Қойманы көшіру жұмыстары баяу
Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери қойманы көшірудің қарқыны баяу болуын екі себеппен байланыстырып отыр.
Біріншісі – қауіпсіздік қағидаларын мүлтіксіз сақтау. Оның ішінде оқ-дәрі салынған жәшіктерді тексеру, тиеу мен тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шаралары алғашқы орынға шығады.
Екіншісі – сол жүк орналастырылатын жерді әзірлеу. Бұл кезде арнайы қоймалар салынып, олардың елді мекендерден аулақ орналасуы ескеріледі.
Ең бастысы, Арыстағы қоймаларды тұтас темір жол желісімен байланыстыратын шойын жол осыдан бірнеше жыл бұрын тарқатылып алынып, әскери бөлімге едәуір қиянат жасалған. Қорғаныс министрінің баяндауынша, бұрын темір жол өткен жерге қазір мектеп пен тұрғын үйлер салынып кеткен. Сондықтан да қоймадағы қауіпті жүк алдымен автокөліктерге тиеліп, теміржолға дейін жеткізіліп, одан әрі вагондармен тасымалдануда. Бұл – уақыт пен қаржы шығынан көбейткенімен, басқа амал жоқ. Қаражат демекші, әзірге күні бүгінге дейін жетпей келген және нақты іске қажетті қаражаттың көлемі айтылған жоқ.
Арыстағы қару-жарақ қоймасының қаупі жайында 2009 жылы Парламент депутаты ретінде алғашқы болып дабыл қағып, Үкімет басшысына сауал жолдаған ҰҚК ардагері, генерал-майор Ержан Исақұлов әскери қоймадағы қалған қару-жарақ пен оқ-дәрілер есептеліп, оларды қаладан тыс жерлерге шығарып, залалсыздандыру жұмыстары басталғанымен, босаңсуға болмайтынын айтады. Өйткені қоймадағы барлық жарылғыш заттар түгел залалсыздандырылмай, қауіптің беті қайтты деу ерте.
– Ендігі кезекте барлық ауыртпалық әскерилерге түседі. Қоймадағы 28 мың тонна оқ-дәрі дегеніңіз өте көп нәрсе және оларды жатқан орнынан қозғап, басқа жаққа автокөлік пен вагондармен тасымалдау, содан кейінгі залалсыздандыру жұмыстары өте қауіпті. Ол үшін тәжірибелі саперлер мен озық технологиялар және арнайы құрал-жабдықтар қажет. Кез келген қателік апатқа алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл жұмыс мұқият дайындықпен, сақтықпен жүргізілуі тиіс. Менің ойымша, мемлекет тарапынан әскерилерге толық қолдау көрсетіліп, мұндай қауіп басқа жердегі әскери қоймаларда болмау үшін алдын алу шаралары іске асырылуы керек. Арыстағы жағдай баршамызға ескерту сияқты, оның салдарының бұдан да қауіпті болмағанына шүкіршілік етіп, сабақ алу керек, – дейді Е.Исақұлов.
Қару-жарақтар әлі де ашық аспан астында сақтаулы
Еліміздегі әскери қоймалардағы қауіпсіздік пен қару-жарақтың сақталу тәртібіне байланысты Қазақстан Қарулы Күштері Қару-жарақты басқару бас басқармасының бұрынғы бастығы Геннадий Носоновскийдің пікірін білдік. Қазір құрмет демалысындағы генерал-майор әскери қоймалардағы оқ-дәрілер мен қару-жарақты сақтау қағидалары, ережелері қатаң сақталуы тиіс деп есептейді. Екіншіден, қару-жарақ қоймаларында өрт қауіпсіздігі ережелері мүлтіксіз орындалуы керек. Үшіншіден, сақтау мерзімі өткен және жарамдылық мерзімі таяған қауіпті қарулар мен оқ-дәрілерден тезірек құтылуға асығу қажет.
– Әскери қоймалар ішінде сақталған мүліктің көлемі жағынан Арыстағы арсеналдан үлкені жоқ. Арыстағы оқиға Наган тапаншасының оқпантайы сияқты – қашан атыларын білу қиын жағдай еді. Бірақ көп жылдардан бері жинақталған жағдайлар осы оқиғаға ұрындырғаны анық. Қойманы көшіруге ұзақ уақыт бойы ауқымды материалдық қиыншылықтар тежеу болып келді. Сондықтан әскерилер қолда бар мүмкіндіктеріне байланысты төтенше оқиғаның алдын алудың қамын жасауда аянып қалған жоқ, – дейді Г.Носоновский.
Генерал-майордың айтуынша, еліміздің аумағында орасан зор қару-жарақ жинақталып қалған. Бірақ жергілікті атқарушы орындар қауіпті нысандарға жақын аумақтан жер телімдерін оңды-солды бөліп келеді. Ал іс жүзінде мұндай қауіпті құрылымдардың маңайында тұрғын үй салу түгілі, мал жаюға рұқсат етілмейді.
Г.Носоновский 2001 жылы Балқаш қаласынан 45 шақырымдай қашықтықта орналасқан Тоқырау әскери бөлімінің қоймасындағы жарылыстың салдарын жоюға қатысқан. Ол кезде жарылыстың қуаттылығы сонша, әскери бөлім орналасқан маңай тып-типыл болған екен.
Маманның айтуынша, әдетте әскери қоймалардағы жарылыстың нақты себебін анықтау оңайға соқпайды. Өйткені қойманың айналасы түгел қопарылып, астаң-кестең болатындықтан, ілік табу қиындап кетеді.
Әскери маман әрбір әскери бөлімнің жанында болатын оқ-дәрі мен қару-жарақ қоймаларының да қауіптілігін жоққа шығармайды. Сондықтан да қорғаныс саласына жауапты тұлғалар әлемдегі озық технологиялармен танысуы қажет.
– Әлемде, оның ішінде батыс елдерінде қару жарақты қауіпсіз сақтаудың үлгілері жетерлік. Біздің әскерилер соны барып көруі керек. Реті келсе, еліміздің орталығынан жаңадан сатып алынған қару-жарақтар сақталатын заманауи қойма салған дұрыс. Жарамсыздарынан құтылу керек. Біздегі қоймалардың көпшілігі Кеңес Одағының Қытаймен қарым-қатынасы шиеленіскен тұста көбіне-көп уақытша сақтау орны ретінде салынған. Ондағы артиллериялық және инженерлік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің көбі жерге жай текшеленіп қаланып орналастырылған. Сондықтан оларды қауіпсіз деп айту қиын, – деп ойын қорытты Г.Носоновский.
Халықаралық сарапшылар: жарылыстан сақтану оңай емес
Қазір Арыстағы оқиғаға байланысты сырттай тон пішіп, тіпті кінәлілерді де долбарлап анықтап, әлеуметтік желіде үкім кесіп қойғандар жеткілікті. Бірақ мұндай жағдайларды кәсіби әскерилердің, тіпті болмағанда осы салаға маманданған сарапшылардың пікірі құнды болатыны анық. Мәселен, polit-asia.kz интернет-порталында Тәжікстанның әскери шолушысы Абдулмаджид Давлатов Арыста болған жағдайға қатысты пікір білдірген.
– Арыстағы жағдайды бақылай отырып, бейбіт тұрғындар арасындағы зардап шеккендердің саны анағұрлым көп болуы мүмкін еді деген қорытындыға келдім. Біріншіден, жарылыс өте жойқын болды. Ол, тіпті жанынан ұшып өткен ұшақтардың терезелерінен көрінді. Екіншіден, қазақстандық баспасөз беттерін ақтара отырып, арсенал маңындағы таяу жерде жекеменшік үйлер ғана емес, сонымен бірге, негізінен халық мекен еткен көп қабатты үйлер орналасқанын білдім, – дейді сарапшы.
Ал Қырғыз Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бұрынғы басшысы Жаныбек Капаров CApress интернет порталына сұхбатында мұндай төтенше жағдайдың туындауынан әлемнің бүкіл армиясы сақтандырылмағанын атап өтті.
– Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтауды ұйымдастыру процесі күрделі. Арсеналдардағы, қоймалар немесе зауыттардағы оқ-дәрілердің жарылысы біраз уақыт бұрын Ресейде, Украинада болған. Тіпті, батыс мемлекеттерінде де мұндай жағдайлар тіркелген. Әрине, осындай төтенше жағдайға жол бермеу керек. Дегенмен мұндай жағдай орын алса, ел билігі зардап шеккендердің санын азайтуға және оқиғаның бақылаудан шығып кетпеуіне жол бермеуі үшін барынша күш-жігерін жұмсауы қажет, – деді әскери маман.
Жалпы әскери арсеналдар мен оқ-дәрілерді сақтау қоймаларындағы төтенше жағдайларға негізінен жоғары температураның салдарынан өздігінен тұтану, өртке қарсы қауіпсіздік шараларының бұзылуы, оқ-дәрілерді сақтау талаптарының бұзылуы, немқұрайлылық, адам факторы, диверсия себеп болып жатады. Дәл осы нұсқалардың қай-қайсысын да Қорғаныс министрлігі жоққа шығармайды. Осыған байланысты қазір өзге қоймалардағы жағдай да мұқият тексерілуде.