• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2019

Инсульт мәселесі өзектілігін жоймайды

904 рет
көрсетілді

Елімізде инсультке шалдыққандардың саны азаймай отыр. Оған адамдардың саламатты өмір салтын сақтамауы басты себеп көрінеді. Биыл бас қалада төртінші жыл қатарынан өткізілген «Инсульт мектебі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына жиналған мамандардың пікірі осыған саяды.

Екі күнге созылған басқосуға елі­міз­дің барлық өңірінен бөлек Ресей, Украина, Италия және Аустрия сияқты елдерден мамандар жиналып, неврология, нейрохирургия, реаниматология және оңалту саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орта­лы­ғы­ның директоры, нейрохирург Ержан Әділбековтың баяндауынша, елі­міз­дегі инсульт алғандардың саны 40 мыңнан асады. Оның 85%-ы – ұйыған қан түйіршіктерінің (тромб) ми қан тамырын бітеуінен пайда болатын ақ (ишемиялық) инсультке шалдыққандар. Мамандар инсульттің бұл түрін тек алғашқы 3 жарым сағатта ғана емдеуге мүмкіндік бар екенін айтады. Яғни, бет-аузы қисайып, тілі күрмеліп, аяқ-қолы жансызданған адам бірден жедел жәрдем көмегіне жү­гінген абзал. Сондықтан да же­дел жәрдем қызметін дамыту аса маңызды. Әсіресе ауылдық жер­­лердегі жедел жәрдем қызметін сын­ға алған Денсаулық сақтау минис­трлігі Медициналық көмекті ұйым­дас­тыру департаментінің директоры Асқар Хорошаш бұл бойынша министрліктің арнайы бағдарлама дайындап жатқанын да жеткізді.

Бұл дертке ұшырағандарды жас ерекшеліктеріне қарай жіктейтін болсақ, 4%-ы 16-40 жастағы, 37%-ы 41-60 жастағы, 31%-ы 61-70 жастағы адамдар болса, ал қалған 28%-ы 70-тен асқан қарттар екен. Сондай-ақ 40-70 жас аралығындағы науқастардың 68%-ын ер кісілер құрайды. Қазіргі кезде инсульт алғандардың 5 мыңы алғашқы 10 күнде өмірімен қош айтысса, 5 мыңы бір ай ішінде бақилық болады екен.

Бүгінде елімізде 58 инсульт орта­лы­ғы жұмыс істейді. Соңғы үш жылда жыл сайын 10 орталықтан ашылып отырғанына қарамастан инсульт алғандардың саны азаймай отыр. Мысалы, 2017 жылы еліміз бойынша 100 мың адамға шаққанда 227,7-сі осы дертпен ауруханаға жеткізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 229,7 адамға жеткен. Мамандар аталған дерттің ден­деуіне тосқауыл қою үшін алдын алу шаралары өте маңызды екенін алға тартады. Әсіресе саламатты өмір салтын сақтау – денсаулықтың кепілі. «Бізде емханаларда саламатты өмір сүру кабинеті бар және ол тегін, әрбір пациентке қолжетімді. Бұл көптеген елде жоқ. Сонда инсульт мектебі, инфаркт мектебі сияқты неше түрлі мектептер бар. Бірақ халық ол жерге бармайды, дәрісін тыңдамайды. Кәмелетке толған әрбір адам сол кабинетке барып, болмағанда 12 сабағын тыңдауы тиіс», дейді Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының бас маманы, невролог дәрігер Зәуреш Ахметжанова.

Италиядан келген невролог Фран­чес­ка Романа да аурудың алдын алу ерекше маңызды екенін айтады. «Италияда 68 млн халық тұрады. Жыл сайын 107 мың адам инсультке шалдығады. 200 инсульт орталығы бар. Соңғы 20 жыл ішінде бұл ауруға шалдығатындардың саны 45 мың адамға азайды. Осы көрсеткішке жету үшін әр дәрежедегі мемлекеттік органдар барынша күш салды және алдын алу шаралары тыңғылықты жүргізілді. Әсіресе темекі тартуды шектеу сияқты саламатты өмір сүру салтын дәріптеудің нәтижесі көңілден шықты. Осы арқылы инсультке шалдығатындардың санын азайтсақ, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы мүгедек болып қалатындарды азайттық. Бізде емханалардан бөлек, зауыт сияқты кейбір қызмет орындарында да инсульттің алдын алу кеңселері жұмыс істейді», дейді профессор Франческа Романа.

Конференцияны ұйым­дас­ты­ру­­шылар Жастар жылына орай биыл тұңғыш рет «Жас невролог» бай­­қа­уын өткізді. Оған еліміздің әр ай­мағынан 20 невролог келіп қа­ты­сып, өз тәжірибелерін баяндады. Жас мамандардың осы салаға көп­теп келуін және олардың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мақсатында өткен байқауды ұйымдастырушылар дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.