• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 08:15

Бала қауіпсіздігі – басты жауапкершілік

Жаз айлары туысымен ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу қамына кірісіп кетеді. Мұндайда ірі сауда-ойын-сауық орталықтары оқудан ойы бөлінген балалардың негізгі топтасатын ортасына айналады. Келушілер саны еселеп артатын шақта ойын алаңдары мен аттракциондардың қауіпсіздігі, тазалығы мен қызмет сапасы қаншалықты талапқа сай? Жылтыраған жарнама мен шат күлкінің тасасында қандай қауіп-қатер бұғып жатыр?

Жақында Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұқаш Ескендіров, Қайрат Балабиев, Әбутәліп Мүтәлі бұл мәселені жоғары деңгейде бірлесіп көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған еді. Олардың келтірген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы мен 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді.

Қатардағы күндердің өзінде ірі орталықтардағы балалар ойын алаңдарына келушілер саны 100 мыңға жуықтаса, демалыс пен мереке күндері, дәл қазіргідей жазғы маусымда бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін артады. Сондықтан Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – заңдық қана емес, ең алдымен, мемлекет пен қоғамның тікелей моральдық жауапкершілігі.

Парламенттен жолданған депутаттық сауалда халық қалаулылары балалар демалыс аймақтарының төрт бірдей өзекті мәселесін ашық көрсетті: ойын алаңдарының жоғарғы қабаттарда орналасуының қа­уіп­тілігі; санитарлық-эпиде­мио­логиялық талаптардың тө­мен­дігі; қызметкерлердің (опера­торлардың) кәсіби даярлығының жеткіліксіздігі; баға саясатындағы ашықтықтың жоқтығы мен әлеу­меттік осал топтарға жеңіл­дік­тердің бірізді болмауы.

«Логикаға сүйенсек, сауда орталықтарында ең қымбат орын – бірінші қабат. Себебі адам ең көп жүретін жер – сол. Қабат жо­ғарылаған сайын жалға алу арзандайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, кинотеатр мен балалар алаңы әдейі жоғарыға қойылады. Себебі адамдар сол жаққа бара жатып, жолда дүкендерді аралап өтеді. Бірақ мұндай «тиімділік» қауіпсіздікке қайшы. Адам көп жиналатын орындар бірінші қабатта болғаны дұрыс. Себебі шынайы өмірде кейбір қауіпсіз­дік талаптары сақталмай жатады. Санитарлық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Балалар қолымен ұстап, бірге ойнайтын жабдықтар тазалық сақталмаған жағдайда көзге кө­рінбейтін қауіп көзіне айналады. Жүйелі залалсыздандырудың жоқ­тығы түрлі инфекциялардың таралуына жол ашуы мүмкін. Мейрамханадағы балалар алаң­дарының санитарлық талаптары да – үлкен мәселе. Ал бұл – баланың денсаулығына тікелей қатер», дейді депутаттар.

Көтерілген мәселені назарына алған Премьер-министр Олжас Бектеновтің ресми жауабына сүйенсек, бұл бағыт­та құқықтық негіз қаланған. Оның айтуынша, «Қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар» құ­рылыс нормаларының талаптарына сәйкес, балалардың ойын-сауық, білім беру үй-жайлары (алаңдары) мен аттракциондарды бірінші қабатта орналастыру қажет. Алайда мұнда үлкен құқықтық түйткіл бар. «Құрылысқа жобалау-сметалық құжатта­ма­ны әзірлеу, келісу, бекіту тәр­тібі және құрамы» деген құры­лыс нормаларының 5.18-тармағы бойынша, егер ғимараттың жобасы жаңа ереже енгізілгенге дейін бекітіліп, құрылысы басталса, оған жаңа мемлекеттік нормативтердің күші жүрмейді. Демек, бұл талап тек 2018 жылдан кейін салынған жаңа нысандар­ға ғана қолданылады.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«2026-2030 жылдарға арнал­ған «Қазақстан балалары» тұжы­рымдамасында аттракцион­дар­ды қауіпті техникалық құрыл­ғылар санатына жатқыза отырып, олардың жұмыс істеуін заңна­малық деңгейде регламенттеу, сондай-ақ аттракциондардың иелері мен операторларының азаматтардың өміріне, денсаулы­ғына немесе мүлкіне зиян кел­тіретін қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілі­гін күшейту жөніндегі шаралар қарастырылған. Осылайша, балалар ойын алаңдарын қауіпсіз орналастыру мәселелері құрылыс саласындағы тиісті мемлекеттік нормативтермен реттелген», дейді О.Бектенов.

Сонымен қатар ойын алаң­да­рындағы жабдықтар мен ойын­шықтар – тазалық сақталмаған жағдайда үлкен инфекция көзі. Жүйелі залалсыздандырудың жоқтығы, әсіресе тамақтану орын­дарының жанындағы шағын ойын бұрыштары бала денсаулы­ғы­на тікелей қатер төндіреді. Депутаттар бұл жабдықтарды күніне кемінде екі рет міндетті түрде залалсыздандыру нормасын және лицензия алу тәртібін енгізуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда құзырлы органдармен талаптардың сақталуына қатысты ай сайын тексеру жоспарын бекітіп, ақпаратты көпшілікке жария етуді ұсынды.

Бұл ретте атқарушы билік қол­даныстағы Санитарлық қағида­ларға сәйкес, пайдаланылған ойыншықтар мен жабдықтарды өңдеу күнделікті жүргізілетінін алға тартады. Бұған қоса «Аттрак­циондардың қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес, сырғанақтар, батуттар мен әткеншектер сияқты барлық мүлік міндетті сертификаттау­дан өтуге тиіс. Алайда Үкімет басшысы кәсіпкерлік субъектілері­не қатысты реттеуді бұдан әрі қатайту, мысалы, депутаттар ұсын­ған лицензиялауды енгізу үшін Кәсіпкерлік кодексінің ­82-бабы­на сай, алдымен реттеуші әсер­ді талдау рәсімін жүргізу қажеттігін ескертеді. Яғни тексерісті жиілету үшін алдымен бизнестің жағдайы да таразылануға тиіс.

Тағы бір күрделі мәселе – қыз­мет көрсетуші персоналдың біліктілігі. Төтенше жағдай орын алса, балаларды үрейге бой алдырмай, қауіпсіз жерге шығара алатын маман керек.

«Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, қызметкерлерді кәсіби оқытудың қажеттігін жұмыс беруші өз бетінше айқындайды. Кәсіби оқыту ұйымның өзінде, бейіндік оқу орындарында немесе кадрларды даярлауды жүзеге асыратын өзге де ұйымдарда жүр­­гізілуі мүмкін. «Азаматтық қор­ғау туралы» заңға сәйкес адамдар көп жиналатын нысандар­­­дың қызметкерлері төтенше жағ­дай­­лар кезіндегі іс-қимыл тәр­ті­­бін білу­ге міндетті. «Аттракцион­дар­дың қауіпсіздігі» ұлттық стан­дартында операторларға, олардың құзыреттілік деңгейіне талаптар белгіленген. Кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін арнайы бағдарламалар әзірле­не­ді, даярлауды, тағылымдамадан өтуді, білімін тексеруді және білік­­тілігін бағалауды жүргізу туралы құжаттама жүргізіледі. Алғаш рет емтихан тапсырған оператор оқушыларына пайдаланушы комиссия шешімі негізінде оператор біліктілігін береді және бір жылға берілетін куәлікті ресімдейді. Біліктілі­гін растап, емтихан тапсырған операторлардың куәліктерінің қолданылу мерзімі бір жылға ұзартылады. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жылына екі рет аттракцион иелері мен операторлары үшін қауіпсіз­дік мәдениетін арттыруға, стандарттарды сақтауға бағытталған түсіндіру іс-шараларын өткізеді», дейді Премьер-министр.

Жалпы, бұл талаптардың іс жүзінде қаншалықты қатаң сақталып жатқаны қоғамдық бақылауды қажет етеді. Ал баға сая­сатына келер болсақ, бір қалада немесе бір орталықта көрсе­тілетін қызмет бағасының 30-50% айырмашылықпен ұсынылуы, демалыс күндері көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар­дан шыққан балаларға жеңілдіктер­дің жасалмауы – нарықтағы рет­сіздіктің көрінісі. Сондықтан депутаттар барлық жерде бірың­ғай жеңілдіктер жүйесін енгізуді талап етті. Осы орайда Үкіметтің уәжіне сүйенсек, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес нарықтық баға белгілеу мен жеңілдіктер беру – кәсіпкерлердің өз құзыретіндегі шаруа. Дегенмен, бұл санаттағы субъектілер «Әлеуметтік кәсіп­керлік» тізіліміне енгізіліп, мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекеттің бизнеске шамадан тыс араласуына жол беріл­мейтіндіктен, міндетті жеңіл­діктер енгізу мәселесі қосымша пысықтауды қажет етеді.

Түйіндеп айтқанда, балалар қауіпсіздігі – ешқандай сөзбұй­даға салуға келмейтін, эконо­ми­ка­­лық тиімділіктен жоғары тұру­ға тиіс ең басты құндылық. Мә­жі­ліс депутаттары көтерген мәсе­­лелер мен Үкіметтің бұл ба­ғыт­тағы заңнамалық тетіктері көр­­сет­­кендей, елімізде құқықтық база бар, алайда оның орындалуын қа­таң бақылау назардан түспеуі керек.

Соңғы жаңалықтар