Жаз айлары туысымен ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу қамына кірісіп кетеді. Мұндайда ірі сауда-ойын-сауық орталықтары оқудан ойы бөлінген балалардың негізгі топтасатын ортасына айналады. Келушілер саны еселеп артатын шақта ойын алаңдары мен аттракциондардың қауіпсіздігі, тазалығы мен қызмет сапасы қаншалықты талапқа сай? Жылтыраған жарнама мен шат күлкінің тасасында қандай қауіп-қатер бұғып жатыр?
Жақында Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұқаш Ескендіров, Қайрат Балабиев, Әбутәліп Мүтәлі бұл мәселені жоғары деңгейде бірлесіп көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған еді. Олардың келтірген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы мен 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді.
Қатардағы күндердің өзінде ірі орталықтардағы балалар ойын алаңдарына келушілер саны 100 мыңға жуықтаса, демалыс пен мереке күндері, дәл қазіргідей жазғы маусымда бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін артады. Сондықтан Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – заңдық қана емес, ең алдымен, мемлекет пен қоғамның тікелей моральдық жауапкершілігі.
Парламенттен жолданған депутаттық сауалда халық қалаулылары балалар демалыс аймақтарының төрт бірдей өзекті мәселесін ашық көрсетті: ойын алаңдарының жоғарғы қабаттарда орналасуының қауіптілігі; санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың төмендігі; қызметкерлердің (операторлардың) кәсіби даярлығының жеткіліксіздігі; баға саясатындағы ашықтықтың жоқтығы мен әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктердің бірізді болмауы.
«Логикаға сүйенсек, сауда орталықтарында ең қымбат орын – бірінші қабат. Себебі адам ең көп жүретін жер – сол. Қабат жоғарылаған сайын жалға алу арзандайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, кинотеатр мен балалар алаңы әдейі жоғарыға қойылады. Себебі адамдар сол жаққа бара жатып, жолда дүкендерді аралап өтеді. Бірақ мұндай «тиімділік» қауіпсіздікке қайшы. Адам көп жиналатын орындар бірінші қабатта болғаны дұрыс. Себебі шынайы өмірде кейбір қауіпсіздік талаптары сақталмай жатады. Санитарлық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Балалар қолымен ұстап, бірге ойнайтын жабдықтар тазалық сақталмаған жағдайда көзге көрінбейтін қауіп көзіне айналады. Жүйелі залалсыздандырудың жоқтығы түрлі инфекциялардың таралуына жол ашуы мүмкін. Мейрамханадағы балалар алаңдарының санитарлық талаптары да – үлкен мәселе. Ал бұл – баланың денсаулығына тікелей қатер», дейді депутаттар.
Көтерілген мәселені назарына алған Премьер-министр Олжас Бектеновтің ресми жауабына сүйенсек, бұл бағытта құқықтық негіз қаланған. Оның айтуынша, «Қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар» құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес, балалардың ойын-сауық, білім беру үй-жайлары (алаңдары) мен аттракциондарды бірінші қабатта орналастыру қажет. Алайда мұнда үлкен құқықтық түйткіл бар. «Құрылысқа жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы» деген құрылыс нормаларының 5.18-тармағы бойынша, егер ғимараттың жобасы жаңа ереже енгізілгенге дейін бекітіліп, құрылысы басталса, оған жаңа мемлекеттік нормативтердің күші жүрмейді. Демек, бұл талап тек 2018 жылдан кейін салынған жаңа нысандарға ғана қолданылады.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында аттракциондарды қауіпті техникалық құрылғылар санатына жатқыза отырып, олардың жұмыс істеуін заңнамалық деңгейде регламенттеу, сондай-ақ аттракциондардың иелері мен операторларының азаматтардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіретін қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі шаралар қарастырылған. Осылайша, балалар ойын алаңдарын қауіпсіз орналастыру мәселелері құрылыс саласындағы тиісті мемлекеттік нормативтермен реттелген», дейді О.Бектенов.
Сонымен қатар ойын алаңдарындағы жабдықтар мен ойыншықтар – тазалық сақталмаған жағдайда үлкен инфекция көзі. Жүйелі залалсыздандырудың жоқтығы, әсіресе тамақтану орындарының жанындағы шағын ойын бұрыштары бала денсаулығына тікелей қатер төндіреді. Депутаттар бұл жабдықтарды күніне кемінде екі рет міндетті түрде залалсыздандыру нормасын және лицензия алу тәртібін енгізуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда құзырлы органдармен талаптардың сақталуына қатысты ай сайын тексеру жоспарын бекітіп, ақпаратты көпшілікке жария етуді ұсынды.
Бұл ретте атқарушы билік қолданыстағы Санитарлық қағидаларға сәйкес, пайдаланылған ойыншықтар мен жабдықтарды өңдеу күнделікті жүргізілетінін алға тартады. Бұған қоса «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес, сырғанақтар, батуттар мен әткеншектер сияқты барлық мүлік міндетті сертификаттаудан өтуге тиіс. Алайда Үкімет басшысы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді бұдан әрі қатайту, мысалы, депутаттар ұсынған лицензиялауды енгізу үшін Кәсіпкерлік кодексінің 82-бабына сай, алдымен реттеуші әсерді талдау рәсімін жүргізу қажеттігін ескертеді. Яғни тексерісті жиілету үшін алдымен бизнестің жағдайы да таразылануға тиіс.
Тағы бір күрделі мәселе – қызмет көрсетуші персоналдың біліктілігі. Төтенше жағдай орын алса, балаларды үрейге бой алдырмай, қауіпсіз жерге шығара алатын маман керек.
«Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, қызметкерлерді кәсіби оқытудың қажеттігін жұмыс беруші өз бетінше айқындайды. Кәсіби оқыту ұйымның өзінде, бейіндік оқу орындарында немесе кадрларды даярлауды жүзеге асыратын өзге де ұйымдарда жүргізілуі мүмкін. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес адамдар көп жиналатын нысандардың қызметкерлері төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібін білуге міндетті. «Аттракциондардың қауіпсіздігі» ұлттық стандартында операторларға, олардың құзыреттілік деңгейіне талаптар белгіленген. Кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін арнайы бағдарламалар әзірленеді, даярлауды, тағылымдамадан өтуді, білімін тексеруді және біліктілігін бағалауды жүргізу туралы құжаттама жүргізіледі. Алғаш рет емтихан тапсырған оператор оқушыларына пайдаланушы комиссия шешімі негізінде оператор біліктілігін береді және бір жылға берілетін куәлікті ресімдейді. Біліктілігін растап, емтихан тапсырған операторлардың куәліктерінің қолданылу мерзімі бір жылға ұзартылады. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жылына екі рет аттракцион иелері мен операторлары үшін қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, стандарттарды сақтауға бағытталған түсіндіру іс-шараларын өткізеді», дейді Премьер-министр.
Жалпы, бұл талаптардың іс жүзінде қаншалықты қатаң сақталып жатқаны қоғамдық бақылауды қажет етеді. Ал баға саясатына келер болсақ, бір қалада немесе бір орталықта көрсетілетін қызмет бағасының 30-50% айырмашылықпен ұсынылуы, демалыс күндері көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға жеңілдіктердің жасалмауы – нарықтағы ретсіздіктің көрінісі. Сондықтан депутаттар барлық жерде бірыңғай жеңілдіктер жүйесін енгізуді талап етті. Осы орайда Үкіметтің уәжіне сүйенсек, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес нарықтық баға белгілеу мен жеңілдіктер беру – кәсіпкерлердің өз құзыретіндегі шаруа. Дегенмен, бұл санаттағы субъектілер «Әлеуметтік кәсіпкерлік» тізіліміне енгізіліп, мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекеттің бизнеске шамадан тыс араласуына жол берілмейтіндіктен, міндетті жеңілдіктер енгізу мәселесі қосымша пысықтауды қажет етеді.
Түйіндеп айтқанда, балалар қауіпсіздігі – ешқандай сөзбұйдаға салуға келмейтін, экономикалық тиімділіктен жоғары тұруға тиіс ең басты құндылық. Мәжіліс депутаттары көтерген мәселелер мен Үкіметтің бұл бағыттағы заңнамалық тетіктері көрсеткендей, елімізде құқықтық база бар, алайда оның орындалуын қатаң бақылау назардан түспеуі керек.