Президенттің айтуынша, Жастар жылының игілігін, ең алдымен, жастардың өздері көруі керек. Жастарға баспана қолжетімді болуы тиіс. Олардың жолы ашық болуы керек, жақсы, сапалы өмір сүруі үшін мүмкіндіктер берілгені жөн.
– Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен, осы міндеттерді назарға алуы тиіс. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақыттарын өздері тауып, мақсаттарына жетуге жағдай жасау өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент алқалы жиында келесі жыл Жастар жылының жалғасы ретінде Волонтерлер жылы болатынын жеткізді. Демек биылғы іс-шаралар алдағы жылы жастарды белсенді волонтерлік жұмысқа тартуға ұласады.
– Бірақ, олар бұл жұмысқа тек кредиттер мен оқудағы жеңілдіктер үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиіс, – деп ескертіп өтті Президент.
Осы ретте Президент жуырда Қостанай қаласында өткен форумда жүзеге асырылған Эко-челлендж жастардың сындарлы бағытта белсенділік танытуға дайын екенін көрсеткенін айтты. Алдағы уақытта да саяси мән-маңызы зор мұндай жұмыстарға жастар көбірек тартылмақшы.
Атап өтерлігі, Мемлекет басшысы мысал еткен «ECO-challenge Qostanai» экологиялық акциясы аясында облыс аумағындағы өзен-көлдердің айналасы едәуір тазарып қалған болатын. Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғауға, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Сол Қазақстан-Ресей жастар форумына барған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың өзі де жастармен бірге су қоймаларының жағалауынан күл-қоқыс, тамақ пен ыдыс қалдықтарын жинауға қатысқан еді.
Жалпы елімізде Жастар жылы аясында қабылданатын шаралардың тиісті жол картасы бекітілгені белгілі. Сол жоспарға сәйкес нақты жұмыстар қазір белсенді жүргізілуде.
Мәселен, Үкімет отырысында баяндама жасаған Премьер-Министр Асқар Мамин 1 қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан оқушылардың стипендиясы 30 пайызға өсірілетінін айтты. Бұл – шамамен 122 мыңдай оқушыны қамтитын игілікті іс.
Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша 5 мың мақсатты мемлекеттік білім гранты бөлінгелі отыр.
Ең бастысы, Жастар жылында жастар үшін дамыған мемлекеттердің өзінде кездесе бермейтін жеңілдік қарастырылып отыр. Ол – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту бағдарламасы. Бірақ бұл жоба әзірге еліміздің басты үш қаласында ғана жүзеге асырылуда.
– Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналып сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер салынады. Ол қалаларда жастарға жылына 3 мың пәтерден беріледі, – деді Үкімет басшысы.
Жастар жылының аясында жастарға арналып бөлінетін мемлекеттік мақсатты гранттар саны да көбейтілген. Мәселен, биылдың өзінде үкіметтік емес секторға бөлінген 49 гранттың 29-ы осы Жастар жылына лайықталған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, мемлекеттік гранттардың ауқымы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасылық кеңес беруден бастап, жастардың экологиялық белсенділігін арттыру және оларды кәсіпкерлік дағдыларына машықтандыруға дейінгі кең аралықты қамтыған.
– Бұл гранттар үкіметтік емес сектордың өз қалауы бойынша бөлінуде. Ұйымдар өздері бейім және машықтанған жобалары бойынша қаржыландырылып, бүгінде олардың жұмыстары жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деп атап өтті Д.Абаев.
Жалпы, жастардың жобаларын қаржыландыру – Жастар жылында қолға алынған ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана. Мысалы, қазір елімізде «Жас маман», «Жас кәсіпкер» сынды ауқымды бағдарламалар аясында жастарды нақты қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
Ал Елбасының бастамасымен қолға алынған Жастар жылының негізгі қорытындылары жыл соңында жарияланады.