2019 жылғы 1-2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 13-ші халықаралық кездесу өтеді.
Алдағы кездесуде кепілгер елдер, яғни Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы жоспарлануда. Бақылаушылар ретінде БҰҰ мен Иорданияның және Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі Астана процесіне алғашқы рет қатысатын Ирақ пен Ливанның жоғары деңгейіндегі өкілдері сирияаралық келіссөздерге септігін тигізеді.
Кездесу Сириядағы, әсіресе Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылауға, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді нығайтуға және саяси процесті одан әрі ілгерілетуге, Сирия бойынша конституциялық комитетті құру және іске қосу бойынша жұмысты аяқтауға баса назар аударады.
1 тамызда екіжақты және көпжақты, соның ішінде Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуымен, алдын-ала консультациялардың өткізілуі жоспарлануда, ал жалпы отырыс 2 тамызда өтеді.