• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2019

Оралда «Жаңабұлақ тарихы» атты монографиясының тұсаукесері өтті

1015 рет
көрсетілді

Жақында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатовтың «Жаңабұлақ тарихы» атты монографиясының тұсаукесері өтті.

- Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы жарияланғалы бүкіл елімізде «Туған жер» бағдарламасы қанат жайып, танымал кәсіпкерлерден бастап қарапайым тұрғындарға дейін өзінің туып-өскен жеріне тарту жасауға кірісті ғой. Мен ауқатты кәсіпкер емеспін, қолымнан келетіні – ғылыми зерттеу, интеллектуалдық еңбек болғандықтан, туған ауылымның тарихын жазып шықсам деген ойға бекідім. Сөйтіп, бірнеше жыл Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор, Қазақстан Республикасының Алматы, Орал қалаларындағы мұрағаттарда ізденіс жұмысын жүргізіп, осы монографиямды жазып шықтым – дейді автор Саялбек Махамбетұлы.

Шағын ғана ауылдың тарихы дегенмен, 400 беттік еңбек елді мекеннің ғана емес, осы топырақты жайлаған ел-жұрттың сан ғасырлық жылнамасын қамтыған. Тіпті зерттеушінің ізденістері ауыл аумағынан тас, қола және ежелгі темір дәуіріне тән жәдігерлердің табылуына түрткі болған. Ғалымның қырағы назарына талай қызық мәлімет ілігіпті. Ресей империясын ХV ғасырда талай жыл дүрбелеңге бөлеген І, ІІ Лжедмитрий патшаларының нақсүйері болған Марина Мнишектің 1614 жылы дәл осы Кожехарово форпостында (қазіргі Жаңабұлақ ауылы) қолға түскенін, 1773-1775 жылдары Пугачев көтерілісіне осы ауылдан шыққан 80 адам қатысқанын, 1829 жылы Қайыпқали сұлтан Есімұлы дәл осы ауыл тұсында орыс казак тобының тұтқынынан қашып шығып, қайта қолға түскенін, 1832 жылы 17 қазанда Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан Бөкейұлы Орынборға бара жатқан сапарында осы бекініске қонып жатып, Г.С.Карелинге хат жазғанын да осы кітаптан оқып білдік. Одан бөлек, мұрағат құжаттарында әйгілі Махамбет Өтемісұлының 1846 жылы Жайық өзенін Кожехаров бекінісі тұсынан кесіп өтіп, осы станицада тұратын Синельников пен Горбунованың құла және жирен атын барымталап алып кеткені хатталған екен. Батырдың басы шабылатын Қаройдағы оқиғадан кейін Баймағамбет сұлтанның қарақшылары Махамбеттің меншігіндегі 3 мылтық, 2 қылыш, 1 қанжар және қос атты алып кеткен. «Міне, батырға соңғы күндеріне дейін серік болған осы екі ат та Жаңабұлақ өңірінен шыққан» деп жазады автор.

Ауыл клубының сахнасында өткен кітап тұсаукесерінде жантебірентерлік оқиға болды. Мінберге көтерілген Батыс Қазақстан облыстық корей халқы этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан басы жерге жеткенше иіліп, Жаңабұлақ халқына тәжім етті. Оның себебі – 1937 жылы Қиыр Шығыстан депортацияланған 41 корей отбасын – барлығы 192 адамды дәл осы ауылға қоныстандырған екен. Қиыр Шығыста ауыл кеңес төрағасы болып жүрген жерінен репрессияға ұшыраған Тян Наумның жесірі Мария үш ұлы, екі қызымен бейтаныс қазақ жерінен пана тапқан.

- Менің анам әлі тірі, жасы 94-те. Ата қонысынан ауып, арып-ашып келген жетім-жесірді сол бір қиын жылдары аман алып қалған – қазақ халқының кең жүрегі, мейірім-махаббаты деп білемін. Біз мұны ұмытпаймыз. Корей диаспорасы атынан Орал қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» деген ескерткіш те орнаттық. «Жаңабұлақ тарихы» кітабында сүргінге ұшыраған корей отбасыларының осы ауылдан пана тапқаны туралы деректерді көріп, қатты толқыдым. Саялбек, саған алғысым шексіз, - деді Виталий Константинұлы көзіне жас алып тұрып.

Осы кітаптың тұсаукесеріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай мен Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет бейнепікірін жолдапты. Еңбекке пікір жазған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров шығарманың ғылыми құндылығы жоғары екенін баса айтты.

Ауылының тарихын 400 беттік кітап етіп түгендеген жаңабұлақтықтар енді арнайы сайт ашып, елді мекеннің арғы-бергі тарихын ғаламтор бетінде жинастыруға кірісіпті. Кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты жиында осы сайттың да таныстырылымы болды.

Айта кетейік, «Жаңабұлақ тарихы» монографиясының авторы Саялбек Ғиззатов Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты. Ғалымның тұңғыш кітабы «Бөкей Ордасындағы жер үшін күрес (1850 жылдарға дейін)» 2016 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген болатын.

Батыс Қазақстан