Бұл оқиға туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев арнайы мәлімдеме жасады. Жария болған мағлұмат бойынша «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторларына шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін республика көлемінде «Ұстау» жоспары жасалып, қолдағы деректер барлық аймақтарға жөнелтілген. Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшірілген. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға блок-бекеттер қойылып, үш облыстың автожолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілген. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты.
Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып, қамауға алынды. Сондай-ақ қылмыс орнынан 20 шақырым жерде қалдырып кеткен «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар белгіленді. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қорықшы Қ.С.Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К.Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьерліктің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлады. «Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды, 32 адам ұсталды. Сондай-ақ 634 киік мүйізі, қылмыс құралдары, 13 автокөлік және 19 атыс қаруы тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты. Браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құралын тәркілеу туралы ұсыныстар енгізілді. Табиғат және жан-жануарлар әлеміне қатысты заңдарды бұзушылар келтірген зиян үшін өндірілетін өтемақы мөлшерін арттыру мәселесі де пысықталуда. Орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемін қорғау бөлімшелерінің көліктерін арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтап, белгілі бір түске бояу туралы іс-шаралар әзірленді», деп көрсетілген министрдің мәлімдемесінде.
Киіктердің өмірін арашалап жүріп ажал құшқан Қаныш Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 26 шілдеде Қарағанды облысының Жезқазған қаласында өтеді. Марқұмның денесі туған ауылына ертең жеткізілсе, туыстары мен жақындары жаназасын жұма күні шығарады.
Ал жараланған екінші инспектор Самат Оспановтың өміріне қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған жоқ. Оған Державин аудандық ауруханасында ота жасалды. Көп бейінді аурухана директорының хирургия жөніндегі орынбасары Дмитрий Чайков науқасты қосымша тексеруден өткізіп, кеуде қуысын және иық сүйегін компьютерлік томографияға түсіргендерін хабарлады. Қазір ол травматология бөлімшесінде күзеттің қадағалауымен арнайы палатаға жатқызылған.