• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:40

Бауырлас елмен байсалды байланыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйы­мы­ның бейресми саммитінде қазір­­гі таңда түркі елдері заман та­лабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпал­дастықты нығайтуы керек­тігін, ортақ мүдде жолында күш жұмыл­дыруға тиіс деп санайтынын айтты. «Алтау ала болса, ауы­здағы кетеді, төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қой­ған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек», деді Президент.

Өңіраралық ынтымақтастықтың өзектілігі

Мемлекет басшысының өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі тапсырмасы аясында жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Өзбекстан Респуб­ликасы, Ташкент облысында болып, «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумына қатысты. Өзбек елінде «Жолдасың қазақ болса, жолыңнан адаспайсың» деген нақыл сөзді жиі естіген түркістандық кәсіпкерлер көрші ел халқының бауыр­ластығы мен кеңпейілдігіне куә болған­дарын айтады. Ал көршің түбі бір туы­сың болса, екі ел халқы арасындағы ынты­мақтың нығайып, барыс-келістің жиілей түсетіні анық.

Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталы­ғын іске қосу туралы 2024 жылы келісім жасаған болатын. Кейін Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёев Астанада кездесіп, 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын он миллиард долларға (5,2 триллион теңге) жеткізуді көздейтін серіктестік бағдарламасын бекітті. Ташкент облысында өткен бизнес-форумның негізгі мақсаттарының бірі де аталған бағдарламаны жүзеге асыру жолында қолға алынатын нақты іс-шараларды айқындау болды. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат – өңір­аралық қатынастарды дамытуда, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлес­кен инвестициялық жобаларды іске асыруда маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Түркістан және Ташкент облыстары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм мен логистика салаларында жоғары әлеуетке ие стратегиялық маңызды өңір­лер. Тараптар бизнеске қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударды. Халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы – Өзбекстанның экономикалық тұрғыдан дамыған өңір­лерінің бірі. Елдің солтүстік-шығыс бөлі­гінде орналасқан облыс өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салалары бойынша республикада жетекші орын алады. Өңірде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау салалары қарқынды дамып келеді.

Форум қатысушылары келісімдерді жүзеге асыру шекаралас аумақтардың экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ бизнес-форум барысында Нұралхан Көшеров өңір делегациясы атынан Ташкент облысының бизнес өкілдерін, мемлекеттік құрылым­дар мүшелерін, инвесторлар мен серіктес­терді Түркістан облысы қарсы алуға дайын екендігін жеткізді.

– Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және рухани байланыс біріктіреді. Бүгінде мемлекеттеріміздің құрметті басшылары – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында елдеріміз стратегиялық серіктестіктің жаңа сапалы деңгейіне көтерілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазақстан мен Өзбекстан – бір-біріне бәсекелес те, қарсылас та емес, тұрақты прогресс пен даму жолында бірге келе жатқан стратегиялық серіктес­тер әрі сенімді одақтастар». Бұл үдерісте сауда-экономикалық байланыстардың драйвері саналатын шекаралас өңірлерге ерекше рөл жүктеледі. Түркістан облысы айтарлықтай инвестициялық және экономикалық әлеуетке ие. Өңір ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өндірісі, туризм, логистика және шағын бизнес салаларында қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп саласында бүгінде жалпы инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Біз Ташкент облысының кәсіпкер­лерімен кооперацияны кеңейтуге, бір­лескен жобаларды іске асыруға, жаңа өнді­рістер ашуға және тауар айналымын арттыруға мүдделіміз. Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен бірқатар бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Бірлескен жоба­лардың қатарында 10 мың басқа арналған ет комбинаты мен бордақылау алаңы («Meat Magnat» ӘКК), тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт («Юпитер М» ЖШС / Samarkand irrigation system), күнбағыс майын өндіру зауыты («B.R.R. Savdo» ЖШС) бар.

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Жалпы аумағы 1960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ және көлемі 1400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Олар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер мен инвесторларды «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы алаңында бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырамыз», деді Нұралхан Көшеров.

Форум аясында бес меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында алты меморандум жасалды. 

Аудандарда бірлескен жобалар іске асырылады

Түркістан және Ташкент облыстарының 200-ге жуық кәсіпкер қатысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумында, сондай-ақ Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысының аудандарымен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойды.

«Екі облыстың да қай салада болмасын мүмкіндіктері мол. Әсіресе кәсіпкерлерге осындай форумдар өте қажет. Бір-бірімен танысып, әріптестік орнатады. Бүгін біздің ауданымыздың бизнес өкілдері туризм саласы бойынша қазақ кәсіпкерлерімен мемарандумға қол қойды. Біріккен жоба жүзеге асса, екі ел үшін де тиімді болмақ», дейді Ташкент ауданының әкімі Сардорбек Эргашев.

Ташкент облысының кәсіпкерлерімен кездесуде түркістандық делегация ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып, өзара тиімді жобаларды талқылады. Нәтижесінде, жалпы құны 19,3 млн АҚШ долларын құрайтын бірнеше меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазкрахмал» ЖШС Өзбекстанның «Right to Win» компаниясы арасында 5 млн доллар көлеміндегі келісім жасалды. Осы келісім аясында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстанға жеткізуге уағдаласты. Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбек­станның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Келісім бойынша «СПК Хамит» компаниясы Өзбекстаннан жыл сайын тауарлы балық пен балық шабақтарын алатын болды. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған делегация Ташкент облысындағы Зангиата ауданының әкімі Эркин Рустамов және Орта Шыршық ауданының әкімі Ихтияр Қосимовпен бірге өндірістік кәсіпорындар мен өндірістік алаңдарда болып, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесі және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастық мәселе­лерін талқылап, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүр­гізді. Атап айтқанда, көкжидек көшет­терін жеткізу, сыйымдылығы 500 тонна­лық тоңазытқыш кешенін орнату, қан өңдеу жабдықтарын сатып алу, 120 басқа арналған мал сою алаңының жабдықтарын жеткізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ агрохимиялық тыңайтқыштар өндіру, кондитерлік өнімдер шығару, гортен­зия көшеттерін өсіру және жиһаз өнді­рісіне арналған жабдықтарды жеткізу бағыттарындағы жобалар бойынша пікір алмасу өтті. Гортензия өсіру жобасы аясында алғашқы кезеңде 300 түп көшет отыр­ғызу жоспарланып отыр. Сауран ауда­нында жүзеге асырылатын маңызды жоба­лардың бірі бойынша «Түркістан ет өнім­дері» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі меморандумға қол қойды. Келісім аясында Сауран ауданын­да сервистік мал сою бекеті мен ет өнім­дерін қайта өңдеу цехын қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. 

Инвестициялық жобалардың игілігі

Қазығұрт ауданы әкімдігі «Impe­rial Nova Chemical» компаниясымен 5 млн долларлық жобаны іске асыру ту­ралы меморандумға қол қойды. Ком­па­ния Қазығұрт ауданында минерал­ды тыңайтқыштар шығаратын зауыт са­луға ниетті. Сондай-ақ «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясы арасында 8 млн долларлық жобаны іске асыру жөніндегі меморандум жасалды. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, «Imputus Nova Chemicals» компаниясы құрамында азот, фосфор және калий бар кешенді минералды, топырақтың құнарлылығын және тамырдың дамуын жақсартатын гумин қышқылдары негізіндегі тыңайтқыштар, биопрепараттар желісі жобасын іске асыруға ниет білдіріп отыр. Минералды тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және топырақтың құнарлылығын жақсарту үшін қолданылады. Ал «Shandong zhongtian technology&Engineering CO.LTD» компаниясы ксантогенат пен натрий гидросульфиді түсті және бағалы металдардың кендерін флотациялық әдіспен байыту кезінде қолданылатын негізгі химиялық реагенттер шығармақ. Инвестиция көлемі – 8 млн доллар (4 млрд тг), жаңа жұмыс орындарының жоспарланған саны – 40 адам.

Түркістан облысы Жетісай ауданы­ның әкімі Серік Мамытов та Ташкент облы­сының Паркент ауданы әкімдігімен маңызды меморандумдарға қол қой­ды. Меморандум аясында алдағы уақыт­тарда қос аудан арасындағы сауда-экономи­калық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысы жүргізіліп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларында қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі аудан кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.

 Айта кетейік, Жетісай ауданына инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар ірі жобалар қолға алынып, аумағы 59 гектар болатын арнайы «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылған. Аталған аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын заманауи 9 зауыт салынып жатыр. Жыл соңына дейін аталған өндіріс орындарында 1200-ге тарта тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Одан бөлек, жалпы ауданы 1 гектар болатын шағын өндірістік паркінде құны 210 млн теңге болатын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта азамат жұмыспен қамтылатын болады. Кейінгі 5 жылда 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасады. Осылайша, ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 

Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі

«Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық экономикалық байланысты кеңейтуге және ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Өзбекстанға сапары барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бірге өңірдегі стратегиялық маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, өнеркәсіп, жоғары технологиялар, шикізатты өңдеу және туристік инфрақұрылымды дамыту салаларындағы озық тәжірибелермен танысты. Солардың бірі – табиғат аясында орналасқан туристік кешенде өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалану және заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту жақсы жолға қойылған. Ал Алмалық қаласындағы мыс байыту фабрикасында кәсіпорын басшылығы минералдық ресурстарды өңдеу тиімділігін арттыруға және елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған өндірісті жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын таныстырды. Ахангарон ауданында заманауи климаттық техника өндіруге маманданған Premier Electrotech бірлескен кәсіпорнында қонақтар зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және халықаралық талаптарға сай енгізілген сапа стандарттарына қанықты. Электротехника өнеркәсібі саласындағы ірі өндірістік кластерлердің бірі саналатын Eltech Industrial технопаркі индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда, өндірісті жергіліктендіруде және мыс пен сирек жер металдарын терең өңдеуде маңызды рөл атқарып, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге ықпал ететіні айтылды. Технопарк аумағында делегация жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы жобаның жұмысымен таныс­ты. Кәсіпорын SIM-карталарға, банк карталарына, электрондық жеке куәліктерге, әлеуметтік және көлік карталарына арналған микропроцессорлық чиптер мен модульдер өндіруге маманданған.

Сапар қорытындысында Түркістан облысының әкімі Өзбекстандағы өнеркәсіптік инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамығанын, ірі инвестициялық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын және өндірістік үдерістерге заманауи технологиялардың тиімді енгізіліп отырғанын атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстан арасын­дағы сауда-саттықтың дамуы, тауар айналымының өсуі екі ел арасындағы қатынас жолдарына түсетін жүктеменің еселеп артатынын білдіреді. Бұл ретте «Дарбаза – Мақтаарал – Жизақ» жаңа теміржол желісі қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу қабілетін арттыратыны анық. Елімізде экспорттық және транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, сондай-ақ қазіргі уақытта жүктеме көп түсіп тұрған «Сарыағаш – Ташкент» учаскесінің көлік кептелісін азайту мақсатында «Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісінің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Аталған жоба аясында жаңа көлік инфрақұрылымының негізгі нысандарының бірі – «Ердәуіт» стансасы салынуда. «Ердәуіт» стансасы Қазақстанның теміржол картасындағы жаңа нүктеге және «Дарбаза – Мақтаарал – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара» желісінің маңызды инфрақұрылымдық торабына айналады. Жаңа бағыт Түркістан облысының оңтүстік аудандарын халықаралық көлік дәлізімен тікелей теміржол қатынасы арқылы байланыстырмақ. Қазір станса учаскесі мен оған іргелес аралықтарда теміржол төсемін, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды салу бо­йынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. «Ердәуіт» стансасы пайдалануға берілгеннен кейін тәулігіне 23 жұп пойызға дейін қосымша өңдеу жоспарланып отыр. Бұл аталған бағыттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін жаңа деңгейге көтереді.

Айта кетелік, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма­сының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-сәуір айының қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 133%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5% деңгейінде қалыптасты. Тау-кен өндірісі 244,7 млрд теңгеге немесе өсім деңгейі 117,6%-ға жетті. Жоспар толық орындалды. Ауыл шаруашылығында сәуір айының қорытындысымен 205,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3%-ды құрады. Жыл басынан негізгі капиталға 470,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өсім 157,4% болды. Құрылыс көлемі 95,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 110,3% деңгейінде қалыптасты.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар