• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:25

Ырыздық жорығы аяқталды

Солтүстікте Ақмола облысының диқан­дары көктемгі егіс науқанын сәтімен аяқтап, ырыс негізін қалады. Биыл өңір­дегі егіс алқабы 77 мың гек­тар­ға ұл­ғайып, 5,6 миллион гек­тарға жетті.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кейінгі жылдары егіс құры­лымын әртараптандыруға ай­рықша көңіл бөліп келеді. Кейінгі үш жылда майлы дақыл­дардың көлемі алты есеге көбейіп, 715 мың гектардан асты. Мал азығы дақылдарына да жеткілікті назар аударылып отыр. Бұл мақ­­саттағы дақылдар 166,5 мың гектар алқапқа орналастырылса, картоп пен көкөніс алқап­тарының көлемі де кеңейе түсуде.

«Жауапты науқанда ұйым­шылдықпен өткізуге диқан механизаторлардың күш-жігер­лерін жұмылдырумен қатар мате­риал­дық-техникалық базаның қапысыз дайындығы септігін тигізді. Егістік алқаптардың құнарын жақсарту мақсатында 330 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылған», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Кейінгі жылдары рекордтық өнім алып, маңдай терлерінің өтеуін көріп жүрген диқандар биыл да үмітті. Көктем жауын-шашынды болды. Жерде нәр бар. Ал бар жұмыстың толайым атқарылуы мем­лекеттік көмекке де байланысты. Аграршыларды қолдауға жеңілдетілген несие мен субсидия түрінде 235 миллиард теңге қаражат бағытталып отыр. «Кең дала – 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдар­ламасы арқылы 840 ауыл шаруа­шылығы құрылымы тауарын өндіру­­шілерге 122 миллиард теңге қаражат бөлінді.

Машина-трактор паркін жаңалау жұмысы одан әрі жал­ғасып келеді. Жыл басынан бері диқандар 789 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 610 техника сатып алу туралы келісімшарт жасалды. Қосымша қолдауды «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асыратын форвардтық сатып алу тетігі көрсетіп отыр. Биыл жалпы көлемі 4,2 миллиард теңгеге 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен келісім-шарт жасалды. 3,3 миллиард теңге көлеміндегі 55 өтінім қар­жыландырылды. Бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көктемгі егіс аяқталғанымен ақық дән аялаған диқандар келесі науқанды бастап кетті.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар