• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2019

Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші

1017 рет
көрсетілді

Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында жастармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу – өте маңызды міндет. Бұл жұмысты Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша мүдделі органдарға міндеттеді.

Президенттің айтуынша, Жас­тар жылының игілігін, ең алдымен, жастардың өздері кө­руі керек. Жастарға баспана қолжетімді болуы тиіс. Олардың жолы ашық болуы керек, жақ­сы, сапалы өмір сүруі үшін мүм­кін­діктер берілгені жөн.

– Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен, осы міндеттерді назарға алуы тиіс.  Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақыттарын өздері тауып, мақ­саттарына жетуге жағдай жасау өте маңызды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент алқалы жиында келесі жыл Жастар жы­лының жалғасы ретінде Волон­терлер жылы болатынын жет­кізді. Демек биылғы іс-шаралар алдағы жылы жастарды белсенді волонтерлік жұмысқа тартуға ұласады.

– Бірақ, олар бұл жұмысқа тек кре­диттер мен оқудағы жеңіл­діктер үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиіс, – деп ескертіп өтті Пре­зидент. 

Осы ретте Президент жуырда Қостанай қаласында өткен форумда жүзеге асырылған Эко-челлендж жастардың сындарлы бағытта белсенділік танытуға дайын екенін көрсеткенін айтты. Алдағы уақытта да саяси мән-маңызы зор мұндай жұмыстарға жастар көбірек тартылмақшы.

Атап өтерлігі, Мемлекет бас­шысы мысал еткен «ECO-chal­lenge Qostanai» экологиялық ак­циясы аясында облыс аума­ғындағы өзен-көлдердің айналасы едәуір тазарып қалған болатын. Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғауға, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Сол Қазақстан-Ресей жастар фо­ру­мына барған Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев­тың өзі де жастармен бірге су қой­маларының жағалауынан күл-қоқыс, тамақ пен ыдыс қал­дықтарын жинауға қатысқан еді.

Жалпы елімізде Жастар жы­лы аясында қабылданатын шара­лардың тиісті жол картасы бекі­тілгені белгілі. Сол жоспарға сәйкес нақты жұмыстар қазір белсенді жүргізілуде.

Мәселен, Үкімет отырысында баяндама жасаған Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин 1 қыркүйек­тен бастап жұмысшы маман­дық­тары бойынша білім алып жатқан оқушылардың стипендиясы 30 пайызға өсірілетінін айтты. Бұл – шамамен 122 мыңдай оқушыны қамтитын игілікті іс.

Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларының жо­ғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша 5 мың мақ­сат­ты мемлекеттік білім гранты бөлінгелі отыр.

Ең бастысы, Жастар жылын­да жастар үшін дамыған мемле­кет­тердің өзінде кездесе бермейтін жеңілдік қарастырылып отыр. Ол – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту бағдарламасы. Бірақ бұл жоба әзірге еліміздің басты үш қаласында ғана жүзеге асырылуда.

– Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналып сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін үйлер салынады. Ол қа­лаларда жастарға жылына 3 мың пәтерден беріледі, – деді Үкімет басшысы.

Жастар жылының аясында жастарға арналып бөлінетін мемлекеттік мақсатты гранттар саны да көбейтілген. Мәселен, биылдың өзінде үкіметтік емес секторға бөлінген 49 гранттың 29-ы осы Жастар жылына ла­йық­талған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуын­ша, мемлекеттік грант­тардың ауқымы тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу мен отбасылық кеңес беруден бастап, жастардың экологиялық белсенділігін арттыру және оларды кәсіпкерлік дағдыларына машықтандыруға дейінгі кең аралықты қамтыған.

– Бұл гранттар үкіметтік емес сектордың өз қалауы бойынша бөлінуде. Ұйымдар өздері бейім және машықтанған жобалары бойынша қаржыландырылып, бүгінде олардың жұмыстары жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деп атап өтті Д.Абаев.

Жалпы, жастардың жобаларын қаржыландыру – Жастар жылында қолға алынған ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана. Мысалы, қазір елімізде «Жас маман», «Жас кәсіпкер» сынды ауқымды бағдарламалар аясында жастарды нақты қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

Ал Елбасының бастамасымен қолға алынған Жастар жылының негізгі қорытындылары жыл соңында жарияланады.