• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Шілде, 2019

Мұнай-газ саласының бастауында: Мұхамбет Айтуұлы Исеновтің туғанына – 110 жыл

655 рет
көрсетілді

150 жыл бұрын басталған мұнайды өнеркәсіптік өндіру жұмыстары ғылыми-техникалық революцияға алып келді. Осы сәттен бастап мұнайдың адамзат өркениеті дамуында маңызды рөл ойнайтын дәуірі басталды. Мұнай тікелей және астарлы мағынасында ғаламшар өміріндегі барлық «қозғалтқыш белдіктерді» іске қосты. Мұнай адам баласына ғалам бойынша барынша жылдам қозғалуға: іштен жанатын қозғалтқышты пайдаланып көлікпен жүруге, аспанда ұшуға, теңізде жүзуге, ғарышты игеруге, жылуды пайдалануға, аграрлық кешенді тиімді дамытуға, өмір сүрудің ұзақтығы мен сапасын арттыруға мүмкіндіктер берді.

1899 жылы Гурьев (бүгінгі Атырау) облысының Қарашұңғыл кен орнында мұнайдың бірінші бұрқағы атқылады және содан бергі 120 жыл бойы­на Қазақстанның байлыққа толы жер қойнауынан өндірілген қара алтын мемлекетіміздің, әсіресе еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында аяғынан тік тұрып кетуінде орасан рөл атқарды.

Мемлекетіміздің мұнай-газ саласын ұйым­дас­ты­рудың бастауында алғашқылардың бірі болып мұнайшы-инженер Мұхамбет Исенов тұрған болатын. Мұхамбет Айтуұлының туғанына биыл 110 жыл толады.

1968 жылдың қараша айында мен Гурьев облысы Облыстық партия комитетінің ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі М.Қ.Тажиннен шақырту алдым. Әңгіме барысында Мұқам­бет­қазы Қауысұлы маған Маңғыстауда Жаңа­өзен ауданы құрылғанын, жуық арада комсомол комитетінің бірінші аудандық комсомол конференциясының өтетінін және хатшылары сайланатынын айтты. «Осыған байланысты жаңадан құрылған ауданға мамандығы мұнайшы және комсомол жұмысымен таныс жетекші қажет. Сен екі жылдан астам уақыт Доссор автомобиль, трактор және мұнай жаб­дық­тарын жөндеу зауытының бас инженері, сон­дай-ақ комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеп, біршама комсомол және басшылық жұмыстарын жүргізуде тәжірибе жинақтадың. Сон­дық­тан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сені ұсынғымыз келеді», деді.

 Келісімімді алғаннан кейін Мұхамбетқазы Қауысұлы мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.А. Исеновке ертіп апарды. Мұхамбет Айтуұлы бізді өте жылы қарсы алды, менің комсомол жұмысына ауысуға келісім бергенімді дұрыс шешім деп тапты. Ол КОКП ОК мен КСРО үкіметінің қаулысына сәйкес Маңғыстауда қуатты жылу-энергетикалық кешен құрылатынын айрықша атап өтті. БЛКЖО ОК Маңғыстау түбегін екпінді комсомол құрылысы деп жариялағанын және осыған орай Кеңес Одағының барлық түкпірінен комсомол жолдамасы бойынша өңірдің мұнай кен орындарын игеру үшін жастар ағылып келе бастайтынына назар аударды. «Жұмыс бастан асады, игеріп кете аларсың» деген сенімін білдірді. Әңгімеміздің соңында ол өзінің батасын беріп, жұмысыма сәттілік тіледі.

Мен Мұхамбет Айтуұлын бұған дейін баспасөз беттерінен ғана білетінмін және Мақат ауданы мен облыста өткізілген активтерге қатысу кезінде бірнеше рет сөйлеген сөздерін тыңдаған болатынмын, бірақ алғашқы көзбе-көз кездесуім өте жақсы әсер қалдырды. Осылайша маған өмірге жолдама берген Қазақстанның мұнай-газ саласын ұйымдастырушы адамның айтқан өсиеттерімен қоғамдық жұмысым басталды.

Мұхамбет Айтуұлы 1909 жылы Гурьев облы­сы­ның Доссор кентінде дүниеге келді. Еңбек жолын «Гогольский» балық кәсіпшілігінде көмекші, содан кейін қоғамдық мал бағушы болып бас­та­ды. 1924 жылы комсомол қатарына алынды. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін фабрика-зауыт училищесінің (ФЗУ) үш жылдық мектебінде оқыды, оны 1928 жылы аяқтады.

1928 жылы Орал губерниясының Х комсомол конференциясында Губерния комитетінің мүшелігіне, ал пленумда бюро мүшелігіне сайланды. Губернияның қайта құрылуына байланыс­ты Орынбор қаласына рабфакқа оқуға жолдамамен жіберіледі, оны 1930 жылы аяқтайды. 1931 жылы БКП(б) мүшесі болып қабылданды. 1931 жылы Мәскеу мұнай институтына оқуға түседі. Оқып жүрген кезеңінде Мәскеу қаласының Ленин аудандық партия комитетінің насихатшысы бола жүріп, комсомол ұйымының жұмысына белсенді түрде араласты. Сонымен бір мезгілде құрамында бір жарым мыңнан астам қазақстандық студент бар Мәскеудегі Қазақ жерлестері ұйымының төрағасы болып сайланды.

1937 жылы БКП(б) ОК шешімі бойынша КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының бұйрығымен Мұхамбет Айтуұлы басқа да жас мамандармен бірге жолдамамен Мәскеудегі Бас мұнай өндірісі аппаратына жұмысқа жіберіледі. Ол жерде бастапқыда инженер-диспетчер болып, кейіннен Орталық Азия мен Қазақстандағы мұнай жөніндегі өндірістік-өкімдік бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысы басталған кезеңде М.А.Исенов өз еркімен Кеңес армиясының қатарына алынады. Ол қызмет атқарған Әскери бөлім 1941 жылғы 25 қарашада Мәскеу түбінде жаумен алғашқы шайқасқа түсті. Майданда басқару взводының командирі, миномет дивизионы командирінің орынбасары және атқыштар полкі артиллериясының бастығы дәрежесінде шайқасты. 1943 жылдың желтоқсанында КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің (МҚК) шешімімен өнеркәсіпте өз мамандығы бойынша жұмыс істеу үшін майдандағы армиядан шақыртып алынады. 1941 жылдан бастап 1947 жылға дейін КСРО Мұнай халық комиссариатының аппаратында жұмыс істеді. 1947 жылы Қазақстан КП ОК өтініші бойынша партия жұмысына жіберіліп, Гурьев облыстық комитеті хатшысының орынбасары болып жұмыс істейді. 1952 жылдан бастап Қазақстан КП ОК-де, 1960-1962 жылдары Қазақ Кеңестік халық шаруашылығының отын өнеркәсібі басқармасының бастығы, соңынан ҚазКеңкәсіподағының хатшысы болып жұмыс атқарды.

1963-1964 жылдары ол Батыс Қазақстан Өңірлік партия комитетінің екінші хатшысы және зейнетке шыққанға дейін, 1964 жылдан бастап 1970 жыл бойынша Қазақстан КП Гурьев облысы комитетінің бірінші хатшысы болды. Зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жыл Қазақстанның Тамақ өнеркәсібі министрлігінде кадр басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.

Маңғыстау өңірі 1973 жылдың сәуір айына дейін Гурьев облысының құрамындағы, табиғи-климаттық жағдайлары бойынша Қазақстанның ең қатал, шөл далалы және сусыз аймақтарының бірі болды. Еліміздің Каспий мен Арал теңіздерінің ортасындағы орасан аумақты алып жатқан кеңістік адам ең аз тұратын өңірлердің бірі саналады. Қарасаң көз жетпейтін, ұшы-қиыры жоқ дала, жабайы табиғат, адамның тұруына қолайсыз және шөл далалы аймақта өсімдік те сирек өсетін және ешқандай жол да болмайтын. Бұл жерде су басқа да көптеген табиғи ресурстар секілді құнды шикізат еді.

Мұхамбет Айтуұлы Каспий маңы өңірін өте жақсы білді және 7 жылдан астам уақыт КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты мен Мұнай өнеркәсібі комиссариатында Қазақстанның мұнай саласына жетекшілік жасай жүріп, өмірлік мәні бар мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды.

Ол Л.М. Кагановичтің (1937-1940 ж.), И.К. Сединнің (1940-1944 ж.) және Н.К. Байбаковтың (1944-1947 ж.) қоластында жұмыс істеді. Николай Константинович Байбаков 1944-1957 жылдар аралығында КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігін, ал 1955 жылдан бастап 1985 жылға дейін КСРО Мемжоспарын басқарды, оның ішінде 20 жылдан астам уақыт КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болды.

Мұхамбет Айтуұлы Қазақстанның мемлекеттік қызметтерінде жауапты лауазымдарда 30 жылдан астам жұмыс істей жүріп, өнеркәсіпті, әсіресе мұнай-газ саласын дамытумен тікелей айналысты.

Партия мен үкіметтің директиваларын жүзеге асыру нәтижесінде соғысқа дейінгі жылдарда Орал-Ембі аралығында жаңа мұнай кен орындарын барлау және іске қосумен қатар, «Каспий-Ор» мұнай құбыры, «Гурьев-Доссор-Қосшағыл» су құбыры, «Гурьев-Қандыағаш» теміржол желісі салынып, іске қосылған болатын. Соғыс жылдарында Гурьев мұнай өңдеу зауыты салынды. Осы зауыттың жанама өнім түріндегі газдарының базасында кейінгі жылдары химия зауыты салынған болатын. Осы атқарылған істердің маңызы өте жоғары. Біріншіден, Ембі мұнайын тасымалдау жолы ашылды. Екіншіден, облысты бүкіл елмен байланыстыратын теміржол қатынасы іске қосылды.

Ембідегі ескі кәсіпшілік және ашық мұнай кен орындарын игеру, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде елеулі көмек көрсетті.

Кеңес үкіметінің 1956 жылғы шешімімен Маңғыстау түбегінде кең ауқымдағы геофизикалық және геологиялық-іздестіру жұмыстарын жүргізу, терең барлау бұрғылауын бастау қарастырылған болатын. Сонымен бір мезгілде Форт-Шевченко қаласында «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресін құру қарастырылды.

1957-1962 жылдары Маңғыстауда, сондай-ақ бүкіл Каспий маңы аумағында барлау-бұрғы­лау көлемін 2-3 есеге арттыруға және барлау жұ­мыс­та­рын елеулі күшейтуге қол жеткізілді. Нәти­же­сінде Өзен, Жетібай, Прорва және Кеңқияқ жаңа ірі мұнай кен орындары ашылды.

Осы және «жетіжылдықтың» кейінгі жылдары Гурьев облысында мұнай кен орындарын іздестіру және барлау саласында қол жеткізген аса үлкен жетіс­тіктермен сипатталады. Маңғыстау түбегінің, Кас­пий маңы ойпатының, әсіресе Прорва, Кеңқияқ, Орал-Волга өзендер аралығындағы Мартыши кен орындары, Солтүстік Үстірттің мұнай-газ саласын­да үлкен болашағы бары іс жүзінде расталды. Орал-Волга аралығында «Жайықмұнай» мұнай өндіру басқармасын құру мәселесі М.А. Исеновтің жеке баста­масымен шешімін тапты. Іздестіру-барлау ұңғы­маларының нәтижелілігі 45,3%-ға артты, жалпы кеңестік деңгей 39,5% болатын. Ембіде мұнай өндіру 1950 жылдан бастап 1960 жылға дейін 1,5 есеге артты, 1964 жылы 1,6 млн тоннаны құ­ра­ды, ал 1974 жылы 4 млн тоннадан астам. 1965 жылы Маңғыстау мұнайының алғашқы эшелоны Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді, 1970 жылы Қазақстан мұнайын өндіру жылына 10 млн тон­на­ға жетті, ал 1975 жылы – 20 млн тонна болып, Қа­зақс­тан мұнай республикасына айналды.

Аталған кен орындарының ашылуы өңір­дің бола­шағы туралы күдікті сейілтті және геолог­тары­мыз­дың болжамдарының дұрыстығын дәлел­де­ді.

Гурьев облысында көлік, энергетика, су-шаруа­шы­лығы, құрылыс және кадрлық-әлеуметтік мәсе­ле­лерді түпкілікті шешіп алмастан, осы жартылай шөл далалы өңірдің табиғи байлықтарын кең ауқымды игеруді және жаңғыртуды ойластыру мүмкін емес. Осы негізгі мәселелердің шешілмеуі оны экономикалық және мәдени дамытуды үнемі тежей­тін факторлар еді.

Халықтың ғасырлар бойғы арманын іс жүзінде жүзеге асыру 1960-1970 жылдарда басталды. Осы жылдары Маңғыстау-Мақат, Бейнеу-Қоңырат, Гурьев-Астрахань теміржол магистральдары, автомобиль жолдарының кең желісі, әуежай, теңіз порты, Маңғыстау-Гурьев-Куйбышев, Әмудария-Бейнеу-Құлсары мұнай-газ және су құбырлары, қуатты электр стансалары, жоғары кернеулі электр жеткізу желілерінің жүйесі, әртүрлі профильдегі зауыттар, құрылыс ұйымдарының ірі базалары салынды.

Сонымен бір мезгілде Шевченко және Жаңаөзен қалаларының тұрмыстық кешендері, мәдени-тұрмыстық объектілері, қала шаруашылықтары, жұмысшы кенттері және бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, оның ішінде мұнай-химия зауыттары, ірі панельді үй құрылысы комбинаты, драма театр, әуежай, тоғыз қабатты қонақүй, «Орбита» стансасы бар телеорталық, Орал өзені арқылы алғашқы теміржол көпірі, сауда орталығы және облыс орталығы болып табылатын Гурьев қаласында бірнеше үй-тұрмыстық нысандар салынды. Бірқатар проблеманың шешілмегеніне қарамастан, ұжымдардың күшімен осы жылдарда жасалған жұмыс іс жүзінде өңірді өзгертіп жіберді және әрі қарай жаңарудың, шапшаңдатылған экономикалық дамудың кең мүмкіндіктерін ашты.

Көптеген өнеркәсіптік-көлік, энергетикалық, мұнай кәсіпшілігі, тау кен-металлургия және басқа да салалы кәсіпорындар мен қала шаруа­шы­лық­тарының күрделі құрылысының кең құлаш жа­юын және олардың игерілуін жүзеге асыру айда­лада адам айтқысыз қиын жағдайларда осы бағдарла­ма­ны іске асыру мақсаттары алдарына қойылған ірі мамандандырылған бөлімшелерді, көптеген салалық одақтық министрлік пен ведомствоны жұмылдырусыз мүмкін емес еді.

Мұхамбет Айтуұлы жеке кездесуде есіне алға­нын­дай: «... Сол жылдардағы капитал салу мен күрделі құрылыс көлемі бойынша Гурьев облысы Қазақстан облыстарының арасында бірінші орынды иеленді. Осы тұрғыдан қарағанда, егер бұған дейін одақтық және республикалық ұйымдардың бірінші басшыларының осы өңірге келуі сирек кездесетін жағдай ретінде қабылданған болса, ал 1960-1970 жылдары министрлік өкілдерінің толық келу сәттері байқалады: орынбасарлар, басшы қызметкерлер және көбіне бірінші басшылар. Бір мезгілде бізге Министрлер Кеңесінің төрағасы мен оның бірінші орынбасары басқарған 17 республикалық министрлердің, сондай-ақ бірқатар одақтық министрлердің келген кезі де болған.

Аталған басшы қызметкерлердің келуі бізге көптеген ведомство бөлімшелерінің жұмыс­та­рын үйлестіруге, жедел мәселелерді жергілікті жерде шешуге және болашағы бар мәселелерді бірлесіп дайындауға көмегін тигізді. Осыған байланысты біз Мәскеуде қоғамдық бастама негізінде ҚазКСР тұрақты өкілі – У.Д. Атамбаевтың қаты­суы­мен құрамына 10-12 одақтық министрлер кіре­тін бастамашылық кеңес құра білдік.

Бұл кеңесте қандай да бір министрдің өңірге сапарының қорытындылары жедел талқыланатын, жергілікті орында туындаған мәселелерді шешу және нақты көмек көрсету бойынша нақты шаралар қабылданатын. Көптеген мәселе одақ үкіметінің қаулысынсыз және жоспарлау органдарының келісімінсіз өз шешімдерін тауып жатты».

Еңбек өтілі 50 жылдан асатын Мұхамбет Айтуұлы өзін жан-тәнімен Отанға қызмет етуге арна­ған. Ол бірнеше рет партияның облыстық, өңір­лік комитетінің бюро мүшелігіне, Қазақстан КП ОК және Қазкеңкәсіподағының мүшелігіне, сондай-ақ КСРО мен Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаттығына сайланды. КОКП мен Қазақстан КП съездеріне, сондай-ақ КСРО кәсіподағы (ВЦСПЕ) мен ҚазКСР кәсіподағының съездеріне делегат болып сайланды.

Қазақстанның мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан орасан үлесі үшін «КСРО құрметті мұнайшысы», экономика мен мәдениетті дамытудағы сіңірген еңбегі үшін Гурьев қаласының құрметті азаматы және Атырау облысының құрметті азаматы атақтарына ие болды.

Одақтық маңызы бар дербес зейнеткер Мұхамбет Айтуұлы 1970 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрды. Ол зайыбы София Садыққызымен бірге туып-өскен өңіріне жиі барып тұрды. Мен ол кісіден Қазақстанның қалыптасуы туралы көптеген тарихи оқиға жайында естідім.

Мұхамбет Айтуұлы кіршіксіз адал, парасатты және өмір жолы өте қызық адам болатын. София Садыққызы екеуінің қызы Әсия және ұлы Бақыт соғыс эвакуациясы жылдарында қайтыс болды, соғыстан кейін Ержігіт және Серік есімді ұлдарын тәрбиелеп өсірді, немерелерінің қызығын көрді.

1992 жылы осы аңыз адамның жүрегі соғуын тоқтатты.

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

 

АТЫРАУ