес. Осының барлығын бүгінгі ұрпақ біліп, санада жаңғырып тұрғанда ғана рухани өсеміз, дамимыз.
– «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ұрпақ білуі, ұлықтауы үшін бүгінде облыста қолға алынған жұмыстар нобайы қандай?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде алдағы бес жылда атқарылатын 10 бағыттағы істерге басымдық бергенін білеміз. Сегізінші бағытта «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді» деді. Мемлекет басшысы мұны еліміздің болашағы жастардың тәрбиесі үшін қажеттігін де нықтады. Егер жастар халқымыздың, жеріміздің тарихын білмесе, оны қастер тұтпайды. Атамекенге, туған жерге деген патриоттық сезім, ықыластан да ада болады. Ең қауіптісі де осы. Сол себепті Президент сөзінде «Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет» деді. Бұл талап бүгінге дейін біз атқарып отырған жұмыстар аясын кеңейте түсуге итермелейді. Алдымен бүгінге дейін біткен істі айтар болсам, қомақты жұмыстар атқарылды. Алдыңғы жылы облыста Кейкі батырдың бас сүйегін әкеліп, туған жер қойнына тапсыру рәсімі өткені белгілі. Батырдың бас сүйегін жерлемес бұрын жаз айларында Жыланшық өзені бойындағы Кейкіні өлтірді деген жерге экспедиция ұйымдастырылып, оның сүйегі іздестірілді. Археологтар жұмыс істеді. Өкінішке қарай, бір ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен оқиға орнынан сүйек табылмады. Күзге салым Торғай кенті мен Арқалық арасындағы үлкен жолдың бойында батырдың кесенесі салынып, бас сүйегінің жерлеу рәсімі республикалық деңгейде өтті. Бұл Кейкісін іздеген елдің рухын көтеріп тастады. Қостанай қаласында батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібекке зәулім ескерткіш орнатылды. Қостанай қаласының іргесінде Ыбырай Алтынсариннің кесенесі Маңғыстаудың ұлутасынан қайта салынып, айналасы соған лайық көріктендірілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Қостанайға келген кісілер алдымен Ыбырай атамыздың басына барып, тағзым етіп, құран бағыштайды. Ал сырттан келген қонақтар да біртуардың кесенесін көргенше асығады. Сонымен қатар, патриотизмнің рухани негіздерін тәрбиелеуге арналған ғылыми-практикалық конференциялар, халықаралық форумдар, республикалық айтыстар мен дирижерлер форумы көрермендер рухын желпінткен шаралар болды.
Ұлы адамдар халқына мәңгі қызмет етеді. Қостанай топырағынан түлеп ұшқан перзенттерінің мерейжастарын атап өту – олардың еңбегін, есімін ұмыттырмайды, ең бастысы адамдарға рухани азық береді. Тарихи және өнер тұлғаларын еске түсіретін ірілі-уақты кештер өтіп жатады. Биыл Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы аталып өтеді. Белгілі бір шараларды дәстүрге айналдыру керек десек те, таптаурын болып, жыл сайын қайталағанмен, оның көрерменге берері шамалы болады. Ал халықтың рухын көтеру үшін ізденістер қажет. Былтыр Қостанай ауданында өткен «Қымызмұрындық» фестивалі жұрттың көкейіндегіні дөп басқандай болды. Онда көнеріп бара жатқан дәстүрлер қайта жаңғыртылды. Ұлттық дәстүр-салттарға, ұлттық спорттық ойындарға кеңінен орын берілді. Қымыздың бабын келтіруді қазір жастарымыз біле ме? Фестивальге келген жастар биені өздері сауып көрді, қымыздың түрлерімен, дайындау технологияларымен танысты. Қымыз қазақ үшін таңсық тағам емес, оны ауылда кәсіп етіп отырғандар бар. Бірақ жалпы жастар арасында осы ұлттық тағамның бабын келтіру қаперге алына бермейтіні рас.Биыл көктемдегі «Наурыз достарды шақырады» атты І халықаралық би фестивалінде, мамыр айындағы Амангелді ауданында өткен «Айналдым сенен, Атамекенім» атты қызғалдық фестивалінде де ұлттық құндылықтарға баса мән берілді.
– Рухани жаңғыру құндылықтарын құнттау тек түрлі басқосулардан, фестивальдер өткізуден тұрмайтыны анық. Оның ауқымы мұнан кең екенін білесіз.
– Айтарыңызды түсіндім. Қолға алған қандай іс болсын, жастардың өз елінің патриоты болуына, тарихын біліп, ұлттық құндылықтарға адал болу сезімін тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс. Өткен жылдың күзінен бастап, өңірдегі мұғалімдер облыс тарихынан сыр шертетін материалдар негізінде «Өлкетану» оқулығын шығарды. Ол өткен оқу жылынан бастап, мектеп бағдарламасына енгізілді. Жалпы руханиятқа, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне музейлердің қызметі ұшан-теңіз дер едім. Облыстағы мектептер мен өлкетану музейлерінің саны бұрынғы 99-дан 164-ке жетті. Туған өлке бойынша 600-ге жуық экспедициялар ұйымдастырылды.«Киелі география» деп аталатын арнайы жобаның аясында 29 қасиетті орындарда жөндеу, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Олардың кейбіреуі дұрыс күтім болмаған соң санадан да көмескілене бастаған еді. Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің кіндік қаны тамған, Балғожа бидің ауылы болған Омар құдығы деген жер бүгінде тұтас егістік алқапқа айналған. Өлкетанушылар мен аға ұрпақ өкілдерінің айтуымен сол жерде бұрынғы Омар құдығының орнына оның макеті жасалды, бұл орынның тарихи маңызы жазылған мәрмәр тас орнатылды. Амангелді ауданындағы Сатыбалды ишан кесенесі, Жангелдин ауданындағы қан төгілген Татыр шайқасының орны, Қазыбай әулие Ақпанұлына белгі, Сарыкөл ауданындағы Барақ батыр кесенесі, Ұзынкөл ауданындағы Свято-Никольский шіркеуі жөндеуден өтті, жаңа белгілер қойылды. Міржақып Дулатовтың Жангелдин ауданындағы кесенесі мен музейі де демеушілік қаржыға жөнделіп, көркейтілді. Кейкі батыр мен Міржақып кесенелерінде шырақшы қызмет етеді. Облыс бюджетінен 4,3 миллион теңге бөлініп, облыс өңіріне 2 археологиялық экспедиция ұйымдастырылды. Аманкелді ауданының 210 археологиялық ескерткіші және Әулиекөл ауданының 51 археологиялық ескерткіші зерттелді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына азаматтық қоғам өкілдері де белсене қатысады. Мысалы, «Күнтимес» қоғамдық қорының төрағасы Ахменов Еділбай ағамыз Шоқан Уәлихановтың туған жері Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музей ашуды да жоспарлап отыр.
– Бірақ осы киелі орындардың басым көпшілігі аудан, облыс орталықтарынан шалғай орналасқан. Оларға жетудің өзі адамдарға қиындық туғызатын болар?
– Расында, облыстағы орындардың басым көпшілігі, анығырақ айтсақ, 86 пайызы тас жолдардан шетте, шалғай орналасқан. Сондықтан бұл орайда жолдарды жөндеу кезек күттірмейтін шаруа. 2017 жылы «Әулиекөл – Жалдама» бағытындағы тас жол жөнделді. Бұл Кейкі батыр және сол маңдағы Құтан әулие кесенелерінің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин кесенесінің көлік инфрақұрылымы түгел қайта жасалды. Жолдар құрылысы бір-екі жылда біте қалмайды. Облыстағы барлық киелі жерлердің көлік инфрақұрылымы біртіндеп жақсаратын болады, оған жыл сайын қаржы қарастырылып отырады. Киелі орындарды жөндеуге, жолын дұрыстауға барлық қаржы бюджеттен бөліне бермейді, тартылған қаржыға да біраз шаруа бітеді. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі облыс орталығынан тым шалғайда, 600 шақырымдай жерде тұр. Қам кесектен тұрғызылған үйдің тозығы жеткен. Өйткені елсіз мекенде тұрған үйді Арқаның ұзақ қысында жылытып отыру мүмкін емес, жазғы бір-екі айдан басқа кезде оған адам бара алмайды. Оны қайта тұрғызып, баратын жолды, айналасын көркейтуді, көгалдандыруды дұрыстауға демеушілік, меценаттық қаржы тартылуы тиіс.
Өткен жылы өңірдегі археологиялық нысандарды, оның ішінде Торғай геоглифтерін зерттеуге, бұқаралық туризмге тартымды нысандарды қалыптастыруға 4,6 миллион теңге бөлінді. Қостанай өңіріндегі киелі орындар «Киелі Қазақстан» виртуальды картасына орналастырылды.
«Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстарға жалпы жұртшылықтың белсенділігін оятуымыз қажет. Өйткені ұлттық, тарихи құндылықтарды жаһандану иірімінен сақтау өзімізге байланысты. Ұлттық бояуымыз көмескіленбегенде ғана жас ұрпақ жаһандану салқынымен келіп жатқан батыстық құндылықтарға еліктеу-солықтаудан аулақ болады. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Egemen Qazaqstan» ҚОСТАНАЙ