• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2019

Шаған шайқасы батырларына белгі қойды

1710 рет
көрсетілді

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Несіпбек Айтұлы өз туындыларына үнемі батыр бабалардың жырын арқау етіп келеді. Оның поэмаларын оқығандар ақынмен бірге арқаланып, қазақтың көне замандағы даласына сапар шегеді.

Қабырғалы қаламгер жақында Абай ауданының орталығы Қарауылға арнайы келіп, Тоқтамыс ауылының маңындағы Шаған шайқасына қатысқан, елі үшін, жері үшін мерт болған қазақ батырларының құрметіне тас қойды.

– Өткен тарихтан белгілі Қоңыр әулие үңгірі алдында қазақтар мен қалмақтар арасында 1757 жылдары кескілескен шайқас болған, – деді аудандық «Абай елі» газетінің бас редакторы Әсет Мырзақасым, – тарихта «Шаған шайқасы» деп аталған бұл оқиға – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» атты көркем туындылары мен тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» еңбегінде жақсы баяндалған.

Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында қосып жатқан үлесі үшін Несіпбек Айтұлына ризашылығын білдірді.

– Қоңыр әулие басына қазіргі ұрпақ ел мен жерін танысын деген мақсатпен тас белгі қоюыңызды толық құптаймын, – деді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров, – біздің талапты ақын жастарымыз өзіңіздей айтулы ағаларымыздан үлгі алып өссе біз үшін зор ғанибет.

Жиналғандар Қоңыр әулие үңгірінің құпиялары мен Шаған шайқасының шындығын ашуға тарихшылар мен архео­лог ғалымдарымыздан бей-жайлық, немқұрайдылық танытып отырғанын Несіпбек Айтұлына айтқан кезде, ол бұл мәселе алда тиісті мекемелерде сөз болатындығын, Бородино шайқасы орыс халқының өткен тарихында ерекше уақиға болса, Абылайды тану үшін, қазақ-қалмақ соғысының шындығын ашу үшін Шаған шайқасының орны зор, оны зерттеу керек деді. Осында суы шипалы деп емделуге келуші мыңдаған, миллиондаған адам Қоңыр әулие үңгіріне ғана таңғалмай, тарихымызды танып, батыр бабаларымыздың ерлігіне бас иіп, құрмет етуі керек деген ойын да айтып өтті.

Сөйтіп, ақын Несіпбек Айтұлы мынадай жазуы бар тас белгі қойғызды: «Бұл жерде XVIII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында хан Абылай, Қабанбай, Бөгенбей, Олжабай, Бердіқожа, Мамай, Тоқтамыс, Баймұрат, тағы басқа батырлар қатысқан Шаған шайқасында Қоңыр әулие қорғанында мерт болған қазақ сарбаздары жерленген. Найман-Төртуыл бұтағынан тарайтын Жауғаш батыр ұлдары Сарыбай мен Түгел екеуі бір қабірде жатыр. Отан үшін шейіт болған ерлердің рухы мәңгі өшпей, ұрпақтары жасай берсін! Белгі қойған ақын Несіпбек Айтұлы. 2019 жыл, шілде».

Тасқа түскен таңбадай жазуға ешқан­дай анықтама берудің қажеті болмас. Белгі тас басында тебірене сөйлеген Несіпбек Айтұлы ағамыз осынау игі шараға қатысқан Абай, Аягөз елінің басшыларына, азаматтарына, даңқты балуан Айбек Нұғымаров бастаған жастарға, ас беруге атсалысқан Семей, Абайдан келген туыстарына айрықша рақметін жаудырды. Қорымда жерленген қазақ батырларының рухына бағышталып құрбан шалынып, ас беріліп, Құран қатым түсірілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы