• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Шілде, 2019

Әлеуметке бағытталған экономика мемлекеттің ғылыми-техникалық басымдықтарын жан-жақты меңгеруді қажет етеді

1029 рет
көрсетілді

Әлемдегі саяси ахуал, қаржы жүйесіндегі өзгерістер, нарықтағы бәсекелестіктің артуы, жаңа технологиялардың дамуы, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік шиеленістер сияқты ғаламдық мәселелерді қозғаған экономист-ғалым­дар экономика ғылымдарының докторы, профессор Марат Кенжеғозиннің туғанына 80 жыл толуына орай өткен «Қазақстан экономикасы: қазіргіден болашаққа» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бас қосты.

Әлемдік экономика револю­циялық технологиялар негізінде қарқынды түрде дамып келеді. Адамзаттың жаңа тарихи кезең­ге қадам басуы қоғамның бар­лық саласында, экономикада, мәдениетте және психологияда, т.б. ауқымды өз­герістерге әке­летіні сөзсіз. Бі­рақ біз қандай кезең болсын Қазақ­станның дамуы­­на зор үлес қосқан ұлы адам­­дарды, сон­дай-ақ ұлттық тари­хы­мызды ұмыт­пауға тиіспіз. Кон­ферен­цияның ашылуында осындай ауқымды ойларын ортаға салған  Экономика инсти­тутының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин отан­дық ғылымның дамуындағы Марат Кенжеғозиннің еселі ең­бек­­теріне тоқталды. Қиын-қыс­тау кезеңдерде институт­қа бас­шылық еткен Марат Балғо­жа­ұлы ғылыми бағыттарды  дамы­тып, қайта құрумен қатар қар­жы мәселесінің шешілуіне ба­рынша күш-жігерін салды.  Ғалым әсіресе экономикалық-мате­матикалық әдістерді әзірлеу мен енгізу, жобалау мен жоспарлау, экономикалық үдерістерді жү­йелі түзу, экономикалық ки­бер­нетика әдістерін пайда­лану арқылы шаруашылық қадам­дар­ды оңтайландыру, макроэ­коно­микалық мәселелер, ұлттық өндірістік күштердің инте­грацияланған жүйесін құры­лымдау мен қор нарығын дамыту сияқты маңызды салалардың дамуына ықпал етті. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүзеге асырудағы ғылыми жұмыстары ел дамуының қандай кезеңінде де маңызды рөлге ие. Ғалым-экономистердің ішінде  ұлттық валютаны енгізуде бірінші болып мәселе көтеріп, ұлттық валюта енгізілгеннен кейін де  теңгені нығайту шараларына атсалысты. Марат Балғо­жа­ұлы­ның жетекшілігімен 22 ғы­лым докторы, 45 ғылым кан­ди­даты даярланып, 400-ден ас­там ғылыми жұмыстары, 25 мо­но­г­рафиясы жарыққа шық­ты. Әсіресе ғалымның «Эконо­мика: «Әлемдік классика» 10 том­дық еңбегі ғылыми қауым­дас­тықтың жоғары бағасын алды.

Марат Балғожаұлының эконо­мика ғылымының дамуына қосқан  үлесіне ҰИА акаде­мигі Аманжол Қошанов кеңі­нен тоқталып өтті. Эконо­мика институтының басшылы­ғына келгенге дейін АШК рес­пуб­ликалық жоғары мек­тебін басқарған ғалымның матема­тикалық тәсілдерді (кибер модельдер) пайдалана отырып, экономикалық үдерістерді  оң­тай­ландырудағы, институт жанын­дағы докторлық кеңестің мүшесі ретінде академиялық жобаларға қатысқан кезеңдегі еңбектері отандық ғылымның дамуына зор ықпал етті.

1995-2006 жылдарда Марат Балғожаұлы ғылыми әрі ұйым­дастырушылық қызметімен ерекшеленді. Бұл жылдар әсі­ресе институт қызметіндегі дағ­­дарыс­ты жылдармен түспа-тұс кел­­ді. Әлемдік қаржылық дағда­рыс нарықтық реформаларды жүргізуді қиындатқан кезең­дерде  академиялық ұжым­ның ір­гесін сөкпей, ғылыми-зерттеу бағыт­тары мен құрылымын, на­рықтық жағдаймен байланыс­ты ауқымды тақырыптар­ды  жетіл­діруге барынша күш салды.

Институтқа басшылық жасай отырып, Марат Балғожаұлы республиканың транзитті эко­номикасындағы нарықтық құ­ры­лымдану мәселелерін ше­шуге атсалысқаны белгілі. Мак­ро­экономикадағы жетекші эко­номистердің бірі ретінде  «На­рықтық экономиканың қазақ­­стан­дық үлгісін құрылым­дау, жү­йелеудің теориясы мен тәжі­рибесі» ғылыми бағы­тына жетекшілік етті. Соны­мен қатар институт Кенжеғо­зин­­нің басшылығымен «2003-2012 жыл­дары Индуст­риялық-ин­но­ва­циялық бағдар­лама­сы­ның» бастамасына айналған «Қазақ­стан Республикасындағы ұл­т­тық инновациялық жүйе­сін құрылымдауды» ұйым­дас­тырды. Экономика институты­ның ұжымы ел экономикасын дамытуда макроэкономикалық тұрақтылықтың ғылыми негіз­дерін және ұзақ мерзімді даму­дың стратегиялық басым­­­дық­тары негізінде ұлт­тық өн­діріс­тік күштердің жүйе­сін мо­дер­низациялауды алғаш­қы­лар­дың бірі болып әзірледі. М.Кен­жеғозин, сонымен қатар Еура­зия­лық одақ интеграциясы мен қорларды тиімді пайдалануда аймақтық экономиканың көкейтесті мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Нарықтық қайта құруларды тереңдетуді есепке ала отырып әрі жаһан­дану үдерісіндегі бастамалар мен жаңашылдықтарды терең­нен зерттеуге басшылық етті.

Марат Балғожаұлының ұлт­­­­тық экономиканы дамыту­да­ғы ғылыми ізденістері тура­лы пікір білдірген ҰИА ака­де­мигі Оразалы Сәбден әлем­дік өр­кениеттердің дамуын те­рең зерттеген маман ретінде мем­­лекетті бестік спиральмен басқарудың жаңа парадигмасымен таныстырды. «Бестік спираль»: мемлекет, шағын, орта және ірі бизнес; ҒЗИ және университеттер; қоғам, адам­ның қажеттілігі және олардың ақ­па­раттық өзара әрекеттесуі. Әлемдік өркениеттің дамуы тұр­ғысынан алғанда рухани ком­поненті бар интеграциялық-инно­вациялық қоғам құруы­­мыз қажет, ол әлемдік қауым­дас­тық­тықтың осы күнге дейінгі жи­нақ­талған алдыңғы қатарлы озық үлгілерін, жоспарлы және нарық жүйелерін синтез­деу ар­қылы жүзеге асырылатын бо­лады. Яғни, бүгінде Қазақ­стан экономикасының жедел қар­қынмен дамымай отыр­ған себебі мемлекеттің, бизнес­тің, ғылымның және тұтыну­шы-қоғамның күшін бірік­тіру тәсі­лінің жүзеге аспай отырған­ды­ғы», дейді ғалым. – Қазақ­стан­да инновациялық эконо­миканы Үкімет пен бизнес, яғни мемлекет-жекемен­шік әріптестік  (МЖӘ) арқы­лы қалыптасатын үлгі қабыл­данған. Бірақ дамыған елдердің тәжі­рибесінде оны мемлекет­пен бірге бизнес және ғылы­ми-зерттеу институттары (үш­тік спираль) жасауы тиіс. Экономи­каны жедел қарқын­мен дамыту үшін, мемлекеттің ғылыми-тех­ни­калық саясатының басым­дық­тарын жан-жақты меңгеруіміз қажет. 

Руханият мәселесін экономикамен тығыз байланыстырған Оразәлі Баймұратұлы осы бағыт­та Кенжеғозиннің ел ғылымы дамуындағы ерен үлесіне тоқ­талып, артында қалдырған бай мұрасы – шәкірттерімен мақ­тануға болатынын жеткізді. Осы ретте атақты адамдар тәжі­­ри­­бесіне орай жасалған «4Т» пі­шінінің – «талант +ең­бек+ са­ламатты өмір салты +ұжым­­дағы шығармашылық ахуал­дың» жас ғалымдарға әсе­ріне тоқталды. Ғалымның айтуын­ша, үйлесімді экономика құрудағы жастардың мүмкіндігі зор. Ұжым­дағы қолайлы ахуал жаңа мүмкіндіктердің ашылып, тұрақ­ты дамуға тікелей әсе­рі бар еке­ніне байланысты  ғылы­ми тұжырымдарын ортаға салды. 

Конференцияда қозғалған ауқымды тақырыптың бірі отандық банк секторының дамуына арналды. «Банк секторын шоғырландыру; халықаралық тәжірибе және қазақстандық кейс» баяндамасында экономика ғылымдарының  докторы Серік Святов Қазақстанның банк жүйесінің жаңа құрылымын қалыптастырудағы маңызды бағыт бірігу екенін атап өтті. Таяу келешекте дәстүрлі банк жүйесі қатысушыларының саны бірте-бірте қысқарып, сапа­сы жағынан артуы қажет. Делдалдық қызметін сапалы орындауға, әсіресе бизнесті несиелеуді қайта қалпына кел­тіру мен қаржылық тұрақ­ты­лықты сақтауға қабілетті банк нарығында 10-15 кредит инсти­туттарының шоғырлану мүм­кіндігін сипаттаған ғалым мұның сәтті жүзеге асуы үшін  шетелдің үздік тәжірибелерін пайдалана отырып, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін бі­рік­тіру қажет деп атап өтті. 

Ал «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі» тақырыбына кеңі­­нен тоқталған Қазақ АӨК эко­но­­м­и­касы және ауыл­дық аумақ­тар­ды дамыту ҒЗИ пр­офессоры, экономика ғылым­дарының докторы Алтын­бек Молдашев аграрлық өнер­кәсіптің бәсекеге қабі­лет­ті­лігін дамыту үшін ғылыми-зерт­теулердің тиімділігін, ғылы­ми бірлестіктерді қаражат­­пен қажетті деңгейде қамтама­сыз ету қажеттілігіне назар аударды.   Қазіргі кезде агрокешен­дегі басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу. Мемлекет тарапынан қолдау бар, алайда, өнім өнді­ру көлемі төмен деңгейде.  Өң­деу өнеркәсібін дамытуда шикі­зат көлемі мен сапасының төмен­дігі, инфрақұрылымдар дамуының тежелуі, шикізатты сақтау мен тасымалдау мәсе­лесі, жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындардағы құрал-жабдық­тардың ескіруі, шиізат сатып алу, айналымдағы қордың жоқ­тығы сияқты мәселелер кедергі болуда. Осындай қордаланған мәсе­лелерді шешіп, өңдеу кә­сіпорын­дары мен азық-түлік өнер­­кәсібін дамыту үшін мем­лекеттік бағдарлама қабылдау қажеттілігін көрсетіп отыр. 

Отандық экономика ғылы­мы­ның дамуын жоғары сатыға көтерудегі  Кенжеғозин ілімі конференцияда ауқымды, көкей­кесті мәселелердің қозғалуына ықпал етті.  Бүгінде ұлттық сипаты бар әлемдік экономикалық мектептер үлгісі әр мемлекеттің экономикалық ерекшеліктерін көрсетеді. Қазақстанның экономика ғылымы, міндеттері мен зерттеулері әлемдік экономика негізінде дамып келеді деген мамандар ұлттық экономиканы дамыту тетіктерін зерттеу мен зерделеудің күннен-күнге өзекті болып отырғанын ортаға салды.  АЛМАТЫ