«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Интер РАО» ААҚ-нан «Екібастұз ЖЭС-2 стансасы» АҚ-ның 50% үлесін сатып алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, қор Екібастұз ЖЭС стансасы акцияларының 100% иесі болады. Жол картасына сәйкес мәмілені 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кеткен жөн, «Интер РАО» өзінің Екібастұз ЖЭС-2 стансасындағы акцияларын нарықтық шарттарда сатып жатыр. Дегенмен, мәміле құны келісім аяқталғанға дейін жария етілмейді. Сондай-ақ бұған дейін қорда бұл стансаның 50% акциясы болғандықтан, қалған активтерді иемденуі қисынды болып саналады.
Мәміленің аяқталуы белгілі шарттардың орындалуына, оның ішінде тараптардың басқару органдарының бұл мәмілені мақұлдауына, несие беруші банктердің ЕЖЭСС-2 стансасының акционерін ауыстыруға келісімін алуына және т.б. органдарға байланысты. Сонымен қатар «Интер РАО» компаниясының ЕЖЭСС-2 құрамынан шығу туралы шешімі негізгі нарық ретінде Ресейде жұмыс істеуге шоғырлануға деген ниетімен байланысты болғанын хабарлады. Екібастұз ЖЭС-2 үлесін сату жөніндегі мәміле аяқталғаннан кейін, «Интер РАО» ААҚ-да Қазақстанда активтері болмайды. Жақын арада Ресейде өндіруші қондырғыларды модернизациялау іске қосылады, оған «Интер РАО» белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активі шамамен 67 млрд долларды құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.
Ал «Интер РАО» ААҚ – Ресейдегі, сондай-ақ Еуропа мен ТМД елдеріндегі активтерді басқаратын ресейлік энергетикалық компания. «Интер РАО» электр және жылу энергиясын өндіру және сату, халықаралық энергетикалық сауда, инженерлік, энергетикалық объектілерді жобалау және құру үшін жауап береді.
Электр қуатымен толық қамтылды
Ұлттық электр торабының активтеріне иелік ететін және басқаратын «KEGOC» АҚ «Павлодар энергия торабының Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен байланысын күшейту» жобасын аяқтады.
– Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында бұл жобаның атқаратын маңызы зор. Жобаны жүзеге асыру энергиямен жабдықтаушы және энергия жеткізуші кәсіпорындарға Павлодар қаласы мен облысында құрылып жатқан Бос экономикалық аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз етуге кепілдік беру мүмкіндігін туғызды, – деді Өндіріс жөніндегі басқарушы директор Б.Жазықбаев.
Бұл аймақты Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) байланыстыратын қолданыстағы электр жеткізу желілеріне (ЭЖЖ) «Промышленная» қосалқы стансасы мен Еуразиялық энергетикалық корпорация АҚ ЭС («ЕЭК») арасында жаңа 220 кВт ЭЖЖ салынды. Сонымен қатар жоба шеңберінде «Павлодар» қосалқы стансасы 220 кВ кернеуіне ауыстырылып, қайта құрылды. «ЕЭК» АҚ ЭС-де 220 кВт АТҚ қайта құрылды. 220 кВт кернеулі «ЕЭК – «Павлодар» ҚС – «Промышленная» ҚС – ЕЭК» электр жеткізу желілері шеңберін құруға мүмкіндік берген басқа да энергия объектілері салынды.
Павлодар энергия торабы мен БЭЖ-дің электр байланыстарын күшейту электр стансалары жұмысының, сонымен қатар аймақ тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділігін біршама арттырды. Сондай-ақ Павлодар ТЭО-1, 2, 3-тің электр энергиясын өндіруінің артуына мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде Павлодар қаласының дамып келе жатқан индустриалды кластерінің қажеттіліктері үшін маңызды. Сонымен қатар Павлодар энергия торабының қуат беру сызбасына кіретін ӘЖ-ні жөндеу және қызмет көрсету кестесін уақытында орындау, Павлодар энергия торабының энергия өндіруші ұйымдары (Павлодар ТЭО – 1, 2, 3) үшін шектеу енгізу қажеттілігісіз оларды қосу мүмкіндігі маңызды факт болып отыр.
Бір айта кетерлігі, Павлодар энергия торабы 600-650 МВт электр қуатын пайдаланғанның өзінде жалпы жиынтық мөлшері 800 МВт көлеміндегі электр қуаты болатын, 150-220 МВт көлеміндегі артылған энергия қуатын Қазақстанның БЭЖ-не жөнелтетін. Қазақстан БЭЖ-імен байланыс жоспарлы және желілердің апаттық ажыратулары кезінде тиісті өткізу қабілетін және Павлодар энергия торабының Қазақстан БЭЖ-імен сенімді қатарлас жұмысын қамтамасыз ете алмаған 110 кВ-тық екі желі арқылы жүзеге асырылатын.
«Егемен-ақпарат»