• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Шілде, 2019

Қоритын дүниеміз бөлек еді...

539 рет
көрсетілді

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Африкадан келген азаматқа тұрмысқа шыққан отандасымыздың қадамын талқыға салып, сан-саққа жүгіртіп жатқандар көбейіп кетті. Көбі намыстанатын сыңай танытып жатыр. Бойжеткеннің таңдауын өзінің жеке ісі десіп жатқандар да жетерлік. Әркімнің өз дегені өзіне жөн болып тұрған жайы бар.

Дегенмен, осындай оқиғалар кезінде біздің адамның жеке өмірі мен таңдауы, құпиясы болатынын ескеріп, талқыға салатын тақырыбымыз жеке адамның әрекеті емес, қатерлі сипат алып бара жатқан құбылыстар болуы тиіс еді. Бірақ еліміздегі таным-түсінік пен іс-әрекет, құндылықтар «төңкерілген пирамидаға» ұқсайды.

Негізі қоғамның өзіндік құндылықтары мен нормалары бар екенін жиі айтамыз. Сөз бостандығы, адамның жеке құпиясы мен өмірі, таңдауы тәрізді құндылықтар біз үшін ең өзекті мәселе болуы тиіс еді. Қалың бұқара жаппай айыптап, қоғамда кең тарап кетуіне жол бермеуі тиіс жағымсыз қылықтар мен әрекеттер де назардан тыс қалмауы керек-тұғын. Бірақ ең өзекті деген дүниелерді кейінгі сатыға ысырамыз да, жеке адамның әрекетін, таңдауын сөз қылып шыға келеміз. Қазақ қоғамы бір бойжеткеннің өзгеге тұрмысқа шыққанын емес, елдегі әйел мен кәмелет жасқа толмағандарды зорлау деректеріне ашуланса керек еді. Бірақ біз дәл сондай өзекті мәселелерге келгенде немқұрайдымыз, белсеніп атқа қонуға жоқпыз.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне қарағанда, биыл қаңтардан мамыр айына дейін елде әйел зорлаудың 385 дерегі тіркеліпті. Оның ішінде 16 бала немесе жеткіншек бар. Ал Қылмыстық кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» деп аталатын 121-бабы бойынша – 82, әлгі кодекстің 123-бабы, яғни «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» дейтін ұзын-сонар атауы бар бап бойынша 128 қылмыс тіркелген. Бұл дегенің кәмелет жасына толмағандарға қатысты қылмыс. Бір сөзбен айтқанда – зорлау! Ал «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» деп аталатын 124 бап бойынша 56 қылмыс тіркелген. Жасалған емес, тіркелген! Бірақ біздің қоғам бұл мәселеге назар аудара қойған жоқ. Бәлкім мұндай деректерді көпшілік білмейтін шығар немесе қылмыспен күреске тым немқұрайды қарайды деген сөз. Біз айтқан деректерді топтайтын болсақ, әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлау, алдап-арбап жыныстық қатынасқа итермелеу деректері 500-ден асыпты. Жылдың алғашқы бес айындағы жағдай осы. Оның үстіне, бұл тіркелген деректер, тіркелмегені қаншама?! Демек, қазақ қоғамы үшін әйел затын қорлау қатерлі деңгейге шығып бара жатыр деген сөз. Ал біз «ит жаманы түз қоридының, жігіт жаманы қыз қоридының» қылығын жасап жүрміз.

Әрине аралас некенің көбейгенін біз де құптамаймыз. Мәселен, 2019 жылдың алғашқы төрт айында елде 47 мыңнан астам неке тіркелсе, соның ішінде 1611 қазақ азаматы өзге ұлт өкіліне үйленіп, 1552 бойжеткен басқа этностың азаматының етегінен ұстапты. Былтыр 2185 қызымыз теңін атасы басқа жұрттан тапса, 2584 азамат қазақты өзге халықтармен құда қылыпты. Бірақ некеде екі жақтың ықтияры бар. Ұлт үшін аралас некенің жаппай сипат алуы жағымды бола қоймас, бірақ біз үшін одан да қатерлі дүние немқұрайлылық пен әйел затына қарсы жасалып жатқан қылмыстар болып тұр. Одан бөлек жалпы қылмыстардың өршіп тұрғанын да, біздің дүниетанымымызға әрісі патшалық Ресейге бодан болған кезімізден, берісі Кеңес Одағы дәуірінен қалған стерео­типтер сіңіп қалғанын да мойындауымыз қажет. Қоғамдық тәртіпті бұзған пенде көрсек, айталық, қоқысты арнайы жәщікке тастамаған немесе көлік терезесінен лақтырып жіберген адамды кездестірсек, ескертуге асықпаймыз, полицияға да хабарлаудан бойды аулақ саламыз. Бізді тежейтін коммунизм құрамыз деп жүрген дәуірден келе жатқан «түсініктер». Адамның жеке өзіне ескертуден «бәлесінен аулақ» деп, тиісті мамандарға хабарлаудан «стукач» болмау үшін қашамыз. Сөйтіп жемқорлық та тыйылмады, қылмыс та азаймады. Соның ішінде әйел затын қорлау да азайған жоқ. Қылмыс хроникасында түрлі оқиғалар айтылып жатқанмен, өре түрегелген бұқара жоқ әлі.

Мәселен, жақында ғана Қостанайда әйел зорлаған қылмыскерлер жазаланды. Олар пойыздың жолсеріктері еді. Былтыр күзде сапарға шыққан жолаушыны зорлапты. Бұл – біз білетін деректердің бірсыпырасы. Білмейтініміз қаншама?! Сөйте тұра, басқаның етегінен ұстадың деп бір бойжеткенді сөгеміз. Біз бәлкім қыздарымызды өзгеден емес, «өзімізден» қорғауымыз қажет шығар, ә?!