• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2013

Арман мен сенім

507 рет
көрсетілді

Арман мен сенім

Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:35

(Жолдау  жолдарынан туындайтын ой)

Жаңа жыл қарсаңында тір­ші­лік қаншама қарбаласқа толы бол­са да кез келген есті адам өтер жылдың елеулі оқиғалары мен әртүрлі кезеңдерін, сынақ­та­ры мен қиындықтарын, қайшы­лық­тары мен үйлесімдіктерін, жет­пегені мен жеткенін, жоғалт­қаны мен тапқанын, ренжігені мен қуанғанын көз алдынан бір өткізіп, Жаңа жылды жақсы ті­лек, ізгі ниетпен қарсы алып, келер күнге үміт жалғауға талпынатыны табиғи құбылыс әрі дәс­түр-салт. Уақыт шіркінде де сәл болса да кідіріс жоқ, пендеге мо­йын бұрғызбай, өз екпінін тоқ­тат­пас­тан зырқырай берері де ақиқат. Сол уақыттың өлшемі мен берген мүмкіндігін сезіне, түсіне алған адам ғана уақытпен үндесіп, оған ілесе алары да хақ.

 

Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:35

(Жолдау  жолдарынан туындайтын ой)

Жаңа жыл қарсаңында тір­ші­лік қаншама қарбаласқа толы бол­са да кез келген есті адам өтер жылдың елеулі оқиғалары мен әртүрлі кезеңдерін, сынақ­та­ры мен қиындықтарын, қайшы­лық­тары мен үйлесімдіктерін, жет­пегені мен жеткенін, жоғалт­қаны мен тапқанын, ренжігені мен қуанғанын көз алдынан бір өткізіп, Жаңа жылды жақсы ті­лек, ізгі ниетпен қарсы алып, келер күнге үміт жалғауға талпынатыны табиғи құбылыс әрі дәс­түр-салт. Уақыт шіркінде де сәл болса да кідіріс жоқ, пендеге мо­йын бұрғызбай, өз екпінін тоқ­тат­пас­тан зырқырай берері де ақиқат. Сол уақыттың өлшемі мен берген мүмкіндігін сезіне, түсіне алған адам ғана уақытпен үндесіп, оған ілесе алары да хақ.

Қоғам, мемлекет те солай. Уа­қыттың үрдісіне лайық әрекет жа­сай алса ғана жаһандық дамудан шет қалмай, Ұлы көштің кө­рікті тобында жүре алатынына кө­зі­міз­ді жеткізген еліміздің, мем­леке­ті­міздің бүгінгі өмірі, ты­ныс-тір­ші­лігі, кескін-келбеті, же­тістіктері мен ізденістері, талпыныстары мен мақсаттары екендігі де еш­кім­нің күмәнін туғыза қоймас.

Әр жыл – өзінше шежіре. Бір жылда қоғам, мемлекет өмірінде өткен, болған маңызды шаралар мен жаңалықтардың бәрін тізбе­леп жату мақсат емес. Жыл басында берілген мүмкіндікті пайдаланып, айтқымыз келгені – өт­кен жыл мен келер жылдың тоғы­сындағы бүкіл еліміздің назарына көтерілген ең елеулі оқиға­лар­дың қоғам санасына, дүниета­ны­мына, болашаққа деген қайрат-жігеріне, сенім, нанымына әсері, ықпалы. Өйткені, адам да, қоғам да алдағы уақытқа, жаңа жылға үмітпен, сеніммен, жоспар тілегі­мен жалғасады.

Сондай халықтың жүрегіне жетіп, жанын жадыратқан, санасын сілкінтіп, көкірегіне қуат бер­ген өткен жылдың ең ірі жа­ңалығы да, оқиғасы да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңын­да жариялаған Қазақстан да­муының 2050 жылға дейінгі стратегиясы болды. Шын мәнінде бұл жолғы Жолдау жариялану мезгілі жағынан да, мазмұны жағынан да дәстүрлі жыл сайынғы Жолдаулардан айрықша, қоғамға мүлдем жаңа серпін берді. Жолдаудың басты мақсаты – Қазақстан хал­қының санасын, дүниетанымын өзгерту арқылы өмірін жақсарту, өмір сапасын күшейту, адамдар­дың өз өміріне деген көзқарасын өзгерту.

Бұл Жолдаудың бұдан бұ­рынғы Жолдаулардың сабақтас жалғасы екендігін түсінумен бір­ге оның ерекшелігінің, мақса­ты­ның ұлтымыздың рухын, санасы мен сапасын бұрын-соңды бол­маған дәрежеге көтеруге шақыр­ғанын түсінуіміз қажет. Ол үшін осы жыл бойы да, болашақта да Жолдаудың әр сөзінің салмағын білген жөн.

Елбасы бұл ұзақ мерзімді бағдарламасын жариялаудың се­бептерін, негіздерін айшықтап айтты. Мемлекеттігіміздің 21 жы­лының әр жылында Қазақ елі­нің ғасырға татырлық даму жолынан өтіп, орасан жетістіктерге қол жеткізе алғанымыз туралы бүкіл халық, көрші мемлекет өк­іл­дері, дүниежүзілік қоғамдастық институттары, халықаралық ұй­ым­дар, көрнекті әлемдік тұлғалар, басқа мемлекет басшылары, дип­ломаттар, саясаткерлер, журна­лис­тер әділ бағасын, пікірлерін айтуы, жаңа Қазақстанды мойындауы – үйреншікті жағдай болды. Яғни, кезінде біз, бізден бұрынғы талай ұрпақ армандап өткен ел, мемлекет болғанымызды әлем танып, мойындады.

Қазақтың еңсесі көтеріліп, елі ерлеп, рухы өрлеп, әлем елдері ісіне қызығып, сөзіне құлақ асатын дәрежеге жеттік. Тәуелсіз мемлекеттігімізді баянды Мәңгі­лік Елге ұластыруға халқымыз­дың толық негізі бар екендігіне айрықша екпін берілді.

Елбасы өз Жолдауында маңыз беріп, көкейінің түбінде сақтаған сырындай етіп айтқан Мәңгілік Ел болу үшін бүкіл халық болып, барлық мемлекеттік құзырлы құ­рылымдардың, билік тармақта­ры­ның таяу жылдарда қандай шараларды жүзеге асырып, қан­дай міндеттерді атқару керектігі толық қамтылып, нақты тапсырма берілді. Жолдаудың әрбір тар­мағына әлі талай оралып, талдап, сараптап, таратып пікір алысар­лық мүмкіндік те мол. Жол­дау­дың әрбір бөлімі, тарауы тек ресми құзырлы мемлекеттік орындар мен құрылымдар, мемле­кет­тік лауазымды қызметкерлер ғана емес, бүкіл халықтың, әрбір қа­зақстандықтың жауапкершілігін талап етеді.

Жыл басындағы осы мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолда­уының ең соңғы бөлімінде оны тыңдаған, оқыған әр адамның санасына әсер етерлік мына сөз­дерді ерекше тебіреніспен айтқа­ны­на назар аударып, екпін бергім келеді.

Елбасының: «Құрметті қазақ­стандықтар! Менің отандастарым! Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын… …Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан… Біз болшақ­қа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қыл­дық. «Қазақстан-2050» стратегия­сы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақ­тастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұр­пақтың лайықты жалғастыра­ты­нына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен іс­те­рі және жас ұрпақтың жасампаз­дығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз. Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!» – деген үндеу сөздері кімді болса да назар аудартып, жауапкершілігін, отан­­шылдық санасын оятуға ық­пал етері сөзсіз. Қазақ халқы Ел­­ба­сы­ның осы үндеуін түсініп, қол­дау көрсететініне еш күмән жоқ.

Елбасы еліне ел болатын сөзін айтып, болашақтың жолын бетке алып, елдің «Мәңгілік Ел» сапарын бастады. Жанында қазақтың қаны бар әрбір азамат осыны се­зінуі, түсінуі тиіс. Яғни, қазақ­пын деген әрқайсымыз ұлтымыз­дың, тіліміздің, Отанымыздың, мемле­кетіміздің ертеңін, бола­ша­ғын ой­лауға, оның мәңгілік құн­дылық­тарының сақталып қана қоймай, жаһандық өркениетпен қатар дамуына әрекет жасап, қайраткерлік еңбек ету парызымыз екенін түй­сінуге, түсінуге міндеттіміз.

Сөз жоқ, Жолдауда мемлекет­тің құзырлы орындарына арнайы тапсырмалар да берілді. Ол тап­сыр­ма­лардың орындалатынына тә­уел­сіздік ауанында өткен жиырма бір жылымыздағы жеңіс­те­ріміз бен жетістіктеріміз кепіл.

Осы тұста ескеретін жайт, ел­дің өркендеуі ең алдымен тұр­мыс әлеуетінің деңгейімен тіке­лей бай­ланысты екеніне ешкім­нің де күмәні жоқ. Тәуелсіз Қа­зақ­стан экономикалық реформа­лар­дың нә­тижелерін нақты ха­лықтың игілігіне жұмсаған қуат­ты мемлекет бола алғанын әлем мойындады. Ең алдымен өзіміз­дің көзіміз жетті. Өз мүмкін­ді­гі­мізге деген сенім орнықты. Осы жетістік­тер­ді алдағы таяу және ұзақ мер­зімде үдете түсіп, ха­лық­тың ба­қуатты тұрмыс-тіршілігін, әлеу­меттік сұранысын сапалы қамта­масыз етуді әлемнің ең озық мемлекеттерінің дәрежесіне жет­кізу міндетіне де Елбасы осы Жолдауында айқын басымдық берді. Олар – өндірістің өркен­де­уі, жаңа технологиялық қондыр­ғылардың кеңінен таралып, іске қосылуы, жаңа жұмыс орындары, Қазақстанның барлық өңірле­рін­де жұмыссыздықты жою, бәсе­ке­лестікке шыдас бере алатын өнім өндіру, тұрмыс деңгейінің сапасын жақсарту, елді әлеуметтік нысандармен толық қамту сияқ­ты кешенді мәселелер.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында жоғарыда айтылған мақ­саттарға қол жеткізу үшін соңғы 15 жылда қандай шаралар ұйым­дастырылып, қандай жұмыстар атқарылғанына, қандай нәтиже­лерге қол жеткізе алғанымызға сараптама жасап, әділ бағасын берді. Ол көрсеткіштер көңілге сенім ұялатумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттық ұж­данын, рухын көтерді, бола­шаққа деген сенімін орнық­ты­рып, ынтасын қуаттандырды.

1997 жылы, әлі экономикалық дағдарыс үдеп тұрған тұста біздің Президент «Қазақстанның- 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын» халыққа ұсынғанда кей­бір топтар «елдің жалақысын, зей­нетақысын төлей алмай отыр­ғанда қайдағы дамыған Қазақ­стан» деген сыңайлы күдік айт­қаны да рас. Міне, біз сол кезде қиял көрінген межелерге жете алғанымызға куә болдық. «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы елді ты­ғырықтан шығарып қана қоймай, дамудың ұзақ мерзімді жолдарын, жоспарын жасау тәсілінің өміршеңдігін де көрсетті, халық­тың көңіліндегі күдігін сейілтіп, өз қабілетінің қуаттылығына сен­дірді. Сөз жоқ, бұл – өте үлкен рухани жеңіс. Бұл жеңіс ұлттық сананы, дүниетанымды өзгертті. Соның нәтижесінде Елбасы енді 2050 жылға бет алып, бел бууға шақырғанда, бәріміз де бұл үндеуді 2030-дың заңды, табиғи жалғасындай қабылдадық.

Біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясының  нәтижелері мен қорытын­ды­ларына айрықша мән бере отырып, оның сабақтарын енді 2050 жылғы межелерге беттеген тұста жан-жақты ескеріп, сүйене, пай­да­лана білуіміз қажет. Өйткені, осы Жолдау ұлтымыздың мүдде­сіне, барлық сұраныстарына, бо­ла­шағына жауап беріп тұр. Мем­лекетіміздің қауіпсіздігі мен тұ­рақ­тылығын, ұлтымыздың өсуі мен өркендеуін, өз елінде жетек­шілігін қамтамасыз ететін бар­лық түбегейлі мәселелер осы Жолдауда толық қамтылған. Көп қазақ­тың көкейінде жүрген ойлар да осы құжатта қорытылып, оны жү­зеге асыру жолдары жария етілді. Елбасы қазақтың ұлттық мүддесін жария етіп, халыққа үн қатты. Соған сөз жүзінде қостап қана қоймай, нақты іспен қосылу, ілесу әрбір азаматтың парызы болмақ.

Сірә, халықтың болашақ әле­міне үлкен сапарының басында, біздің қоғамда тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап осы күнге дейін толассыз пікірта­лас­қа тақырып болып келе жатқан «ұлттық идея» туралы сұрақтар мен пікірлерге Президенттің дәл осы 2012 жылдың 14 желтоқсаны күні жария етілген дәуірлік Жолдауында толыққанды жауап бе­ріл­ді деп айтуымызға әбден болады.

Өйткені, ол пікірталастардан сырт қалмап едік. Өз ойымызбен әртүрлі тақырыптық дөңгелек үстелдерде, конференцияларда, жиындарда қатынасушылармен ой бөлісіп, пікір алысып жүрген жағдайымыз да бар. Соңғы жылдарда «Егемен Қазақстан» газеті­нің беттерінде жарық көрген бір­неше саясатнамалық мақалала­рымызда ұлттық идеяның негізгі өзегі мемлекеттік тәуелсіздігіміз екендігі туралы өз пікірімізді оқыр­мандар назарына ұсынудың да сәті келген.

Елбасының бұл жолғы Жолдауы мазмұны жағынан да, құры­лы­мы жағынан да, баяндалуы жа­ғы­нан да осыған дейінгі Жолдау­лар­дың жылдан-жылға ұласқан жалғасы бола тұра, көптеген күр­делі мәселелерге, құбылыстарға, әсіресе, елдің болашағына қарата мүлдем бөлек, тың, ерекше көз­қарас ұсынған жаңа жоба болды. Жинақтап айтқанда, Жолдаудың осы сипаттарын ашатын ірі-ірі түйіндерді төмендегіше топтас­тыруға болар еді. Олар:

Біріншіден, өткен кезеңге, дә­лірек айтқанда, «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалуына жан-жақты талдау жасалып, оның жетістіктерін алдағы кезең­дердегі даму жолдары мен шаралар барысында біліктілікпен пайдалана білуге назар аударылды.

Екіншіден, экономика жетіс­тіктерін мемлекетіміздің, халқы­мыздың тұрмыс деңгейін, әлеуе­тін өмір сапасын жаңа дәрежеге көтеріп, әлемдегі ең мықты, ау­қатты мемлекеттер қатарына енуге бар мүмкіндікті жұмылдыруға шақырды.

Үшіншіден, алдағы қырық жыл көлемінде Қазақстан ішкі-сыртқы саясатында қандай сала­лық жаңғыртулардан өтуі қажет, әрі оны мемлекетіміздің нығаюы мен халықаралық дәрежедегі беделін көтеруге жұмылдырудың жаңа жолдары мен жобалары айшық­талды.

Төртіншіден, XXI ғасырдағы жаһандық өзгерістер мен құбы­лыстар Қазақстан дамуына қан­дай ықпал етуі мүмкін, әрі оның қауіп-қатерлерін қалай ескеру қа­жеттігіне терең бойлап тоқталды.

Бесіншіден, таяу жылдарда көп салалы рухани-мәдени, демо­кратиялық реформалар жүргізу арқылы озық өркениет жетіс­тік­те­ріне сай, кез келген адам еркін өмір сүре алатын ашық, жаңа­шыл Қазақ мемлекетін тұрақ­тан­дыратын «Мәңгілік Ел» болып қалыптасатын арманды жүзеге асыруға тұңғыш рет осылай пәр­мен берілді.

Әсіресе, осы бесінші топта­ма­ға байланысты біздің қазақтар ел болып ескермей жүрген жағда­йы­мыз бар екенін де айта кетудің жөні келіп тұр. Рас, ресми орындар, лауазымды қызметкерлер атқаруға міндетті нақты істерді жүзеге асыру туралы орынды айтылып та жүр. Президент жаңа заман талабы тұрғысынан нақты тапсырма берді.

Осы Жолдаудан кейін біздің лауазымды мемлекеттік қызмет­керлеріміз – министрлер, әкім­дер, барлық деңгейдегі депутаттар, барлық мемлекеттік қыз­мет­керлер өмірге, Президент талаптарына, айтқан ой-тұжырым­да­ры­на бұрын-соңды болмаған жа­ңа көзқараспен қарауы қажет-ақ. Өздерінің көзқарас санасын өз­гертулері, сол арқылы қоғамды өзгертуге ықпал етулері тиіс.

Елбасының халықпен дидарласу, кездесулерінде көп жағдай­да кейбір ұлттық проблемаларды адамның жаны мен жүрегіне, санасы мен жүйкесіне жеткізіп, ерекше бауырмалдық, жанашыр­лық сезіммен қазаққа қаратып, қазақи тілмен айтатыны бар. Осы жолы да Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазаққа, соның ішінде орыс тілді қазақтарға арнап төмендегі сөзді айтты: «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қала­ды. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақ­пен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақ­стан­дықтардың жаппай қолданыс игі­лігіне айналады. Тілге деген көз­қарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сон­дықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тілі­не айналып, шын мәніндегі мем­лекеттік тіл мәртебесіне көтеріл­генде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМ­ЛЕКЕТІ деп айтатын боламыз». Бізге ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ мен МӘҢГІЛІК ЕЛДЕН артық қандай ұлттық идея керек? Қазаққа жо­ға­рыдағыдай сөз жеткіліксіз бе?

Осындай сөзді түсіне алмаған орыс тілді қазақты кім деуге болады? Оған не деуге болады? Біз зайырлы, ізгілікті, құқықтық, өр­кениетті мемлекет болғандықтан, ешкімді де мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Кез келген тілді, әсіресе, кімге болса да өз ана тілін мәж­бүрлеп үйрету тілдің мәртебесін көтере алмайды. Адамға «өзіңнің туған анаңды сүй» деп заң қа­былдау қажет пе? Онда адам деген жаратылыстың табиғи бол­мы­сынан не қалмақ? Қай ұлтқа да тіл туралы ұғым солай емес пе?

Немесе мемлекет аппараттарында, мемлекет қызметінде жұ­мыс істеуге шектеу қою жолымен жүруге тура келе ме? Қазір біздің министрліктер аппараттарында қызмет істейтіндердің 90 пайызға жуығы қазақ жастары, тіпті оқу, білімді тәуелсіз Қазақстан тұсын­да алған. Өкініштісі – олардың көбінде ұлттық сананың сәулесі де жоқ. Олар бөтен биліктің, ұлт­тың үстемдігін көрмеген, оның қандай болатынын түйсінбейді де, сезінбейді де. Ең қауіптісі – олардың көбі өзінің ана тілін білмегеніне қысылмайды, кері­сін­ше, билікті, аға ұрпақты, өз әке-шешелерін кінәлайды. Елдің бәрін кінәлағанша өзі санасы мен көзқарасын өзгертіп, қаны мен тегінде жатқан қазақ тілін оятып, тілге ден қойып, қазақша оқып, жазса әрі кеткенде жарты жыл, бір жылда ана тілінде жазылған қағазды оқып шығарлық қауқары болар еді. Сана мен ниет болмай тұр. Осы сеңді бұзу қажет. Осы тоңды жібіту қажет. Ол, шын­ту­айт­қа келгенде, әр қазақтың өз қаны, санасы, қолындағы мүмкі­н­дігі. Ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін қазақтарға Президент­тің сөзінен кейін рухани сілкініс қажет. Оның еш қиындығы жоқ екендігін қазақша қазақты жа­ңыл­дырып сөйлейтін орыс, не­міс, украин, корей ұлттарының өкілдері дәлел­деп жүр. Біз теледидардан күнде көретін қазақ, орыс тілдерінде әдемі хабарлар жүргізетін Оксана Петерс, Майя Веронская, Юлия Кушнарева, Игорь Сахар, Ольга Саморукова, Ирина Тен, тағы басқалардың мәдениеті мен білі­мі, жұртты сүйсіндіретін адами қанық қазақ тіліндегі сөздері қа­лайша қазақ­ша сөйлемейтін қа­зақтардың түй­сігіне әсер етпей­ті­ніне таңға­ла­мын.

Қазақ ежелден көнбіс, төзімді, сабырлы халық болса да аса се­зімтал халық еді. Бір кезде бүкіл қазақ орыс тілін де орыстан же­тік меңгеріп алдық емес пе? Ор­ыс тілі біздің байлығымыз, біз одан ешқашан бас тартпаймыз. Орыс тілін жоғалтпаймыз. Қазір біздің жастарымыз ағылшын, не­міс, қытай, түрік, тағы басқа тіл­дерді де еркін меңгеріп жүргенде өзінің қанында ағып, тамыры бүлкілдеп жатқан ата тегінің, анасының тілін білгісі келмейтіні не сұмдық? Міне, ұлттық идея жолындағы кілтипан.

Елбасының ерекше қасиеті – ел басқару ісінің мәртебесін, абы­ройын көтеріп, қандай қай­шылықты, тығырыққа тірелген жағдайларда да асып, саспастан, әрі жайбарақаттыққа да салынбас­тан, ең ұтымды жол таңдап, әділ шешім қабылдай алатыны. Елі­міздің мемлекет құрған жылдарында Қазақстан халқы оған талай рет куә болды.

Сондай аса маңызды іргелі ше­шім Қазақ мемлекетінің бола­ша­ғымен тікелей байланысты тілден басталған көп мәселенің түбегейлі түбірін де Президент атап көр­сетті. Қуанатын жағдай – Президент тұңғыш рет біздің Қазақ мемлекеті дәрежесіне өсу, өну жолымызды атап, соған жету үшін не істеу қажеттігін ашып айтты. Бұл зор тарихи жетістік, жеңіс болар еді. Егер Қазақ мемлекетіне жетсек, оның келесі сатысы «Мәңгілік Ел» болары сөзсіз.

Үстіміздегі 2013 жылдың да айқын ерекшелігі «Қазақ­стан- 2050» Стратегиясының алғашқы баспалдағы болатынында. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл жыл 1997 жылғы бағдарлама мен жаңа Стратегиялық даму бағ­дар­ламасының арасындағы жалғас­тырушы көпір қызметін атқара­ды. Осы уақытқа дейінгі сәтті жетістіктер 2013 жыл арқылы жарты ғасырлық болашаққа құ­лаш ұрмақ. Жолдауда аталып, айшықтап көрсетілгендей, жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеу бағытындағы көптеген жасампаз жоспарлары дәл осы 2013 жылдан бастау алып, халқымыздың әлеуметтік тұрмысы мен өз мүмкіндігін өз игілігіне жұмсата алар шараларға жол ашылуы көз­делуде. 2013 жылдың мемлеке­тіміздің дамып, қуаттана түсуінде елеулі, табысты жыл болуына бүгінге дейінгі экономикадағы, әлеуметтік бағыттағы жаңа межелер мен нысандар ауқымын кеңейту, тұрмыс сапасын көтеру көрсеткіштері де зор ықпал етіп, екпін берері анық.

XXI ғасырдың бел ортасын­дағы Тәуелсіз, өркендеген, қуат­ты, ізгілікті, еркін Қазақ мем­ле­кетін көру бәріміздің де Арманымыз болса, сол Арманға тек қай­ратты Еңбек, қажымас Сенім мен Бірлік, Ынтымақ арқылы жетуге болатындығын санамызбен тү­сі­ну – біздің ұлттық парызымыз.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.