Шоқан өскен Құсмұрын өңірі қыратымен, сай-жырасымен көрікті. Шыңғыс төре үйін тікті деген қайың тоғайы жазда нәзік жасыл желең жамылып, күзге қарай Ғафу ақын айтқан «елтінжал» көркіне ауысады.
Қайың тоғайы тек Құсмұрында ғана емес, әр жерден-ақ алдыңнан шығады. Ал Тобыл-Торғай бойындағы жалғыз қандыағаш тоғайы да Құсмұрынды таңдағандай. Жағасы жар, терең сайдағы тұтаса өскен биік ағаштар алыстан зорайып, қарауытып, жақыннан тоқжасыл болып көрінеді. Ал тоғайдың іші кәдімгідей қаракөлеңке, аспанмен таласып, ұшар басына қараған адамның тақиясы түсетін қандыағаштың қалың жапырағынан күн сәулесі себезгілеп тұрады. Бір қызығы, сайдың ортасына қарай қандыағаштар тіреліп тұр да, ал сайды жағалай терек өскен. Ылғалдың молдығынан болуы керек, олар да аспанға шаншылған биік, жапырағы желге қойған қалақтай дамылсыз судырайды.
– Қандыағаш азайып бара жатқан соң, тоғайды терек көмкеріп, қорғап тұрған сияқты ғой. Табиғатта қателік болмайды, бәрі дұрыс, – дейді жолсерігіміз Ермек Кенжебаев. Соңғы жылдары қандыағаш Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірді. Бұл жердегі аталған тоғай мемлекеттік табиғат ескерткіші саналады да, оны «Семиозер» орманды және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесі күзетеді. Тоғайлы сай «Құсмұрын көлінің жанындағы қандыағаштар – Қараағаш шатқалы» деп аталады. Шоқан суын ішкен Орта бұлақ та сол сайда ағып жатыр.
Биолог Андрей Андрющенко қандыағашты осыдан 10-12 жыл бұрынғы Тобыл өңіріндегі сыңсыған тайгадан қалған жәдігер дейді.
– Қандыағаш Тоғызақ өзенінің бойында бір-екі жерде және Меңдіғара ауданындағы Введен ауылының айналасында кездеседі. Онда да әр жерде бір түп ағашты көруге болады. Қандыағаш бұлаққа жақын өседі, ол жерлерде жерасты тұщы сулары алыс болмаса керек. Судың сапасы адам түгіл, ағашқа да жағады екен, қандыағаш 120-150 жыл жасайды. Тіпті 300 жыл жасаған ағаш туралы да жазады биологтар, оның ұзындығы 35 метрге жетеді, – дейді Андрей.
Жанымызға ерген жолсеріктің бірі Жауһар Ғабдулина осындағы қазақтар бұл ағашты қасиетті санағандығын айтты.
– Оны кескенде діңінен шығатын шырынның түсі қан сияқты қызыл көрінеді. «Ертеде ақсақалдар «қандыағашты кеспеңдер, оны кесу – адам өлтіргенмен бірдей» деп, балта жұмсауға тыйым салатын еді» дегенін ауылдың үлкен кісілерінен естіп едім, – дейді Жауһар.
Мұның сырын облыстағы әйгілі ағаш шебері Таңатқан Божақовтың әңгімесі аша түсті. Қандыағаштың бұлақ бар жерде өсетінін ол да айтты.
– Орыс халқының ағаш шеберлері ертеде қандыағашты «хамелеон ағаш» деп атаған. Себебі кескенде, қабығын аршығанда шырыны түрлі-түсті болады, арасында қызғылт түс те кездеседі. Олар мұнан жиһаз, ыдыс жасаған. Біздің жерде кездесетін қандыағаштың діңі сұрғылтқоңыр, ал Ресейдің солтүстігіне қарай өсетіндерінің діңі қарақоңыр болады. Мен ағашты көбіне Ресейден әкелемін ғой. Біздің далада сирек кездесетіні рас. Өзім қандыағаштан шөміш пен қасық жасағанмын, өте әдемі, сұлу шыққан еді, – дейді Таңатқан ағай.
Біз қандыағаш тоғайынан шыққанда күн еңкейіп қалған еді, көлеңке тіпті ұзарып кетіпті.
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы