• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2019

Оралда жекпе-жек айтыс өтті

1243 рет
көрсетілді

Орал қаласында тұңғыш рет жекпе-жек айтыс өтті. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен қызылордалық белгілі айтыскер Мұхтар Ниязов, оралдық ақындар Жансая Мусина мен Талғат Мықи арнайы қонақтар қатарында болды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында ашық аспан астында өткен сайысқа көрермен көп жиналды.

Айтыс өнерінің Ақ Жайық өңіріндегі жоқшысына айналған ақын Бауыржан Халиолла ұйымдастырған бұл дода көпшіліктің көңілінен шықты. Амфитеатрдың 1200 орындық аумағында ине шаншар жер болмады. Айтысқа арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты, ақын Жүрсін Ерман Оралда өткен шараның бағасын «Мен бүгін айтыстың биігіне көтерілдім» деген сөзбен берді.

Бұл айтыстың ерекшелігі – ақындар ашық аспан астында емін-еркін айтысты. Әуелі «Алтын домбыра» бәйгесін екі мәрте жеңіп алған атақты Мұхтар Ниязов пен оралдық жүйрік Талғат Мықи алқаға шықты. Екінші жұпта атыраулық Шалқарбай Ізбасаров Жайықтың Жансаясына қарсылас болды. Қазылар қадағаламаған, уақытпен шектелмеген сөз сайысы халықтың көңілінен шықты. Шынында да бұл айтыссүйер көрермен үшін жасалған тамаша шоу-бағдарлама болды.

Шара соңында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев көрерменді жыр мерекесімен құттықтап, кеш қонағы Жүрсін Ерманның иығына шапан жапты.

Ал тапқыр ой, шымыр шумағымен елді риза қылған төрт ақынға да алғыс хат пен сыйлық тапсырылды.

Ақ Жайық өңірінде биыл аламан айтыс дүбірі жиі естілейін деп тұр. Жүрсін Ерман «Алтын домбыра» сайысының биылғы додасы VII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының бас жүлдегері Жансая Мусинаның құрметіне оның туған жері – Оралда өтетінін хабарлады.

«Соңғы кезде ұлттық өнерге жаны ашитын, болмысы қазақ кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Себебі, бюджеттің бүйрегіне қол салып, мемлекетке алақан жая бергенше, тапқан жемін құзғындай баса бермей, сұңқар құсап шашып жеп, елдің батасын алып, ықыласына бөленгенге не жетсін?! Мен де өз кезегімде осындай азаматтарға қолқа салып, қалтасы қалың жерлестеріме үлгі болсын деп, Оралға да қонаққа келіңдер деп оларға өтініш айтып жүремін. Ол еңбегім нәтижесіз емес» деген еді Бауыржан Халиолла. Ендеше Ақ Жайық өңірінде биыл жоғары деңгейдегі айтыс көбейгелі тұр.

Батыс Қазақстан