• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 22 Шілде, 2019

Бірегей гибридті операциялық зал

544 рет
көрсетілді

Семей қаласындағы Жәдел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті хирургиялық операцияларға арналған жоғары технологиялық зал республикадағы жалғыз кешен болып тұр. Бұл гибридті операциялық залдың ерекшелігі сонда, мәселен, жол апатына түскен науқасты бірден бірнеше операция түріне жатқызуға болады. Науқастың жүрегіне және миына ашық тәсілдермен ота жасауға мүмкіндік бар.

Семейдегі жаңа медициналық нысан JCI стандарты бойынша жобаланып, жабдықталған. Гибридті залды Ұлттық нейро­хи­рургия ғылыми орталығы басқар­масының басшысы, еліміздің үздік нейрохирургы, профессор Серік Ақшолақов ашты. Сондай-ақ бірден операция жасауға беттеген. Серік Ақшолақов ней­рохиругия орталығындағы қан-тамырлы нейрохиругия бөлімінің меңгерушісі Ербол Махамбетовпен және Се­мейдегі жедел медициналық жәр­дем көрсету ауруханасындағы энде­воскулярлы хирургия және гибридті операциялық бөлі­мінің мең­герушісі Айбол Марал­баевпен бірге төрт сағат бойы осында шұ­ғыл келіп түскен науқастың ба­сындағы қатерлі ісікке күрделі опе­рация жасап, ашық түрде алып тас­тау тәсілін қолданды. Ісікті нәр­лендіріп тұрған тамырларды жойды. 

– Мұндай операция біз үшін бұрын бірнеше күнге созылған екі бөлімнен тұратын еді, – деді еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов, – мысалы біріншісінде, ісікті өсіріп бара жатқан тамырларды эндосвоскулярлы түрде алып тастаймыз, екіншісінде бірнеше күн өткен соң, сол қатерлі ісіктің өзін алып тастайтынбыз. Бұл аралықта науқастың да халі қиындап кетуі мүмкін. Ал бүгін гибридті операция жасау залының ашылуына орай, мен шағын инвазивті түрде, науқасқа көп зиян шектірмей, екі операцияны бірден жасадым. Шыны керек, Қазақстанда ешбір жерде әзірше жоқ гибридті операцияны жасау барысында жаңа құрал-жабдықтың көмегімен науқастың өмірін сақтап қалғаныма ерекше қуаныштымын. Гибридті операциялық зал жергілікті облыс тұрғындарына жоғары тех­нологиялық медициналық көмек көрсете алады. Науқастар шетке шықпай-ақ, өз елімізде, Семейде емделіп шығады. Бұл әрине, облыс әкімі Даниал Ахме­товтың қолдауы арқылы жүзеге асып жатқан жоба. Облыс басшысы дәрігерлердің әлемдік деңгейде жаңа жетістіктерге жетуіне мүм­кіндік жасап отыр. 

Шынында да облыстың ден­саулық сақтау саласындағы кешенді даму жобаларына орай 2018 жылы Өскемен қаласындағы облыстық медициналық маман­дандырылған орталықта Робо­тохирургия және трансплантология орталығы ашылған еді. Ал Аягөз бен Алтай қалала­рын­да Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғының әдістемелік көмегі ар­қы­лы екінші деңгейлі инсульт орталықтары іске қосылды. Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем орталығында Ұлттық трав­­­матология және ортопедия ғы­лыми-зерттеу институтымен бір­лесіп, Политравма және ортохирур­гия орталығы да тұсауын кесті. 

Ал гибридті операция залы хирургия саласының көптеген салаларының басын біріктіреді. Оның операция жасайтын клас­сикалық бөлмеден ерекшелігі арнайы үлкен зал екендігі. Көп жүйелі блокта жаңа деңгейлі технологиялар мен құрал-жаб­дықтар ашық және шағын инва­зивті лапароскопиялық түрдегі магнитті-резонанстық томогра­фия, хирургиялық рентген жүйелері, УДЗ саласы, бейне­бақылау жүйесі арқылы күрделі операцияны сапалы жасау мүмкіндігі толық қамтылған. 

Семейдегі гибридті опера­ция барысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсі­пованың айтуынша, мұндай жаңашыл технология Семей өңі­рін, қала тұрғындарын жоғары меди­циналық көмекпен толық қам­тамасыз етуге мүмкіндік бе­реді. 

– Семейдегі Жедел медици­на­лық жәрдем көрсету ауруханасы Семей өңірінің 700 мың тұрғынына медициналық көмек көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова – осылайша бұл аймақтың стационарлы көмегінің 40 пайызын қамтиды. Жыл сайы­н 24 мың тұрғын емхананың қабылдау, диагноз қою бөлімінен тексерілуден өтіп, оның 14 мың науқасы ауру­ханаға жолданады. Мұндай көп мөлшердегі сырқаттар жаңа гибридті операциялық зал­дың керек екенін растайды. Адамдарға шұғыл түрде кешенді меди­цина­лық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Әсіресе қан тамырлары жүйе­сінің бұзылуы кезінде, түрлі көп деңгейлі жарақаттарда, инсульт пен инфаркт алғанда жаңа технология­ларды іске қосу арқылы емдеуге болады. Гибридті операция залы жобасына 2,3 млрд теңге бөлінсе, залдың құрал-жабдығын алуға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаржы облыстық бюджеттен және бюджеттен тыс қорлардан беріліп отыр. Құрал-жабдықтар еуропалық және америкалық сапа көрсеткіштерінің соңғы үлгісі. Осы арқылы Ден­саулық сақтау министрлігінің қол­­дауымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына кепіл­ді медициналық көмек көрсету бағ­дарламасы арқылы тегін түрде емдеу, операция жасау, са­уық­тыру шараларын жасай аламыз. 

Гибридті операция бөлме­сінде жұмыс істеу үшін маман дәрігерлер тобы дайындалған. Операция жасауға орай алдын ала дайындалған 20 шақты дәрігер өз ісіне тез арада кірісе алады. Жылына 3 мың операция өтеді деп жоспарлануда. Отбасылық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы 2017 жылдан бастап, дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін үш деңгейлі оқыту жүйесін қолға алған. 2017 жылы облыс әкімдігі бұған 3,2 млрд теңге бөлген. Осы жоба аясында Англияда 3 ай бойы 19 маман муль­ти тәртіп тобы бағытында білім­дерін көтеріп келді. 

Бұған рентгенді хирургия, анес­тезиология, травматология, неврология, кардиология және сәулемен емдеу мамандары да кірді. Және республикалық орталықтарда нейрохирургия, интервенциялық кардиология, рентген-зертханашы мамандары да оқытылды. Жалпы гибридті операцияға жұмыс істеуге 43 маман даярланған. Биыл шетелдерде оқыту бағдарламасы жал­ғасын табады. Соған орай қыр­күйек айында біліктіліктерін кө­теріп, білім алу үшін Семей қа­ла­сындағы Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасынан шетелге 12 маман аттанады.