Біздің қолымызға Мәшекеңше айтқанда, мейміл мес келіп түсті. Оның иесі ҚазКСР-інің сол кездегі Ішкі істер министрі, 1959 жылғы Теміртау оқиғасында жаппай қару қолдануға бұйрық берген делінген, өзінің қарақан басын ғана емес, сол кезде солқылдақтық танытқан КОКП-ның және жалалы болған советтік милицияның абыройын қорғап қалған генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев. Қолымыздағы месте Ш.Қабылбаевтың өз қолымен жазған күнделігі, КОКП ОК Бірінші хатшысы Н.С.Хрущевке, КОКП ОК хатшысы Л.И.Брежневке, ҚК ОК бірінші хатшысы Д.А. Қонаевқа жазған өтініштері, сотта сөйлеген сөздері, басқа да осы іске қатысты құнды жазбалары сақталған екен. Төмендегі жазбамызда осы құжаттарды басшылыққа алдық.
1959 жылғы тамыздың алғашқы үш күнінде өткен қанқұйлы Теміртау оқиғасына да 60 жыл толып отыр. Сонша уақыт өтсе де, оның материалдары мұрағаттарда құндақтаулы қалуда. Расында да, Теміртауда сонау 59-дың тамызында не болып еді? Иә, мылтық атылды, кісі қолынан адам қаза болды. 1960 жылы 26 наурызда бекітілген айыптау қорытындысында «... 1959 жылғы 2-3 тамызда патрон атысының қарқындылығынан 10 мыңға дейін атыс патронын, ал 2 мыңға жуық бос патронды əскери қызметшілерінің конвой күзетшілері мен милиция қызметкерлерінің шығындағанын көрсетіп отыр».
Сөйтіп халқын қорғауға міндетті әскерилеріміз бен милициямыз бейбіт халыққа мылтық кезеді. Бұл Теміртау оқиғасының ең бір нәзік, осал тұсы дер едік. Өйткені оларды атуға бұйрық берген кім деген сауалдардың сауалына әлі күнге жауап қайтарылған жоқ.
Ал бұйрық беруі мүмкін тұлғалар тізімі де шексіз емес еді. Олар... Ең алдымен, КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.С. Хрущев еді... КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Л.И. Брежнев еді...
Әскер кіргізілген соң-ақ ол – саяси оқиға. Саяси оқиға болған соң-ақ ондай пәрменді тек мемлекеттің бірінші басшысы ғана бере алады. Бірінші болмаған жағдайда, екінші тұлға береді. Ал бұл жерде ондай тұлға Л.И.Брежнев болатын...
Ондай бұйрықты Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Н.И. Беляеев те, Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев та, Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы П.Н.Исаев та, Қарағанды облыстық ІІБ бастығы Н.Н.Любых та бере алатын еді. Бір реттік сипаты болған жағдайда, әрине. Ал жаппай қару қолдануды тек... Мәскеу шешетін... Соған қарамастан Мәскеу Теміртау оқиғасына кінәлі адам ретінде Ш.Қабылбаевты таңдады. Оған Н.Н. Любых қосақталды. Осының өзінен сол кездегі халықтар достығы деп келген сасық саясатымыздың иісі шығып тұр емес пе?!
Теміртау оқиғасы кезінде ҚК ОК бірінші хатшысы Н.И.Беляев республикадан тысқары жерде болған. Сол күндері КОКП ОК Бірінші хатшысы да елде болмады-мыс деген дерек те ұшырасады. Әбден саясаттанған кеңестік тарихқа оның онша қажеттігі де жоқ еді. Бұйрықты берген адам генерал-майор (сол кезде) Ш.Қабылбаев деген сынды ақпарат тарап үлгерген-ді. Көзге шұқып тұрып, Қабылбаев демесе де... жалпақ жұрт солай түсінді.
Рас, Ш. Қабылбаев партияға берілген адал коммунист еді. Бұл жолы да сол адалдығынан танбады. Шымбайына батқаны өздерін орынсыз қаралағандары еді. Бәріне кінәлі милиция екен. Ол бәрімен келіссе де, осынау тұжырыммен келісе алмайтын еді.
Кеңестік жазалау аппаратына Қабылбаевты кінәлі қылып шығару керек еді. Бұл жолда олар бәріне барды. Қоқан-лоқы да жасалды. КСРО Бас әскери прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі әскери тергеушісі, әділет полковнигі Грековтың астамшылығы да істі орнынан қозғай алмады.
Астам полковник қозғаған он томдық «Дело по обвинению Кабылбаева Ш.И. Любых Н.Н» деген іс анау-мынау емес, 5068 беттен тұрады. Хаттамалары мен түсініктерінің санына жетіп болмайды.
Осы істің көптеген көшірмесі Ш.Қабылбаевтың жеке мұрағатында сақталған екен.
Жасыратыны жоқ, әлемге жар салынған гүлденген Қазақстан Магниткасында жағдай күрмеулі болатын. Комсомол құрылысына Одақтың түкпір-түкпірінен жастар ағылып жатты. Олардың ішінде қылмыстық элементтер де аз емес еді. Үйлестіру жұмысы ақсап жатты. Қолдары бос жастар еріксізден күндерін ішімдік ішумен өткізді. Соған орай тұрмыстық кикілжіңдер жиі болған. Құрылысқа келген жастар мидай араласып кеткеннің орнына өз арасында оқшаулыққа барған.Топ-топ болып бөлшектенген. Содан барып топтап төбелесу бой көрсете бастаған. Оның үстіне Болгариядан жолдамамен жас жұмысшылардың келуі істі одан әрі шиеленістіре түскен. Өйткені жергілікті билік оларға барлық жағдайды жасауға ұмтылған. Мәселен, асханада бірінші болып болгарлар тамақтанған. Қалған ел оның соңын тосып тұратын болған. Моншаға түскенде де солай еді. Қалған жұрт шатырларды паналағанда, оларға тұрмысқа қолайлы баспаналар бөлінді. Бұл әлеуметтік теңсіздік көпшілікке қыжыл болып жабысқан. Ерте ме, кеш пе ол сыртқа шығуы тиіс болатын.
Орталық қарағандылық әскерилер жерлестеріне қару көтермейді деп сескеніп, әскерилерді сырттан енгізуге мәжбүр болды. Ал ондай пәрменді тек Мәскеу ғана бере алатын.
Алдымен жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасау Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатпайтыны белгілі, екіншіден Теміртауда тәртіптің нашарлап бара жатқандығы туралы Қабылбаевтың қалалық милиция бөлімін нығайту туралы ұсынысы аяқсыз қалған.
Алдымызда жатқан Қабылбаевтың жеке мұрағатындағы қағаздарын ақтарыстырып отырып, ол кісінің неге үнсіз қалған себебін де білгендей болдық. Рас, Қабылбаев Мәскеуге қарсы тұрды. Бұл бәріне қарсы тұру деген сөз емес қой. Тіпті, КОКП ОК қатардағы хатшысына да қарсы тұра алмайтын.
Қабылбаевқа қарсы қылмыстық іс ҚазКСР-і ҚК 145-бабымен қозғалған еді. Ол баптың мәні биліктің әрекетсіздігі немесе қызметке салғырт қарағаны үшін болатын. Тергеуші мұндай қаулыны 1960 жылғы 1 наурызда шығарады. Ешқандай дәлелсіз жаппай қару қолдануға келісім берді деп айыптайды.
Алғашқыдай емес, Орталық жұмсарайын деді. Бұйрық берді демейді, қару қолдануға келісім берді дейді. Бұл Теміртау оқиғасынан кейін жеті ай өткеннен кейінгі жайт.
Осы жерде назарды мынаған аудара кетейік. Қозғалған қылмыстық істің өн бойында Теміртау оқиғасы жаппай тәртіпсіздік (массовые беспорядки) деп аталады.
4 тамыз күні Л.И. Брежневтің және Н.И. Беляевтің қатысуымен Қазақстан Магниткасының партактиві өтеді. Сонда аталған оқиға бүлік деп бағаланады. Оған қатысушылар бүлікшілдер деп айыпталды.
Сонымен бұйрықты кім берді? Айыптау қорытындысына үңілейік. «Әмбебап дүкенді қоршап тұрған әскерилер ешқандай нақты тапсырмалары болмағандықтан, бытырап, өз беттерімен әрекет еткен, солдаттар мен курсанттар командирлерінен үлгі алып, аспанға оқ атқан». (1-т. 39-40, 70-71-ж.і.; 3-т. 8, 33, 45-46, 61-64, 76, 142-ж.і.; 4-т. 64, 76-77, 83, 128-ж.і.)
Куә С.А. Аванесов (Теміртау қалалық военкомы) 20.11.60 жылғы жауап алуда былай көрсетті:
«...шеп құрған әскерилер жағынан ретсіз атыс үзілген жоқ. Командалар берілмеді ...солдаттар өздерімен өздері болды. Атыстың дыбысынан атыс патрондарымен атқаны байқалып тұрды. Ал көп ұзамай жауынгерлік патрондармен өрт сөндіру машинасын атқылағанда, винтовкамен, автоматпен атқанды естігенде, біз тағы да оған көз жеткіздік...
Мен Любыхқа таң атқанша тонаушыларды әмбебап дүкеннен алып шығару керек, ол үшін әмбебап дүкенге қандай да бір топты енгізу керек... Одан кейін дүкенге қарулы күзет қойып, атысты тоқтатып, солдаттарды әмбебап дүкеннің қасынан алып кету керек деп кеңес бердім.
Бұл ұсыныстарды, алайда, Любых қабылдамады...» (2-т. 114-ж.і.)
Куә В.Я. Моосквин былай деп көрсетті:
«Атыс көп болды, әсіресе жиын топты әрі қарай ығыстыру керек болғанда. Әсіресе атыс конвойлық күзет солдаттары келгеннен кейін күшейіп кетті... Ату кезінде мен ешқандай командаларды естіген жоқпын, бұның бәрі қолында қаруы бар барлық азаматтардың қалауы бойынша істелінді». (3-т. 33-ж.і.)
1959 жылғы 12 қазанда жауап алғанда, куә М.А. Запевалин (Қарағанды облысы ІІБ ҚОБ бастығы) басқару төмен деңгейде ұйымдастырылғандықтан және «топтарды басқарған офицерлер арасында және солдаттардың арасында тәртіп төмен болғандықтан, ретсіз оқ ату орын алды.., кім қашан атқысы келсе, сол атты» деп көрсетті. (4-т. 12-ж.і.)
Куә Ф.И. Камышный былай деп көрсетті:
«Әмбебап дүкеннің қасында атыс көп болды және де басында ол ретсіз болды». (1-т. 138-ж.і.)
Куә Н.И. Удодов 1959 жылғы 24 қазанда жауап алуда былай деді:
«...Солдаттар жолдың қиылысында алдындағы үйлердің қасына тоқтады, ал қарсы бетте жолдың мына жағында жиын топ тұрды. Біз осылай бір сағаттан артық тұрдық. Жиын топтан солдаттардың атына түрлі-түрлі қорлау сөздер айтылып жатты. Осы арада бір рет мылтықтың дауысы шықты, ал соңынан барлық сарбаздар ата бастады. Жиын топ шегіне бастады, ал сарбаздар арттарынан еріп, қалашықтан төбеге қарай қуып шықты... Сарбаздарға оқ ату туралы ешкім команда берген жоқ. Олар өздері мылтықтың дауысын естіп, оқ жаудыра бастады». (4-т. 114-115-ж.і.)
Осы айыптау қорытындысына қарасақ, әскерилерге де, милицияға да ешкім ашық түрде жаппай оқ ату жөнінде бұйрық бермеген. Алдымен біреуі өзі, болмаса қорқыту мақсатында оқ шығарған. Ол аспанға атқан. Әр жағы белгілі. Сонан жамыраған...
Енді тергеуші Грековтың сауалдарына берген Қабылбаевтың ұтқыр жауаптарын да келтіре кетейік.
Греков: Признаете ли себя виновным в предъявленном обвинение? (Бұл жерде сөз ҚазСКСР ҚК 145-бабының 2-тармағы жөнінде болып отыр)
Қабылбаев: ...Я ответил Любых, что оружие применять нельзя и приказал ему обеспечить порядок без применения оружия...
...Более того я запретил Любых стрелять даже вверх, чтобы эта стрельба не могла быть использована в провокационных целях бесчинствовавшими...
Жауабының соңында Ш. Қабылбаев былай дейді: ...Министерство внутренних дел Казахской ССР не является руководящим и директивным органом по отношении Карагандинского обкома партии. Следовательно Исаеву, как секретарю обкома, не требовалось мое согласие как министра внутренных дел республики на применение оружия. Ему было известно, что по таким вопросам он должен был обратиться в ЦК КП Казахстана или в ЦК КПСС.
Алпыс жыл бойы елді сансыратқан сауалға Ш. Қабылбаев осыдан алпыс жыл бұрын осылайша жауап берген екен. Өкініштісі, бұл жауап хаттамадан ұзамаған, жариялылыққа жол берілмеген. Қасақана, әрине...
Ш. Қабылбаев мемлекет қайраткері ғана емес, үлкен саясаткер де еді. Соған орай ол тергеу барысында барынша сабырлық танытты. Сол уақыттағы жағдаймен қабыспайтын өз пікірін іште ұстауға ұмтылды. Қалай да «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жағдайды ойластырды. Жалған жаладан қорғану оңайға түскен жоқ, білімді, тегеурінді генерал сотта қасқайып тұрып істің ақиқатын айтты. Қабылбаев та, Любых та толығымен ақталды. Кейін Ш. Қабылбаев өз жұмысына қайта оралды. Л.И. Брежневтің қолдауымен генерал-лейтенант шеніне дейін жетті. 1967 жылы екінші мәрте Қазақстан ішкі істер министрі болып қайта тағайындалды.
Тағы бір назар аударатын нәрсе, үкімде былай делінген «Ответственность за последствия применения боевого оружия вечером 3 августа 1959 года должны нести непосредственно те лица, которые допустили его применение».
Өкінішке қарай нақты кінәлі адамдар анықталмады. Анықтауға ұмтылыс та байқалмады. Ондай талпынысты алпыс жылдан кейін жасап отырған біздің түріміз осы. Біз де ешкімді түстемедік. Біздер қолымыздағы материал бойынша ғана жұмыс істедік. Ал негізгі материалдар әрине құпия грифімен мұрағаттарда құндақтаулы жатыр. Оларды әсіресе құқықтанушыларымыз бен тариxшыларымыз талдаудан өткізіп, сол кездегі алып құрылыстағы әлеуметтік-тұрмыстық және құқықтық мәселелердің себептері мен салдарына баға береді деп сенеміз.
Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
запастағы полиция
генерал-майоры, профессор,
Төрехан МАЙБАС,
жазушы