• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Шілде, 2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі мен миссиясы

470 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің келешегі туралы дөңгелек үстел өтті. Жиынға Ұлттық кеңес мүшелері мен сарапшылар қатысты.

Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров, «Ұлттық аграрлы ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ра­хым Ошақбаев, «Адам құқы­ғы­ның хартиясы» қоғамдық қоры­ның атқарушы директоры Жеміс Тұр­мағамбетова, «Жаңғыру жо­лы» республикалық жас­тар қоз­­ға­лысының жетекшісі, ҚХА мү­­шесі Максим Споткай Ұлт­­­тық кеңесте қарастыруға ұсына­­­тын мәселелерге тоқ­талса, «Мәс­кеу мемлекеттік универ­­си­теті» ақпараттық-талдау ор­­та­­лығы­ның бас редакторы Жа­нар Тулин­динова, Президент жа­нындағы Қа­зақстан страте­гиялық зерттеу­лер институтының әлеу­меттік-сая­си зерттеулер бөлімінің басшы­сы Алуа Жолдыбалина, саясат­кер Бауыржан Төлегенов Ұлттық ке­ңеске қатысты ұсы­ныс­тарымен бөлісті.

Ұлттық кеңестің мүшесі Ер­лан Саиров жаңа Жарлыққа қа­тысты қоғамдағы резонанс­ты елі­міздегі қоғамдық-саяси про­цес­терді либералдандыруға сұра­­ныстың болуымен байланыс­тыра­тынын айтты. «Ұлттық кеңес билік пен қоғам арасында диа­лог құруға мүмкіндік беретін, де­мо­кра­тиядағы плюрализмге қажетті алғышарттарды ұсы­на алатын алаңға айналмақ. Қоғам­дық сенім деп аталуының өзі се­нім арқылы ұлттық диалогтың жаңа форматы пайда болары­нан үміт береді. Бұл кеңес арқы­лы қоғамдық саяси баланс түзеуге мүмкіндік аламыз. Елі­мізде әлеуметтік, еңбек, азаматтарды қорғау мәселелерінде шешімін таппаған сұрақтар көп. Олардың барлығы толық, бетпе-бет талқыланбақ. Мені мазалайтын сұрақтардың бірі – шекара жағдайы. Шығыстағы Катонқарағай, Марқакөл, Ақсуат, Мақаншы өңірлерінен халық үдере көшіп жатыр. Мысалы, бұрынғы Марқакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір аудандағы тұрғындардың саны 6 мыңға жетер-жетпес. Мұны гуманитарлық проблема деп те атауға болады. Дәл осындай жағдай Алматы облысында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудандарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасау керек. Ұлттық кеңесте бұл сұрақ та талқыланатын болады. Мемлекеттің саяси менедж­мен­тінде осы сынды өзекті мәселе­лерді шешу қарастырылған деп сенемін», деді кеңес мүшесі.

«Ұлттық аграрлы ғылыми-білім беру орталығы» коммер­ция­лық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков Ұлттық кеңес шеңберінде талқыланатын мәселелер әлеуметтік-саяси ре­­фор­маларға алып келетініне сене­тінін жеткізді. «Тәуелсіздік жыл­дар­ында саясатқа қарағанда эко­но­микаға ден қойдық. Ендігі кезекте заң жобаларын жаңартуды қолға алу керек. Бүгінгі қоғамда әлеуметтік мәселелер әлі де ше­ші­мін таппай келеді. Саяси рефор­малардың уақыты келді. Үкі­меттің кеңейтілген отырысын Мем­лекет басшысы азаматтардың жалақысын өсіру мәселесімен бас­таған болатын. Бұл жерде мемле­кеттік мекемелердің жұмыс өнім­ділігін арттыру, нормативтік-құ­қық­тық актілерді қайта қарастыру мәселесі де жатыр. Ең алдымен Ұлттық кеңес саяси реформа­лар үшін құрылғанын есте ұста­ған жөн», деп сөзін түйіндеді Т.Ра­қым­беков.

Ал «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, Ұлттық кеңесте білім беру мәселелерін талқылау арқылы білім беру сапасын жақсартуды жолға қоймақ. «Еліміздегі білім беруге жұмсалатын қаражат ІЖӨ-нің 5 пайызынан аз болмау керек. Бұл ақшаны Ұлт­тық қордан да алуға болады. Ұлттық қор – келешек ұр­пақ­тың қоры. Оны білім беру жүйе­сін жаңғыртуға жұмсаудан дұрыс шешім жоқ. Қазір бөлініп жатқан қаражатқа қоса, қосымша 2 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша бөлген жөн. Бұл білім беру сапасын жақсартумен қатар, мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін маңызды. Барлық шешім бюджеттің жетіспеуіне тіреледі. Ал мұғалімдердің жалақысы еңбек нарығындағы басқа маман­дық­тарға қарағанда ең азы екені бар­лығына белгілі. Былтыр педа­го­гикалық мамандықтарға бөлінген 8 мың гранттың 4 мыңын ҰБТ-дан 50-51 ұпай жинаған түлектер ием­денгеніне куә болдық. Бұл – функ­ционалды сауаттылықтың шегі. Мемлекетіміз үшін маңыз­ды істі, болашағымызды, бала­лар­ы­мыздың білімін үздік емес сту­денттерге бермекпіз. Бұл тек жалақыны көтеру арқылы ғана шешілетін мәселе», деді сарапшы.

Жеміс Тұрмағамбетова өз кезе­гінде кеңес мүшелерінің ұсы­нысы тек кеңес түрінде болуы керегін еске салып өтті. «Ке­ңес мүшелері талқылайтын мәселе­лердің барлығы кеңес екенін ескерген жөн. Менің ойым­ша, қоғам мен билік арасында диалог түзу – бүгіннің ең маңыз­ды мәселесі. Бір-бірімізбен әлеу­меттік желі арқылы байланыс орнатамыз деген ойдамын. Сұрақтарды жеткізіп, сара­лап отыратын хатшылық болады. Бұл алаңда кез келген мә­селе, кеңес тыңдаусыз, талқылау­сыз қалмайды. Бәрінен бұрын жұ­мысты бастау керек, қалғаны сол кезде белгілі болады. Кеңес мүшелері әлеуметтік-экономи­калық мәселелері шешімін тап­паған ауыл-аймақты аралайтынына да сенімдімін. Мән-жайды өз көзімізбен көріп, анықтап, кейін талқыға салып, кеңес берілуі керек. Өзім кеңес жұмысын осылай елестетемін», деді ол.

Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина Еуропадағы мемлекеттердің, АҚШ-тың, Малайзияның тәжірибелеріне талдау жасағанын айта отыра, кеңес жұмысын жүйелей түсетін үш бағытты ұсынды. «Біріншіден, азаматтардың арыздарының, шағымдары мен сауалдарының нақты жүйесін жинақтау қажет. Кез келген мемлекеттік органдарға түсетін арыз-шағымдарды да осы топқа жинаған жөн. Екіншіден, ашық және жабық тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, жұмыс топтары мен жұмыс ор­ганы «азаматтық жюри» сияқ­ты жаңа технологияларды пайда­ланғаны абзал. Төртінші кезекте әлеуметтік желі арқылы диалог жүруі керек. Осы төрт форматқа Президент Әкімшілігі назар аударып, кеңес мүшелерінің жұмысын қамтамасыз етуі керек. Кеңестің құрамы өте жақсы іріктелген. Тек енді сол құрамның жұмысын қамтамасыз ету қажет», деді саясаттанушы.

Сонымен бірге халық арасында Ұлттық кеңес туралы то­лық пікірдің қалыптаспағанын, қо­ғамның әлі де түсінбейтін тұстары барын ескертіп өтті. «Жалпы БАҚ пен әлеуметтік желідегі пікірлерге зер салсақ, ел арасында Ұлттық кеңес туралы нақты түсінік жоқ. Ұлттық кеңесті әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестермен шатасты­рып жатқандар да жетерлік. Ұлт­­тық кеңестің мақсаты мен мін­деті елге айқын емес. Бұл кеңес­тің республикалық деңгейде жұ­мыс істейтінін, оның Ұлттық мәр­те­бесі бар екенін түсіндіру қажет. Қоғамдық кеңестердің саяси партиямен емес, тек қана азаматтық сектормен жұмыс істейтінін айтып өту керек. Яғни, билік пен азаматтық сектор арасында делдал болып жұмыс істейді. Міне, елге екі кеңестің екі бөлек орган екенін, міндеттері мен қызметтері де бөлек екенін түсіндіру қажет», дейді Алуа Жолдыбалина.