Ол шын мәніндеде қазіргі қазақ әншілерінің атасы деуге болатын айтулы тұлға. Өзінің бүткіл саналы ғұмырын ұлт өнерін зерделеуге, оны өркендетуге, дамытуға арнаған адам. Халқымыздың өнері мен мәдениетінің тарихын терең білетін санаулы саңлақтардың бірі.
Ұлттық өнерді насихаттауға бүкіл ғұмырын арнаған ғалым не бір қилы жол, қиян соқпақтардан өтті. Кешегі ел басына күн туған, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау заманда небір қанды жорықтарды басынан өткерді. Басқасын былай қойғанда ол болашақ ұрпақтың бақыты үшін, елдің ертеңгі тыныштығы үшін бір аяғын майдан даласында қалдырды. Қос шырағының бірін және беріп қайтты.
Соғысқа дейінгі 1940-1941 жылдары Бекен аға Мәскеудегі П.Чайковский атындағы концерваторияның ән факультетінің дайындық курсының бірінші жылын аяқтаған екен. Сол қарсаңда соғыс басталып кетеді де небәрі он сегіз жасқа толар-толмастан майданға аттанады. Соғыстан соң ол оқуын Алматы консерваториясында жалғастырып, аталған оқу орнын қазақ радиосында әнші болып жұмыс істей жүріп, 1951 жылы бітіреді. Бұдан кейінгі уақытта Бекен аға ұстаздық қызметке ойысып, өзі оқыған оқу орнында сабақ береді. Осыдан 1957 жылы консерваторяның ән факультетінің кафедра меңгерушісі болып, 1973 жылы педагогтар арасында тұңғыш профессор атанады. Мінеки, байқап отырғандарыңыздай, шалғайдағы Шұбартауда (Бекен Бәкенұлы 1923 жылдың 9 майында бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданының Байқошқар ауылының «Бірбет» деген жерінде дүниеге келген) туып, өзінің ерен еңбекқорлығы, ерекше ізденімпаздығы, керемет қажырлылығымен осындай дәрежеге жеткен. Осы тұста мына бір жағдайды да ел назарын аудара айта кеткен жөн деп ойлаймын. Бекен аға консервторияның ән факультетінің кафедра меңгерушісі қызметін бір емес, екі емес, тіпті бес, он жыл емес, бақандай қырық бес жыл бойына үзбей атқарыпты. Бұл да Бекеңдей ағаның елден ерек тұлға екендігін көрсетсе керек.
Байқап отырғандарыңыздай, оның шығармашылық еңбек жолы өнер адамы болсам деп армандайтын әрбір жас талапқа үлгі, өненге боларлықтай. Ол қазақ әндерімен қатар орыс классиктері мен шетел композиторларының ән-романстарын шебер орындаушылардың бірі. Бекен ағаның орындауындағы өзіміз сахналардан жиі естіген М.Төлебаевтың «Тос мені, тос» (өлеңі Асқар Лекеровтікі), «Кестелі орамал» (өлеңі Н.Баймұқамедовтікі), Абай өлеңіне жазылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романстары, «Қазақстан оттары» (өлеңі Н.Шәкеновтікі) кантатасы талғамы биік тыңдарманын ерекше әсерге бөлеген өнер туындылары екенін атап айтуға тиіспіз. Әрі бұл өнер туындылары табиғаты ерек әншінің жоғары білімін, дауыс диапозонының ерекше кеңдігін танытты.
Осы ретте Бекен ағаның 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің он күндігінде ұлттық хорды бастап, жеке дауыста асқақтата ән шырқаған сәті көзі тірі көрерменнің әлі күнге есінде болар. Ол қазақ өнерпаздары Кремль сарайының кеңістігін дүрілдеткен бір сәт болатын. Көрген де арманда, көрмеген де арманда, сол бір өнердің айтулы он күндігінде майдангер әнші Бекен Бәкенұлы мәскеуліктерге қазақ ән өнерінің таңғажайып кереметін танытқан еді.
Жалпы, Бекен Бәкенұлының жарты ғасырдан астам уақытқа созылған өнегелі өнер жолында ұлағатты ұстаздығымен дараланатын тұлғадан тәлім алған қазақ баласы қаншама десеңізші. Олардың қатарында КСРО халық әртісі Т.Сейталиев, Қазақстанның халық әртістері М.Мұсабаев, Н.Қаражігітов, Б.Бейсенов, К.Бақтаев, З.Қойшыбаева тәрізді айтулы өнер адамдары бар. Осынау тарлан таланттардың қатарын Ғ.Есімов, Н.Үсенбаева, Ш.Әбілов, Ж.Бақтай, Ұ.Кенжебеков, М.Шалабев, Ғ.Әбілдаев, Д.Хайруллин, А.Бейсембеков, Р.Сымайлова, Р.Жұмаділова, М.Шотбаев сынды басқа да көптеген талантты толқындар толықтыра түседі.
Осы ретте Отаны, елі әншіге әр кездерде лайықты бағасын берді, ардақтап, құрметтей білді. Ол туралы айтар болсақ, Бекен ағамыз КСРО-ның кезінде «Ленин» орденінің, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек даңқы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталыпты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде «Отан» орденінің иегері атаныпты. Бұл жоғары награданы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерекше құрметпен өз қолымен табыстаған.
Көзі тірісінде Бекен ағамен елдегі етене араласқан бауырларының бірі болдым десем, оны ешкім де жоққа шығара қоймас.
Кездескен сайын елді, жерді еске алып, ауылдастарының хал-жағдайын сұрап, тілекші болып отыратын. Ауылдың амандығын, жаңалығын естігенде жүзі нұрланып, балаша қуанатын. Сондай сәттерде «Бірбетте», «Байқошқар», «Бақанастың» бойында асыр салып өткен балалық күндерін есіне алатын.
Жалпы, Бекен ағаның айтулы әнші болуына анасы Қанымбаланың көп ықпалы болған көрінеді. Иә, марқұмның анасы Қанымбала әжеміз өресі биік өнердің адамы еді дегенді ескі көздердің талайының аузынан естігеніміз бар. Сол үлкендердің айтуынша, «Бақанас» пен «Дағандыел» деп аталатын осы Шұбартау өңірін мекендеген екі болыс елдің қандайда бір қызықтары Қанымбала әжемізсіз өтпейді екен. Одан бұрын ешкім ән бастамайтын көрінеді. Тіпті кейбір атағы алысқа кеткен адамдардың думан-тойларында Қанымбала әжемізге алдын ала хабар айтылып, оны арнайы қос атпен немесе жер тарпыған тұлпарлар парлап жегілген пәуескемен алдыртады екен дейтін олар. Халқы дәл осылай алақанына салып әспеттеп, құрметтеген Қанымбала әжеміз ұзақ жасап Бекен ағаның өнердің биік шыңынан көрінуіне бірден-бір қамқоршы болыпты. Сол жолға бар пейіл-ықыласын арнапты.
Бекен ағаның отбасы, ата-анасы, белдеуде бұзау қалмаған қызыл сирақ аштық жайлаған нәубат уақыттан кейінгі 1936 жылдары белгісіз себептермен Қарағанды жаққа қоныс аударады. Ол бір барша жұрт жақсы білетін ел күңірене күйзелген, зиялылары қуғын-сүргін ұшыраған, ауыртпалығы мол аласапыран жылдар еді ғой. Қарпайым момын шаруа әкесі (Бәкен негізі Бекеннің атасының аты. Өзінің туған әкесінің аты Жылысбай. Әкелі-балалы екі адамның аттарының бұлайша ауысуының да белгілі бір себептері болған болар. Ол жағы беймәлім.) сол жылдарда аупарткомның бірінші хатшысының атшысы, көшірі болыпты. Бәлкім сол бірінші басшының ықпалы да болған болар. Қалайда бір жылдай Қарағанды жақтың дәмін татқан олар Семейге қайтып оралған. Тұрмыстың ауыр тауқыметінен ата-анасы Бекенді Семейдегі мектеп интернатына оқуға берген. Сонда оқып жүргенінде мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатынасып көзге түскен Бекен ағамыз Семейден үздік шығып, Алматыда өткен пионерлер арасындағы республикалық байқауға қатысады. Сол байқауда мамандар назарына іліккен Бекен ағаның өнер адамы болуына жарқын жол ашылады. Өйткені ол республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, бас жүлдесіне ие болады. Ақыры мектеп бітірісімен Мәскеуден бірақ шығады.
Сол кеткеннен мол кеткен Бекен аға туған жері Шұбартауға араға табандатқан қырық жыл салып оралған еді. Бала кезінде кетіп, азамат кезінде оралған перезентін ел де, жер де сағынып қалғандай. Ол кезде атақ-даңқы аспандап тұрған жерлестерін шұбартаулықтар хан көтеріп қарсы алған-ды. Оның жүзін көру, қасында отырып сөзін есту жерлестері үшін ерекше бір ғанибет. Асқақтаған әндерін тыңдау романтикаға толы одан да керемет оқиға болды. Уақыт, тағдыр алшақтатқан ел мен оның перзенті одан кейінгі кезде жиі кездесіп, жүздесіп тұрды.
Аудандар ірілендірілген тұста Бекен ағаның елге сапары тағы да сиреп қалғандай болды. Соны ескерген аудан басшылығы сексеннің сеңгіріне шыққан ағаны құрметтеп, Аягөзге келіп, аудан жұртшылығының алдына шығып, шығармашылық есеп беріп, өнер көрсетіп қайтуын өтінген-ді. Бекен ағамыз аудан басшыларының шақыртуын қабыл алып, келді. Ол 2012 жылдың тамыз айы болатын. Аудан мәдениетінің қара шаңырағы аудандық Қозы Көрпеш – Баян сұлу атындығы мәдениет сарайының сахнасында өнерсүйгіш жұртшылықтың алдында ән шырқады. Көрермен қауым сексеннің сеңгіріндегі әнші жерлестерінің өнеріне үлкен ризашылықпен қол соқты.
Сол күндерде Бекен ағаға тағы да қолқа салынды. Өскемен қаласында өтетін аудан күніне қатынасып қайтуы өтінілді. Бекен ағамыз бұл ұсынысты да қабыл алды. Сөйтіп атақ-даңқы әлем өнеріне танымал әншілердің атасы тек ауданда ғана емес, аудан көркемөнерпаздарының Өскемендегі өнеріне қолдау көрсетіп, такаппар да талғамы биік өскемендіктердің алдында да ән шырқаған еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылықтың сондағы өнер тарланына деген құрметі мен қошеметі күні кешегідей көз алдымда.
Міне, осындай ел десе баладай елпектеп тұратын Бекен ағадай өнер майталманының мынау пәни жалғаннан озғанына біршама уақыт өтсе де, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, ол туралы ойлар толғап, осы бір нағыз өнер қайраткерінің атын ел есінде мәңгі қалдыру мақсатын алға тартқан бірде-бір мақала жазбаппыз. Бұл енді біздің тойғанға мәз тоғышарлығымыздан болса керек. Әйтпесе қолда бар алтынның қадірін білер едік. Оны өскелең ұрпаққа өнеге етіп жүрер едік. Дегенмен қазақта «Ештен кеш жақсы» деген де сөз бар. Осы орайда ел мақтанышы Бекен Бәкенұлы Жылысбаевтың атын беруге болатын мәдени орындарымыз да баршылық. Солардың бірі әрі бірегей лайықтысы аудандық өнер мектебі деуге болады.
Ал енді Бекен ағаның атын беретін орын өзінің туған ауылында да бар. Ол – Кеңес одағының келмеске кеткеніне отыз жыл өтсе де, орысша қойылған атауы өзгермей келе жатқан осындағы «Горный» деп аталатын орта мектептің атауы. «Естімеген елде көп» дегендей қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында бұдан өткен сорақылық болсын ба?! «Көрмес түйені де көрмес» демекші, көзге шыққан сүйелдей болып келе жатқан осы атауды өзгертпей отырған атқа мінерлерге не деуге болады?! Оны ауыстыратын лайықты тұлғалар да бар. Бар болғанда қандай десеңіздерші! Абайдың ақын шәкірттерінің бірі, әйгілі әнші, ақын, композитор Уәйіс Шондыбайұлы кімнен кем?! Абай өз заманында айтқыштығын, сөзден ұстатпас ұтқырлығын ерекше бағалап, «Керейдің қызыл желі» деп атаған Бегеш шешен ше? Мұқтар Мағауиндей заманымыздың заңғар жазушысының «Аласапыран» аталатын романындағы кейіпкерлердің бірі, есімі өз кезінде елге мәлім болған Томан би тағы бар. Қара халықта кінә жоқ, билік тізгінін ұстаған әкімқараларға осылардың бәрін айтты. Алайда, көп жағдайда көз алдарынан алысты көре бермейтін атқа мінген ағайындарымыз олардың бірде-бірін құп көрмеген.
Құрметті оқырман қауым, ақыры айтқаннан кейін көңілдегімізді іркіп қалмай арылып, сарқып айтқанды жөн көріп отырмын. Бұл ретте Бекен Бәкенұлы сынды бірегей азаматқа мектептердің ғана атын берумен шектеліп қалмай облыс орталығы Өскемен мен Бекен ағаның өзі оқыған Семей қаласындағы көрнекті көшелерге оның есімін бергеннің де еш артықтығы болмас еді. Оның қазақ өнеріне сіңірген осындай еңбегі, мемлекеттік және қоғамдық жұмысқа бесене қатысқан қайраткерлігі, ел қорғаудағы ересен ерлігі соған әбден лайық. Оны тиісті орындардың тізгінін ұстаған лауазымды азаматтар ақыл таразысына сала жатар деп ойлаймыз.
Ақаш КӨКСЕГЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Аягөз