• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2019

Құқықтық мәдениетіміздің деңгейі қандай?

1459 рет
көрсетілді

Ата Заңымызда жазылғандай, біздің еліміз өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде ай­қын­дап, адамның құқықтары мен бостандықтарын қымбат қазы­н­а ретінде қарастырады. Ал құқық­тық мемлекеттерде азаматтар құқықтарының қор­ғалуы, ең алдымен, олардың құқық­­тық білім мен құқық бұзу­­шы­­лыққа қарсы тұра білу дең­­гейіне байланысты көрініс береді. Бұл – құқықтық мәдениет.

Ендеше, біздің әрқайсымыз үшін қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары десек, оны бағалай білу құқықтық мәдениеттің қайнар көзі екендігінде дау жоқ. Алайда, құқықтық мәдениет әр адамның өмір сүру құндылығы ретінде жеке тәрбиесінен көрініс бермей, жалпы мәдениеттің қажет­ті бөлшегі ретінде оны бойға сіңіру мүмкін емес. Сондықтан да біз­дің елімізде көбіне құқықтық мәде­ниетті заң талаптарын қатаң қол­дану ар­қылы ғана қалыптастыру ба­ғы­ты ұс­т­алады. Соған сай заң­ды біл­меу жауап­кершіліктен құтқар­май­­тын­дығы қатаң ескертіледі. Бірақ заң­ды біл­меудің салдары құқық­тық мәде­ниеттің жоқтығы емес, керісінше оның дәнін бойға сіңдіре алмау екен­дігі көп жағдайда назарға алына бер­мейді. Міне, осындай жағ­дай­лар­дың салдары құқықтық мәдениетті қалып­тастыру ісінің қанат жаюына шын мәнінде кедергі келтіретіні анық.

Олай дейтініміз, бірде танысымыз қызмет ететін мекеме алдында өрескел қылық көрсетіп тұрған жас жігіттерді көріп, оларға жайымен бұл теріс екенін, сондықтан бұл қоғамдық тәртіпті бұзушылық екенін айтқанымызда, шыны керек, дөрекі жауап алдық. «Не шаруаң бар, өзіміз білеміз ғой» дейді. Дәл солардың қасында өзге де азаматтар отырған. Бірақ олардың бірі әлгілерге ләм-мим демеді. Соның салдарынан біздің ескертуіміз, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» қалпында қалды. Ал көпшілік болып, әлгі өрескел қылық жасаған жігіттерді тезге сала қойғанда, олар мұндай әдетті ендігәрі қайталамас еді. Өйткені құқықтық мәдениетсіздік осындай ұсақ құқық бұзушылықтан басталады. Құқықтық мәдениетті сақтау туралы ескерту берген жандарға кейбіреулер ата жауын көргендей жиырыла қалады.

Сондықтан Елбасы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дамыған қоғам барлық жерде тəртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден жəне жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуі­міз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Сондықтан біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек. Біз əлеуметтік бүлдіргі пиғылды жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орын­дардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндет­ті түрде көрсетілетін жəне жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек. Мұның бəрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс» деген болатын.

 Бұл теріс қылықтарға мүлдем төзбеушілікті көздеген қағида қоғамның ең ұсақ құқық бұзу­шы­лықтар мен бұзақылықтарға сын көзбен қарау жауапкершілігін тудырғаны рас. Мұндағы негізгі мақсат – қоғамдағы ұсақ құқық бұзу­шы­лықтармен күрес жүргізе отырып, жалпы қылмыстың деңгейін төмен­деуіне ықпал ету еді. Соның арқа­сында бірқатар заңнамалар жетіл­дірілді. Əсіресе, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық атқару жəне қыл­мыс­тық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзу­шылық кодекстеріне өзгеріс­тер енді. Сөйтіп ұсақ құқық бұзу­шы­лыққа төзбеу – бұл қоғам­дық тəр­тіпті қамтамасыз ету мен ірі қыл­мыс­­пен күрес жүргізуге бастай­­­тын және жаппай құқықтық мәде­­ниет­ті қалыптастырудағы маңыз­ды қадам­дардың бірі ретінде ескеріл­ді. Бұ­дан кейін қоғамдық орын­дар­ды лас­тау жəне тағы да басқа мə­де­ниет­сіз­діктер құқық қорғаушылардың назарынан əсте тыс қалмауы тиіс еді. Алай­да бұл жұмыс қазіргі күні ақсап тұр­ған секілді. Яғни, кез келген тəртіп­сіз­діктер қатаң қадағалауда болғаны жөн дейміз де сонымен тоқталамыз.

Сондықтан да шығар, бойға сіңген теріс қылықты қатаң заң шара­­ларымен жою мүмкін емес­тей кө­рінеді. Мәселен, елорданың 20 жыл­дық тойында Есіл өзенінің үстінен салынған Атырау көпіріне бір автокөліктің шығып кеткені ел есінен әлі кетер емес. Талай адам бұл жүргізуші неге олай істеді екен деп таңғалады. Ал негізінде таңғалатын түгі де жоқ. Өйткені мұндай іс – біздің бойымыздағы өшпес теріс қылықтың бірі. Оның түп-төркіні құқықтық мәдениеттің қалыптаспаған өзегінде жатыр.

Бұл орайда «Жерұйық» саябағын алайықшы. Осындай саябақтың болғаны халықтың өзіне тиімді ғой. Алайда сол жақсылықтың қадірін бағалай алмайтын жандар ісіне қарныңыз ашады. Аталған бақтың айналасында арнайы көлік қоятын тегін орындар жетіп-артылады. Бірақ неге екені белгісіз, баққа серуендеуге келген бірқатар жүргізушілер көліктерін сол бақтың ішіне кіргізіп, тура балалар ойнайтын тұсқа тақап қояды. Ал негізінде мұндай саябақтардың сыртқы қоршауынан ішке көлікпен бір метр де кіруге болмайды. Бұл өзіңізді де өзгелердің демалыс құқын құрметтемеу, сыйламау болып табылады. Көлікпен ондаған метр бақ ішіне кірген екенсіз, одан не ұтасыз? «Міне, мені көрдіңдер ме?!» дегендік пе? Оның үстіне «Жерұйық» осы маңайдағы көптеген биік қабатты үйлер тұрғындарына таза ауа сыйлайтын дара бақ болғандықтан, халық та көп келеді. Әсіресе, балалардың сүйікті орны. Алайда үлкендер демалып отыратын, балалар асыр салып ойнайтын бақ ішінің тазалығы сын көтермейді. Ал оны небір қоқысқа толтыратын аспаннан түскендер емес, осы баққа серуендеуге келетін жандар. Осылайша адамдар саябақты тазалығымен, көркімен, сапалығымен өздеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын күнделікті қажетті демалыс орны деп емес, керісінше жаттың дүниесіне қарағандай салғырттық танытады. Одан кімге пайда?

Бұл арада шетелдерде құқықтық мәдениет анадай екен, мынадай екен деп салыстырудың реті бола қоймас. Өйткені еліміздің жоғарыда айт­қанымыздай, өзіндік салт-дәс­түріміз бен әдет-ғұрыптарымызды арқау етер заңдарымыз бар. Тек сон­дай заңдарымыз бар деп қол қусырып отырмай, оның орындалуын қада­ға­лаған жөн. Сонда оның талаптарын әу бастан бойға да, санаға да сің­діре алу құқықтық мәдениетімізді қалып­тастырудың оңды жолы болмақ.