Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеев хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы тұзды тұтыну деңгейі әлем бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Халықаралық ұйымның мәліметінше, ел тұрғындары тәуліктік мөлшерді 3 еседен арттырып, күніне 17 грамм ас тұзын пайдаланады екен. Бұл ретте тиісті норма 5 грамды құрайтынын атап өткен орынды. Мамандар мөлшерден артық тұзды тұтыну жүрек-қан тамыр аурулары, артериялық гипертония, инсульт, инфаркт, семіздік, ІІ типтегі қант диабетінің дамуы сияқты созылмалы жұқпалы емес ауруларға, сондай-ақ кейбір онкологиялық сырқат түрлерін қоздыруы мүмкін екенін жасырған жоқ. Осыны ескере келе Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Мұндағы көзделген меже – ұн өнімдерінен жасалатын тағамдағы тұздың мөлшерін 1 грамға біртіндеп азайтып, рецептураны өзгерту. Сол секілді қазақстандықтар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру қажет.
– Адам денсаулығының дұрыс болуы 70%-ға дұрыс тамақтануына байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстарды өткен жылдан бастап қолға алдық. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп нан-тоқаш өнімдерін өндірушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Осы іске Қазақ агротехникалық университеті жұмылдырылғаны қуантып отыр. Өйткені оқу орнының ғылыми-техникалық базасы дұрыс тамақтану ісін жандандыруға септеседі деп үміттенеміз. Бұған қоса елордадағы және Қарағандыдағы нан-тоқаш өнімдерін өндірушілермен ортақ келісімге қол жеткізу жоспарда бар. Әзірге пайдалы тағам университет қабырғасында өндірілмек. Үш жыл көлемінде нан өнімдеріндегі тұзды 1 грамнан азайту көзделген, – дейді Руслан Сатывалдеев.
Аталған білім ордасының тәжірибелік-өндірістік цехында студенттер мен оқытушылар үшін құрамында тұзы аз нан өнімдері әзірленетін болады. Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып түрлі өнімдердегі тұзды азайту мәселелері бойынша консультациялар, семинарлар, сондай-ақ пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша акциялар ұйымдастыру жоспарланған.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»