Әдетте, жер немесе көлік салығы дер кезінде төленбейді. Күнделікті күйбең тірлікте оған көңіл бөлуге де мұрсат бола бермейді. Сол селқостықтың салдарынан өсімпұлды өтеп, опық жейтінімізді көбіміз аңдамай қаламыз. Ресми статистика биыл елдегі борышкерлердің саны 1,4 млн адамға жеткенін және салық берешегінің сомасы 20,9 млрд теңгені құрағанын көрсетті. Мұндағы негізгі борыш - 14, 3 млрд теңге, ал есептелген өсімпұл 6,6 млрд теңге.
Берешектің дені көлік құралдарына тиесілі
«Бұл өмірде екі-ақ нәрседен құтыла алмайсың, ол – өлім мен салық». АҚШ-тың негізін қалаушы реформаторлардың бірі Бенджамин Франклиннің осы сөзі салықтың маңызын айқындап, америкалықтардың арасында салықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашты. Өкінішке қарай, еліміздегі жағдай басқаша. Жоғарыда келтірілген берешектің үлкен үлесі, нақтырақ айтқанда 14,4 млрд теңге (70%) көлік құралдарына тиесілі. Жер салығын төлемегендердің саны 12% немесе 2,5 млрд теңгені құрады. Мүлік салығындағы қарыздың көлемі - 1,4 млрд теңге. Салық жауапкершілігінен жалтарғандардың дені күнгей өңірлердің халқы болып шықты. Мәселен, Шымкент шаһарында борышкерлердің қатары 148 мың адамнан тұрса, Түркістан облысында 139 мыңға жеткен. Жағымсыз динамиканы Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан қаласы түйіндеп отыр. Бас шаһарда берешегін өтемеген тұрғындар 114 мыңға жетсе, жамбылдықтар арасында бұл есепте 116 мың адам тұр. Өңірлер арасында берешектің ең үлкен сомасы Алматы қаласында – 5, 5 млрд теңге. Бұдан кейін 2 млрд теңге қарызбен көштің бел ортасында Нұр-Сұлтан қаласы және Маңғыстау облысы нық жайғасыпты. Шырайлы Шымкентте бұл сома 1,6 млрд теңгенің айналасында. Айта кетейік, биыл 4 шілдеде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев салықтық рақымшылықты көздейтін Заңға қол қойған еді. Осының аясында Қаржы министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылықты жүргізу ережесі әзірленіп жатыр.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаларға салық рақымшылығын жасау үшін үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығына мән беріліп, дербес шоттар түгенделді. Осыған қоса, рақымшылықтың тағы бір маңызды жаңалығы – жеке кәсіпкер емес, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындайтын салықтар бойынша берешегі бар азаматтардың қарыздарын шегерту мүмкіндігі пайда болды. Бұл жерде көрсетілген берешек елдегі салық органдарының 2002-2003 жылдары жергілікті жүйеден жалпыреспубликалық салықтық ақпараттық жүйеге көшу кезінде орын алған салықтың түрлері. 2019 жылдың 1 қаңтарында осындай салық берешегі 16 мың жеке тұлғада анықталыпты. Оның жалпы сомасы – 700 млн теңге. Негізгі қарыз 400 млн теңгені құраса, өсімпұл 300 млн теңге көлемінде байқалған, – деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.
Өсімпұл есептен шығарылады
Отандық қазынашылар өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз жолы – жеке тұлғаның салыққа қатысты негізгі борышын төлеу дейді. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті де жоқ. Мемлекеттік кіріс органдары күнделікті жеке тұлғалардың дербес шоттарына мониторинг жүргізеді екен. Негізгі борыш өтелген кезде 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды есептен шығару туралы шешім шығарылады.
– Рақымшылық жеңілдігін пайдалана алатын тұлғаларға хабарлама жіберіп отырамыз. Мемлекеттік кірістер комитеті ағымдағы жылдың соңына дейін есептелген өсімпұлдарды есептен шығару үшін және салықтық рақымшылық жүргізу тәртібі туралы кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Егер салық төлеуші осы жылы былтырғы негізгі борыш пен салыққа байланысты өсімпұлды төлеген болса, өсімпұл сомасы қайтарылуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет. Берешегі бар азаматтарды мемлекет тарапынан есептелген өсімпұл түріндегі санкциясыз өз салықтық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз, – деді Жайдар Іңкәрбаев.
Соңғы он жыл ішінде салық рақымшылығына байланысты ауқымды науқан екі мәрте өткізілген-ді. Оның біріншісі 2011 жылы жүргізілсе, араға 4 жыл өткеннен кейін тағы да жалғасын тапқан.
Салықтан жалтарғандар жер аударылады
Internal Revenue Service немесе IRS – бұл Құрама Штаттың салық қызметі. Аталған басқарма өзінің қатаңдығымен танымал. Осы ретте АҚШ салықтан жалтарғандармен күресте әлемдік рейтингтің тізгінін ұстайды. Ел резиденттері берешектерін өтемеген жағдайда, тіпті мемлекет аумағынан қуылуы ықтимал. Мысалы, Штатта ұзақ жылдан бері тұрып келген 73 жастағы Италия азаматының швейцариялық банкте 3 млн доллар көлемінде қаражаты жатқан. Бұған қатысты есепшотты апениндік қазынашылық органнан жасырған. Алайда IRS бұл әрекетті әшкерелеп, аталған азаматқа айыппұлмен қоса өсімпұлды да салған. Енді жетпістің асуынан асқан ақсақал елден шығарылуы мүмкін. Белгілі болғандай, ол жиған-тергенін UBS банкінде сақтаса керек. Бұл қаржы институтына IRS айыппұл тағайындап, банк салық қызметіне 780 млн доллар төлеуге мәжбүр болды. Бұдан кейін швейцариялық банктің үстіне бұлт үйіріле бастады. Неге десеңіз, америкалық қазынашылардың ізінше германиялық және франциялық салық органдары да банкті қыспаққа алған. Мұхиттың арғы бетінде қаржылық есебін жасырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылыпты. Осындай үкімге жоғарыдағы италиялық қарт ұшырай жаздаған. Абырой болғанда, америкалық фемида қарияның жасын ескеріп, 50 мың доллар көлеміндегі айыппұлмен шектелген екен.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»