• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2013

Қоян өсіру

2231 рет
көрсетілді

Қоян өсіру

Сенбі, 25 мамыр 2013 2:46

Қоян барынша өсімтал келеді. Осы қасиетінің арқасында тез көбейеді. Бизнестің бұл түрі сондықтан да барынша тиімді болып табылады. Оның үстіне, одан әртүрлі өнімдер алуға болады. Мәселен, қоян терісінен тон, қалпақ, жаға, манто, жакет секілді көптеген киімдер тігіледі. Сонымен қатар, еті де дәмді және тез қорытылады.

 

Сенбі, 25 мамыр 2013 2:46

Қоян барынша өсімтал келеді. Осы қасиетінің арқасында тез көбейеді. Бизнестің бұл түрі сондықтан да барынша тиімді болып табылады. Оның үстіне, одан әртүрлі өнімдер алуға болады. Мәселен, қоян терісінен тон, қалпақ, жаға, манто, жакет секілді көптеген киімдер тігіледі. Сонымен қатар, еті де дәмді және тез қорытылады.

Қоянның 200-ден астам түрі бар. Қазақстанда бірнеше түрі өсіріледі. Қоян салмағы 7 келіге дейін, ал кейбір жағдайларда 9 келіге дейін тартады. Қоянды етімен қатар жүні және терісі үшін өсіреді. Ол үшін қажетті тұқымды таңдап алу қажет. Мәселен, жүні үшін өсірілетін қоян терісінің жүні 12 сантиметрге дейін жетеді.

Қоянды күту. Жеке шаруа­шы­лықта қоянды күтудің көптеген тәсілдері бар. Мәселен, оны кең сарайдың ішінде өсіруге болады. Бірақ, мұның бір кемшілігі қоян еркін қыдырыстап жүргендіктен, оның әртүрлі жастағы аталығы мен аналығы бір-бірімен шағылысқа түседі де, тұқымдық қасиеті мен сапасын бақылауда ұстау мәселесі қиындай түседі. Оның үстіне қоян әдетте өз інін жер астынан тереңдеп қазатындықтан, оның қалай көжектегендігін аңғармай да қаласыз. Сондықтан, қоянды бұ­лайша күту түрі тиімсіз деп есеп­теледі.

Мамандар көп жағдайда қоян­дар­ды жекелеп немесе шағын топ­пен клеткаға қамап ұстауды ұсынады. Клетканы кез келген құрылыс материалынан жасап алуға болады. Оның құрылысы барынша қарапайым, қоянды күтуге, соның ішінде азықтандыру мен тазалық жұмыстарын жүргізуге қолайлы болғаны жөн. Мәселен, оны 0,8-ден 1,0 метр биіктікте орна­ластырсаңыз, бұл сіздің қоз­ғалысыңыз үшін тиімді. Қоянды азықтандырғанда немесе клетканы тазалағанда жерге көп еңкейіп, қиналып жатпайсыз.

Тағы бір ескеретін мәселе, клеткаларды құрғақ және жасыл ағаштармен көмкерілген жерде орналастырған дұрыс. Бұл туралы нақты ақпараттыhttp://agrariy.net/view2_3.html және http://krolix.org/soderzhanie_krolikov.htmlсайттарынан ала аласыз.

Қоянды көбейту. Қоян 3-3,5 айында жыныстық тұрғыдан жақсы жетіліп үлгереді. Бірақ, оны бұл кезде шағылысқа қосу тым ерте деп есептеледі. Өйткені, бұл уақыттан оның өсу үдерісі аяқ­­талмайды. Сондықтан, ірі тұ­қым­ды қояндарды салмағы ке­мінде 3,5 келі тартатын 5 ай­ға жет­кен мезгілінде, ал орта сал­мақ­ты қояндарды 4 айдан асқаннан кейін барып шағылысқа қосуға болады.

Қоян жиі және көптеп кө­жек­тейді. Бір көжектегенде орта есеп­пен 6-7-сін туады. Кейбір жағдайда көжектердің саны 17-ге дейін жетуі мүмкін. Аналық қоянның бір жылдың ішінде 4-5 рет көжектей алатындығын ескерсек, қоянның қаншалықты тез көбею қасиетіне ие екендігін түсінеміз.

Қысты күндері қоян көжектемес бұ­рын оның орналасқан жерін жақ­сы­лап қымтап жылыту қажет. Клетканың ішіне көлемі 55х30х20 сантиметр болатын арнаулы жәшік орналастырып, оның ішіне сабан салған дұрыс. Аналық қоян осында орналастырылады. Сондықтан бұл жәшіктің құрғақ, жұмсақ және таза болғандығын ескерген жөн.

Көжектер соқыр және саңырау, терісі жүнсіз тықыр болып туады. Аналық қоян толық көжектеп болысымен, бірден жәшік ішінен сыртқа шығады. Міне, осы кезде көжектердің тірі немесе өлі ту­ған­дығын тексеріп алған жөн. Өлі­сі мен өмір сүре алмайтын әл­сі­зін бірден алып тастаңыз. Сон­да аман туғандарының өсіп-же­тілуіне қолайлы мүмкіндік қалып­тастырасыз.

Көжектер туғаннан кейін клет­каның ішін күніне екі рет та­за­лап отыру керек. Себебі, гигие­налық тазалық жаңа туған көжек­тердің өмірі үшін маңызды қызмет атқарады.

Көжектер өмірге келген ал­ғаш­қы аптаның ішінде оларды тамақ­тандырамын деп әуре болудың қажеті жоқ. Олар бұл кезде ана сүтімен қоректенеді. Бір ескеретін мәселе, мұндай кезде клеткаға жиі барып, дауыс шығарып, аналық қоян­ның мазасын алуға болмайды.

Егер аналық қоян өз сүтімен кө­жектерді тойындыра алмаса, оларды қолдан қосымша азық­тан­дырып отыруға тура келеді. Ол үшін майынан ажыратылған құр­ғақ сүтке ақуызды және өсімдік майын қосып, араластырып беру қажет. Қоспаның 53 пайызын құр­ғақ сүт, 32 пайызын ақуыз, 12 пайызын күнбағыс майы құрағаны жөн. Қоспаны бермес бұрын оны 37-38 градустық температура шамасында қыздырып алуды ұмытпаңыз. Дайын болған қоспаны бөтелкеге құйыңызда, аузына емізік орнатыңыз. Көжектерді осылайша азықтандыруға болады.

Қояндардың негізгі азық түрлері. Қоян әртүрлі шөптермен азық­танады. Қырыққабат жапы­рақ­тарын, күнбағыс дәнектерін, жүгері дәні мен өркендерін ұна­­тады. Сонымен қатар, оған ағаш тамырларын, бақшалық да­қыл­дар қалдықтарын және сүрлем бе­руге болады. Қатты азық түр­ле­рінен шөп пен сабанды, ағаш бүршіктерін жей береді. Арпа, бидай, сұлы, құрамажем, тамақ қалдықтарын, астық қалдықтарын, шөп ұнтақтарын да бере беруімізге болады. Сонымен қатар, оған бір мезет тұз бен бор, сүйек ұнын беріп қойсаңыз жақсы болады.

Қоян өсірудің шығындары.

Клеткалар сатып алуға олардың саны мен көлеміне байланысты 40 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін ақша қажет;

20 қоян сатып алу шамамен ал­ғанда 60 мың теңгеден 80 мың тең­геге дейін қаржы жұмсалады;

Құрамажем сатып алуға 100 мың теңгеден 500 мың теңге ара­лы­ғында шығын шығаруға тура келеді;

Сонда сіздің барлық шы­ғын­дарыңыз өзіңіз өмір сүретін өңір­дегі баға жағдайына байланысты 200 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейінгі шығынды қажет етеді.

Қоян өсірудің кірістері.

Қоянның өте өсімтал келе­тін­дігін жоғарыдай айттық. Сонда сіз 20 қоянды өсіру арқылы одан бір жылдың ішінде 380 келіге дейін ет өндіре аласыз. Бір келі қоян еті шамамен 1200-1400 тұрады. Демек, сіз бір жылдың ішінде қоян етін сатудан 456 мың теңгеден 523 теңгеге дейін кіріс қаратасыз.

Бұл цифрлар қайдан алынып отыр? Егер, 20 қоян сатып алсаңыз олардың әрқайсысы сізге бір жылдың ішінде кемінде 10 көжек береді. Өсе келе олардың әрқайсысының салмағы кемінде 1,8-1,9 келіні құрайды. Сонда сіз бір жылда кемінде 200 қоян сата аласыз. 380 келі ет міне, осы қояндардан алынады.

Мұның сыртында сіз енді 200 қоян терісін сата аласыз. Олардың әрқайсысының бағасы кемінде 1000 теңге тұрады. Демек осының өзінен ғана қосымша 200 мың теңге пайда қаратасыз.

Сонда қоян өсіру ісі бір жыл­дың ішінде өзінің барлық шы­ғын­дарын ақтап, сізді едәуір пайдаға кенелтеді. Мұнан кейінгі жылдары сіздің өсіретін қояныңыздың санына байланысты түсетін кіріс көлемі барынша арта береді.

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

________________________________________

Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:

http://krolikoferma.ru/

http://www.greenrussia.ru/main/

kroliki/1100-organi­zaciya-razvedeniya-krolikov.html

http://www.rabbit.kz/component/option,com_frontpage/Itemid,1/

http://agrariy.net/view2_9.html

http://agrariy.net/view2_1.html

http://www.dachi74.ru/shivotnie/kroliki.htm

http://krolix.org/soderzhanie_krolikov.html